Полицейлер пәтердің терезесінен түскенін айтады

24.07.2019
Қаралды: 88

Кешегі елімізде орын алып жатқан наразылықтардан соң біраз адамның полиция қызметкерлеріне көзқарасы өзгергендей. Мысалы, таяуда әлеуметтік желілердің бірінде Ақтау қаласының тұрғыны Балжан Жанаш есімді кісі өзінің басынан өткен оқиғаны баяндап берді. Ол терезеден баса-көктеп кіріп келген полиция қызметкерлерінің қылығына наразы. Ол кісі былай дейді:  

 

«Мен жасым алпыстан асқан адаммын. 2019 жылдың ақпан айынан бері Айгүл Ақберді деген қыздың қолдаушысы болып жүр едім. Жазықсыз сотталайын деп жатқанын естіп, көмектеспек оймен оған бардым. Танысқан соң оның кінәсіз екеніне көзім жетті.

 

Содан бері үйімді полиция қызметкерлері жиі күзетеді. Мейрам, митинг, тағы да бір нәрсе бола қалса, есігімнің алдын аңдиды да тұрады. Нан алуға немесе біреуге қонаққа барғалы шықсам да сүйреп алып кетеді. Мыжыңдап бірнәрсені сұрай береді, сөйтіп үш-төрт сағат ұстайды. Үндемей-үндемей шаршадым.

 

1-мамырда да солай учаскелік полиция келіп алып кетті, күртешем жыртылды. «Не үшін әкетіп бара жатырсың? Бармаймын!» – десем де «жүріңіз» деп сүйрелей жөнелді.

 

6-шілдеде митинг болады дегенді естіп-біліп отырдым. Содан бұлар тағы маза бермейді, басқа жерге барып демалайын, сол жақта шаруаларымды істейін деп Жаңаөзен қаласына баратын болдым. Сол жақта бір-екі күнге пәтер жалдадым. Қасымда көмекші қызым бар.

 

Өзім іс тігетін болғандықтан көтерме бағада сататын базардан таңертең мата алып, үйге келіп отырғанмын. Маған саған барайықшы» деп ақтаулық таныс әйелдер хабарласты. Келіңдер дедім. Олардың келгені сол, есікті учаскелік полиция ин­спекторы қағып тұр. Мен есікті ашпай қойдым.

 

«КСК-дан» деп бір әйелді алып келді. Одан «Подъезде біреу өлген екен, мәйіт таптық» деді. Әйтеуір түрлі сылтаулар айтты. «Есікті ашпаймын, не істесеңдер, оны істеңдер! Үйдің иесін тауып келіңдер, сол кезде бір-ақ ашамын», – дедім. Енді өзім жалдап отырған пәтер, есікті ашпауға құқығым бар деп ойлаймын.

 

Бір уақытта жаңағы үйге келген әйелдермен бірге намаз оқып болып, шай ішкелі отырсақ полиция терезеден түсіп келе жатыр. Мен отырған пәтер көпқабатты үйдің екінші қабатында орналасқан. Ол барып есікті іштен ашып еді, 6-7 полицей кіріп келді. «Неге кірдіңдер?» десем, әрдеңені бір сылтау­ратады.

 

Содан мені күндіз 11.00-12.00-лер шамасында алып кетті де, кешкі сағат 20.00-ге дейін ұстады. «Мені митингте емес, үйден ұстап әкетіп отырсың. Енді қандай айып тақпақсың, қандай іс қозғамақсың?» – дедім. Қозғайтын іс жоқ. Анау деді, мынау деді, әңгімелері бітпеді. Әйтеуір бір рет тамағы мен шайын берді, оған да шүкір. Одан кейін Ақтауға қайтарды. Түнгі 24.00-ге қарай үйге келдік», – дейді ол.

 

...Балжан апа полицейлерден қашып, өз шаруа­ларымен өзге қалада айналысайын десе де олардың осылайша мүмкіндік бермегенін айтады. 

 

«Сонда бұлар мені митинге қатысады деп қорыққанынан осылай алып кетуге келіп тұр ғой. Ал мен жасым бәленбайға келгенде сүйремесін деп өз құқығымды қорғау үшін олардан басқа қалаға қашып келіп отырмын. Олар терезеден кіріп, заңсыз әрекет жасауда. Қылмыскерлерге де олай жасамайтын шығар. Сұмдық қой! Айдың-күннің аманында, заман тынышта осындай әрекетке барды. Айтатын сөздерінің бәрі өтірік. Бұлар шаш ал десе, бас алған не қылған адамдар?!

 

Мен барлық полицияны жамандап отырғаным жоқ, олардың ішінде халық үшін қызмет істеп жүрген азаматтар да бар. Бірақ мынадай сорақылықты өз көзіммен көрдім. 

 

Қазір көп заңсыздықтар орын алып жатыр. Мен жалпы саясаттың адамы емес едім. Мені саяси іске араласуға мәжбүр еткен – полицияның адамдары. Мен енді өз құқығымды қорғаймын. Мені сая­саткер қылған сендерсіңдер, полицей мырзалар!» – дейді Балжан апа.

 

Ақтаулық апа осылай деп ашынады. Расында да полиция қызметкерлерінің жасы 60-тан асқан адамға жасаған бұл ісі қаншалықты заңды?

 

М. БИБОЛ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ