Құқық қорғаушыларға үндеу жариялаған жігіт

24.07.2019
Қаралды: 167

Жуырда қоғам белсендісі Нұржан Мұхаммедов Шымкент қаласы әкімдігінің алдында жалғыз өзі пикет өткізді. Осыған байланысты біз ол кісінің өзімен тілдескен едік.

 

«2018 жылғы желтоқсанның 26-сынан 27-сіне қараған түні «Айқап» шағын ауданындағы жалдамалы дүкенімде тонау әрекеті орын алған еді, – дейді ол. – Өзіміз дүкеннің артында пәтер жалдап тұратынбыз, таңғы уақытта жаңажылдық отырыстан қайтып келе жатқан екі мұғалім жігіт қақпаны қағып, дүкенге ұры түскенін айтты. Қылмыскер темір торды сындырып, дүкеннен тауар ұрлаған, терминалға зақым келтіріп қашып кеткен. Полиция шақырғанымызда олар саусақ іздерін алды, бәрін тіркеді. Сөйтіп өздері хабарласатындарын айтып, кетіп қалды.

 

Содан екі ай уақыт өтті. Ол екі арада ешқандай іс жүргізілген жоқ, бізге де ешкім хабарласпады. Өзіміз тергеушіге бірнеше рет қоңырау шалдық, бардық та, бірақ ешқандай нәтиже болмады. Одан кейін Шымкент қалалық полиция департаментінің басшысының қабылдауында да болдым. Ол кісі қарамағындағыларға қылмыскерді табуға екі апта уақыт белгілеп, тапсырма берді. Кейін қалалық әкімдіктегі ішкі саясат бөлімінің бастығына барып, мән-жайды жеткіздім.

 

Кейіннен Әл-Фараби аудандық ішкі істер бөлімінің қызметкерлері ұрыны таптық деп шақырған соң барсақ: «Ұрлық жасаған адам қылмысын мойындады. Кассадан 50 мың теңге мен екі блок темекі алыпты», – деп бір қазақ жігіттің есімін айтады. Мен олардың жалған айтып тұрғанын түсіндім.

 

«Біріншіден, дүкенге түскен адам қазақ емес. Ұры қашып бара жатқанда мұғалімдер оның бет-жүзін көріп қалған. Айтуларынша, өзбек ұлтынан секілді. Екіншіден, мен темекі сатпаймын, дүкен мектепке қарама-қарсы тұрған соң оған рұқсат жоқ. Ол ұры сонда екі блок темекіні қайдан алыпты?» – дедім. Ұрыны көрсетіңдер десем, түрлі сылтаулар айтып, ол талабымызды да орындамады.

 

Өтіріктері әшкере болған соң мен департамент бас­тығына қайта баратынымды айтып кетіп қалған едім. Ертесіне ондағылар ұрыны тапқандарын айтып, сүйінші сұрап қайта хабарласты. «Көрген адамдарды жіберіңіз», – деді. Ұрыны көріп қалған мұғалім жігіттер барған кезде оларға тек: «Мыналардың қайсысы?» – деп бес адамның суретін көрсеткен. Олар ұқсатқан біреуді шамалап нұсқаған. Содан кейін ешқандай шаралар, тергеу де, сот та болған жоқ. Хабарлассақ, «қамауда жатыр» дегеннен басқа ештеңе естімейміз. «Тергеу де, сот та болмаса ол қалай қамауда жатады? Қайдан білесіңдер, бәлкім мен оны кешіретін шығармын?» – деген сөзіме де нақты жауап болмады.

 

Содан бері жеті ай уақыт өтті. Құқық қорғау саласынан нәтиже көрмегеннен кейін мен Шымкент қаласы әкімінің, Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың назарын аударғым келді. Оларға солай өзімнің мәселемді жеткізбек болдым. Содан қала әкімдігінің алдына барып,  халықпен жұмыс істей алмайтындардың орнын босатуын талап еттім. Заң бойынша мен өз ойымды ашық айтуға құқылымын», – дейді ол.

 

Нұржан мырза осылай дейді. Ол полицияның ұры ұсталды дегеніне аса сенбейтінін жеткізеді.

 

Біз одан жеке өзі өткізген пикеттің соңы немен аяқталғанын сұрадық.

 

«Департаментке апарамын, сол жерде мәселеңізді шешеміз», – деп ол жерден мені полиция қызметкері алып кетті. Департаментке барған соң ондағылар: «Қазір тергеушіні де, басшыларды да шақырамыз, талқылаймыз. сыртта күте тұрыңыз», – деген болатын.

 

Бірақ олар мені жоғарғы қабатқа ертіп алып шығып, не үшін пикет жасағанымды сұрап, өзімді тергеуге алды. Өзімді айыптады. Содан соң «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» заңнамаға сәйкес, 488-баптың 1-тармағы бойынша «заңсыз пикет өткізді» деп хаттама толтырды. Ер­теңіне сот болды, сот «қайта тергелуі тиіс» деп істі кері қайтарды», – дейді Нұржан Мұхаммедов.

 

Әңгіме барысында ол полиция қызмет­кер­лері­нің әрекетіне неліктен кө­ңі­лі толмайтынын жеткіз­ді.

 

«Біздің қазіргі құқық қорғау саласы халықпен санаспай қойды. Пікірін ашық білдіріп, заңсыздықтармен күресіп жүрген азаматтарды қудалап, айып тағып жатыр. Шындықты айтып, өзінің құқығын талап еткен адамдарды қудалауда алдарына жан салмайды. Ал халықтың мүддесіне келген кезде бұлар оған салғырт қарайды.

 

Менің жағдайымда ұрыны көрген адамдар арқылы фоторобот жасап, бір айдың ішінде істі жабуға болатын еді.

 

Егер халық жиналып, наразылық туындайтындай жағдайлар бола қалса, жедел уәкілі бар, учаскелік полициясы бар, бас-аяғы сегіз адам мені бақылап, менің үйімді күн-түн торуылдап отырады. Менде несі бар? Мен барып бүлік шығарып немесе бір жерді жарып жатқан жоқпын ғой. Айтсам, шындықты айтамын. Бұлар одан да ұрлық-қарлықтың алдын алмай ма?

 

Бүгінде халық пен полицияның арасы өте алшақтап кетті. Заң бойынша құқық қорғау саласы халықтың мүддесін қорғап, қандай жағдай болмасын халықтың жағында болуы керек. Заңсыздықтармен күресуі керек», – дейді ол.

 

Осылай деген Нұржан Мұхаммедов бізге өзінің құқық қорғау саласындағыларға үндеу жариялағанын да жеткізді. Сол арқылы полиция қызметкерлеріне ой салғысы келетінін айтты.

 

Иә, наразылық дегеннің жайдан-жай туындай салмайтыны белгілі ғой. Дүкеніне түскен ұрыны тауып беруін талап еткен адамның өзін кінәлі етіп, сотқа сүйрелеп жатса, ол шырылдамағанда, ол наразы болмағанда қайтеді?

 

М. ШЫНҰЗАҚ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ