Жұртшылық Серікжан Біләшқа бостандық берілуін талап етуде

22.07.2019
Қаралды: 185

Қытайда қысым көріп жатқан жергілікті қазақтардың құқын қорғап жүрген Серікжан Біләштің биылғы наурыз айында «ұлт араздығын қоздырды», «жиһадқа шақырды» деген күдікпен қамауға алынғаны белгілі. Алғашында екі айға «үй қамағына» алынған оның бас еркі шектелгеніне қазір бесінші ай болып барады.

 

Осыған орай Серікжан Біләшқа ара түсіп, бостандық берілуін талап етіп жатқандар бар. Мысалы, таяуда әлеуметтік желіні белсенді тұтынушылардың бірі Қуандық Шамахайұлы мынадай үндеу жариялады:

 

«Мен, ҚР мәдениет қайраткері, халықаралық журналист, жазушы Қуандық Шамахайұлы, еліміздің құзырлы органдарынан талап ете­мін: 

 

- Адам құқын қорғаушы, Қытай компартиясы билеушілері тарапынан Шығыс Түркістан жеріндегі қазақ автономиялық өлкелерінде саяси қысымға ұшыраған қандас бауырларының шын жанашыры, бейбітшілік үшін күрескер, халық­аралық деңгейдегі танымал тұлға Серікжан Біләшұлы «үй қамағынан» босатылуға тиіс;

 

- Азамат Серікжанның қылмыс­тық іске күдікті болатындай қоғамға келтірген ешбір залалы жоқ. Ке­рісінше, Қытай органдарынан жә­бір көрген қазақтардың проблемасын әлем қауымдастығына жеткізіп, дүние жүзінің назарын қуғын-сүр­гінге ұшыраған қандастарымызға аударды. Мұның несі айып?!

 

Оны төрт ай бойы тергеген анықтаушы полицейдің өзі сотқа ұсынатын нақты дәлел таппағаны, прокуратура қызметкерлері айыптайтындай дерек келтіре алмай отырғаны астанада өткен бірнеше сотта дүйім жұрттың алдында әш­кере болды. Сондай-ақ арыз жазды делінген жәбірленушінің де кім екені әлі күнге дейін көпке бей­мәлім күйінде қалып отыр.

 

Бұл жағдай қазіргі сәтте әлемнің ақпарат алпауыттары мен халық­аралық ұйымдардың жіті назарында. Гарвард университеті мен Массачусетс технология универси­тетінің ғалымдары Серікжанды Бейбітшілік жөніндегі Альфред Нобель сыйлығына лайық деп танығаны туралы ақпарат бар. Норвегия елінің белді ақпарат құралдары да ол туралы мақалалар жариялаған. Олай болса, біздің тергеуші органдар мен айыптаушы мекемелер үшін Серікжан Біләшұлын ары қарай «үй қамағында» ұстап, сес көрсетіп, қылмыстық істі ойдан құрастырғандай әрекет жасаулары – өздерін халық алдында қарабет етуден өзге ештеңе де емес. Серікжанға бостандық берген абзал деп білеміз.

 

Қуандық ШАМАХАЙҰЛЫ».

 

Ал Қуандық Шамахайұлының үндеуіне байланысты жұртшылық төмендегідей пікірлерін білдіріп жатыр.

 

Қалбай Әділов: Бұл не масқара?! Қазақ мүддесін қорғағаны үшін қазақ түрмесінде отырғаны биліктің бетпердесін ашып берді. Ұйғырлар да наразылық білдіріп жатыр. Әлем араласып жатыр. Бізде бұған кім кінәлі? Билік кімнің қолында?

 

Мұратхан Орынтайұлы: Қолдаймыз! Бостандық!

 

Айгүл Айқынбаева: Қазақ тағдыры үшін күрескен адамды түрмеге жабу, жала-құла ұйымдас­тыру –  қазақтың нағыз жауының ісі.

 

Марат Япасхан: Қазағым деп жар құлағы жастыққа тимей халық­аралық ұйымдардан араша сұрап жүрген азаматтың өз елінде, өз жерінде өз қазағына араша түскені үшін айыпты болғаны өте өкінішті. Қазақ елі қандай екенімізді әлем алдында үш рет дәлелдеп бердік.

 

1. Сайрагүл Сауытбай.

2. Президент сайлауы.

3. Серікжан Біләш.

 

Біздің елде демократия ма, әлде диктатура ма? Қазақ ұлтының қай қоғамда өмір сүріп отырғанын әлем көрді, білді.

 

Bates Urazalіeva: Серікжан­ның еш кінәсі жоқ. Бостандық талап етемін!

 

Құдабай Хояш: Қуандық Шамахайұлы өте орынды ұсыныс жасап отыр. Серікжан Біләштің іс-әрекетінде қылмыстық немесе әкімшілік жаза қолданатындай еш себеп жоқ екенін Қазақстан хал­қымен бірге әлем жұртшылығы бі­ліп отыр. Серікжанды «үй қамағынан» босатуды талап етеміз!

 

Азамат Шохшин:  Шырылдаған торғайға қурап тұрған қурай да пана болады. Біз сол құрлы жоқпыз ба?

 

Zhumaі Kaіrat:  Қуандық Шамахай аға, біз сізді қолдаймыз, биліктен Серікжан Біләшұлын босатуды талап етеміз! Мысықтілеу, ашық және перде артында отыр­ған қаскөйлерге бір Алла өзі жазасын берсін! Аяқтан шалушылардың орға түбінде өздері түсері анық.

 

Айнұр Тәуенова:  Серікжанға бостандық берілсін! Серікжанды қолдау – бұл қазақтың одан көсем жасап, табынуы емес. Оның еңбегін елеп, ескеруі.

 

Жеткербай Бекенов:  Серік­жан Біләшті тез арада бостандыққа шығару керек! Бұндай азаматтарға бәле жауып, қаралап, зәбір көрсету Қазақстан үкіметіне жақсы ат әпермейді. Халықаралық ұйымдардың алдында қарабет бола беру неге керек? Біләштан қылмыскер жасау аққа күйе жаққанмен бірдей емес пе? Төрт ай ішінде анықталмайтын қандай қылмыс? Арызданушы адам бар ма, болса, неге көрсетілмейді, сот­қа неге шақырылмайды? Әлде бұл ойдан құрастырылған жала ма?

 

Сараш Қоңырбаева: Серік­жан –  ұлт тағдырына немқұрайды қарамайтын қазақтың бір білімді де пайымды азаматы. Оның шындықты жеткізуде айтатын кейбір теңеулері мен эмоциясы біреу­лерге жақпайтын шығар. Дегенмен көтеріп жүрген жүгі жеңіл болған емес. Жақсылығы мен шешендігі қара басының қамынан аспайтын көп «диван-батырлардан» көш ілгері. Ол – ұлты үшін аянбайтын этнос субъектісі. Біз мұны мойындауымыз керек. Қазір мойындамасақ та кейін мойындалады.

 

Альберт Мұрсалимов: Босату керек!

 

Қуанар Шамахай:  Әлем таныған Серікжанды Қытай үшін қамауда ұстау – қазаққа ұят. Серікжан Біләшұлына бостандық берілсін!

 

Құрмет Тырнахан: Қолдаймыз! Босатылсын!

 

P.S. 12-шілде күні Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларында Серікжан Біләшке бостандық берілуін талап еткен екі пикет өткізілді. Жұртшылық құқық қорғаушының қамақтан шартсыз босатылуын талап етті, егер талап орындалмаса, ереуілге шығатындарын мәлімдеді.

 

Алматы қаласындағы пикетті 1986 жылғы «Желтоқсан көтері­лісіне» қатысушылар ұйымдастырды. Олар  сол кездегі жастар жиналған алаңға «Серікжан – ұлт ба­тыры!», «Серікжанды қорлау – қа­зақты қорлау!» деген сияқты жазулары бар плакаттар алып шықты.

 

Ал Нұр-Сұлтан қаласындағы пикет осындағы «Атажұрт ерік­тілері» ұйымы мүшелерінің ұйымдастыруымен болып өтті. Президент Әкімшілігі ғимаратының жанына жиналғандар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына арыз өткізді. Олар  Серікжан Біләшті ешқандай шартсыз бостандыққа шығаруды талап етті, егер оны 10-тамызға дейін босатпаса, тұтас Қазақстан бойынша ереуілге шығамыз деп мәлімдеді.

 

Н. ӘБДІ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ