Президенттен әйелдердің зейнеткерлік жасын қайта қарауды сұрайды

22.07.2019
Қаралды: 254

Елімізде әйелдердің зейнеткерлікке шығу мерзімін ерлердікімен теңестіріп, 63 жасқа жеткізуге қатысты Заң шыққаны, оның қазір қолданыста екені белгілі. Ал оған көп­шілік жұрт әу бастан қарсы болған еді. Қазір де оның әйелдерге ауырлық ететінін айтып жүргендер аз емес. Таяуда сондай жандардың бірі Президент Қасым-Жомарт Тоқа­евқа әлеуметтік желі арқылы өтініш жолдады. Ол кісі былай деп жазды:

 

«Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаев­қа.

 

Өтініш

 

Құрметті Президент! Қазақстанда  өмір сүріп жат­қан біздер, аналар, кейінгі уақыттағы өзгеріске енген  заңдағы әйелдердің зейнетке шығу жасы 63 жас деген ұйғарымға түбегейлі қарсымыз. Өйткені қазір 50 жастағы әйелді ешбір жұмыс орны жұмысқа қабылдағысы келмейді. Халықтың көбі жалдамалы жұмыста. Не жұмыс жоқ, не зейнетақы қорында ақшасы жоқ аналар саны көз сүріндіреді. Көптеген аналар жұмыс таба алмай, балаларына жалынып, балаларынан тиын-тебен алып жекеменшік,  еш жерде жұмыс жасамайтын  «ИП»-лар ашып, оған ең төменгі жалақымен тиын-тебен салып отыр. Ол  болашақта тиынсыз қалып, аштан өлмеудің бір амалы. Аз көлемде болса да қартайғанда пенсия алып, бір бөлке нан мен дәрі-дәрмегіне қажет болар деген лажсыздықтан, шарасыздықтан туған бір айла, бір өлместік, бір күнкөріс түрі.

 

Негізі мұғалімдер қартайғанда көп сөйлейді деген әңгіме ел ішінде кеңінен тараған. Оны ешкім жоққа да шығара алмайды. Ал сол мұғалім 63 немесе 60  жаста 45 минут сабақ өткенде оқушы оны қалай қабылдайды? Өзім педагог болғандықтан бұл жайлы 100 пайыз өз ойымды қосып отырмын.

 

Мұғалім, ұстаз ол кезде әже жасында болады. Әже деген – құрметті, ыстық атау. Бірақ мұғалім әженің оқушыға мазақ болары сөзсіз. Көзге ешнәрсе айтпас-ау, бірақ шындығында солай болары анық.

 

Ауыл әйелдері, ылғи ауыр жұмыс, жағдайы жасалмаған ауыл әйелі сол  63-ке жете ала ма? Жеткенде де  жұмысқа жарай ма? Оларды қай жеке жұмыс орындары жұмысқа қабылдайды?

 

Құрметті Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев! Аналардың зейнеткерлік жасы қайта қаралсын. Сол 55 жас – аналар үшін жағдайлы жас.

 

Көрші өзбек мемлекетіндегі аналар 50 мен 55  жас­тан пенсияға кетеді екен. Ал біздің қазақ аналарының құны соншалықты төмен болғаны ма? Барлық аналар бірдей креслода, билік орындарда, көлеңкедегі жұмсақ орында жұмыс істеп жүрген жоқ қой.

 

Құрметті Президент Қ.Тоқаев мырза, аналар зарына  құлақ түріп, аналар өтінішін тыңдап, аналар арманын орындасаңыз екен! Өзгермейтін қатал заң ол – Алла  шығарған заң,  өлім ғана. Ал қалғандарын өзгерту тек  сіздің қолыңызда. Алладан кейінгі сүйенеріміз сіз болған соң сізге жалынып отырмыз.

 

Зейнетақы  заңына өзгерту жасаңыз, өтініш. Бейбіт шеру, не арыз айту шеруі кімге керек, егер халық өтініші тыңдалып, орындалып жатса?

 

Өтінішпен  сізден көмек сұрап отырған миллиондаған ананың бірі – мен,  Айдана Балтабаева».

 

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа арнаған сөзінде Айдана Балтабаева осылай дейді. Ол өз хатының соңын: «Менің өтінішіме қосылып, қолдайтын азаматтар болса, лайк басып отырыңыздар. Елдігімізді, бірлігімізді, барлығымызды білдірейік, отандастар! Таратуға рұқсат, менің өтінішіме қосыламын деушілердің бәрі оқып, біліп, пікірлерін қоссын, ойларын айтсын», – деп аяқтаған.

 

Н. ӘБДІ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ