Өзге тілді артық көретіндер арамызда әлі де аз емес

24.07.2019
Қаралды: 135

Әр күні барып газет  сататын дүңгершектен  газет-жорнал  аламын. Бір  күні  сол  дүңгіршектерге  бара  жатсам,  бір әйел  кісі қол  көтерді. Баратын  жері жолымда болса ала кетейін деп тоқтай  қалдым.

 

Ол кісінің баратын жағы мен келе  жатқан бағытта екен, отырғызып алдым. Өзі әңгімешіл кісі сияқты, отырғаннан  мені әңгімеге  тартты. Мен  өзімнің  зейнет  жасында екенімді  айтып: «Қазір  қолым  бос, көбіне газет-жорнал оқимын», – дедім.

 

Ол  кісі көп жылдар ұстаздық  етіп, содан зейнеткерлікке  шыққан, күйеуі  де көп жылдар ішкі істер мекемесінде қызмет істеп, отставкаға  шығыпты. Көбіне шет елде демаламыз  дегенді айтты. Балалары да шет елде оқып, қазір сол жерде қызмет істейді екен. Олардың орыс, ағылшын, француз  тілдерінде өте  сауатты екенін айтты. Мен: «Қазақ  тіліне ше?» – дедім. Ол кісі: «Сол жақтан келген соң үйренді, аздап», – деді. Мен ол кісіге: «Қалай сонда? Өз ана тілін білмей, өз елін қалай таныстырады? Өз ана тілінің  қуатын, әсемдігін қалай жеткізеді?» – дедім. Ол кісі аз ғана үндемей тұрып: «Орысшалап  жеткізетін шығар», – деді. «Ағылшындар біздің  елге қызығып, қазақ  тілін білгісі келетін болса, оны  да орыс тілі арқылы түсіндіре ме?» – дедім. Ол  кісі шынында да сасайын деді. «Ол  жағын ойламаппыз», – деді.

 

Мәссаған! Зейнет жасына жеткенше өз ана тілінің  құдіретін білмеген адамның бала-шағасынан не үміт, не қайыр?!

 

Әңгімеміз көпке созылар ма еді, ол кісінің баратын жеріне келіп қалыппыз. Жолаушым сол жерден түсіп қалды да, мен ары қарай өз жөніме кеттім.

 

Айтқандай ол  кісілер Өскемен жақтан екен. Бірақ кім қай жерден болса да,өз ана тілін білуі парыз деп ойлаймын. Әрине, сауатты болғаны дұрыс.

 

Сонда деймін-ау, сауаттылық  орыс тілі мен ағылшын тілін білгенге байланысты ма екен? Қазақ тіліне  жетік адамдар сауатсыз деп кім айтты?

 

Арамызда сол сияқты  түсініктегі адамдар  да бар екен.         

        

Дүйсенбек ӘЙТЕН.

Астана қаласы.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ