Арыстағы ахуал қандай?

22.07.2019
Қаралды: 214

Түркістан облысының Арыс қаласында оқ-дәрі жарылысынан кейінгі қалпына келтіру жұмыстары жалғасуда. Облыс әкімінің баспасөз қызметі бұл жөнінде мәліметтерді тұрақты түрде жариялап жатыр.

 

Тұрғындарына 100 мың теңгеден өтемақы беріледі

 

Арыс қаласындағы төтенше жағдайға байланысты 100 мың теңге өтемақы беру бойынша түрлі сауалдар туындауда. Көрші елді мекен тұрғындарынан сұрақтар келіп түсуде.

 

Өтемақы Үкімет бекіткен тізім бойынша беріледі. Атап айтқанда, Арыс қаласы бойынша – 44 мың 994 адам, Ақдала ауыл округінде – 4324 адам, Қожатоғай ауыл округі бойынша – 4232 адам, Дермене ауыл округінде – 2052 адам. Жалпы бірінші кезекте 55 мың 602 тұрғынға 100 мың теңгеден 5,6 миллиард теңге көлемінде өтем­ақы төлеу жоспарланып отыр.

 

Өтемақы төлеуге Үкімет резерві есебінен 3 миллиард теңге, облыстық бюджеттен 1 миллиард теңге және арнайы құрылған «Түркістан» әлеуметтік қорына түскен қаржыдан 1,6 миллиард теңге бөлінеді деп күтілуде.

 

Жергілікті тұрғындардан құжаттарды қысқа мерзімде жинауға Арыс қаласындағы 17 секторда бекітілген тиісті мамандар және аудан, қала әкімдіктерінің қызметкерлері жұмылдырылған. Олар 2019 жылдың 3-шілдесінен бастап өтемақы алуға өтініштер жинақтауда.

 

1100-ге жуық үй жөнделді 

 

Қазіргі таңда Арыс қаласында нақты 1091 үйдің жұмысы толық аяқталған. Сондай-ақ 4362 үйдің құрылыс және жөндеу жұмыстары атқарылып жатыр.

 

Арыс қаласында 8409 жеке, 104 көпқабатты тұрғын үй бар. Жарылыс кезінде мүлдем жарамсыз күйге түскені – 186 жеке және 8 көпқабатты үй. Ал зақымдағаны – 7178 жеке, 95 көпқабатты үй.

 

Жалпы 17 сектор бойынша республиканың барлық облыстарынан – 5685, аудандардан  300-ден астам жұмысшы еңбек етуде.

 

Бұдан өзге Арыс қаласындағы 14 мектеп, 2 аурухана, 28 балабақша, бірнеше мемлекеттік мекемелердің ғимараттарына зақым келген.

 

Арыс қаласында 66 әлеуметтік нысанды қалпына келтіру «Самұрық – Қазына» әл-ауқат қорына тапсырылған. Оның 54-і – білім нысандары,   8-і – денсаулық сақтау, 4-еуі – спорт нысандары. Әлеуметтік инфрақұрылым бойынша 66 нысанда құрылыс жұмыстары жүргізілуде.        

 

Сонымен қатар қаладағы 300-ге жуық кәсіпкерлік нысандар «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының ұйымдастыруымен жөндеуден өткізілетін болады. Алдағы уақытта жергілікті тұрғындарға жоғары сапалы медициналық көмек көрсету мақсатында жаңа аурухана және екі емхана бой көтереді.

 

Жұмыс түнде де жалғасып жатыр

 

Үйлерді жылдам әрі сапалы жөндеу, қалпына келтіру үшін құрылысшылар түнде де жұмыс­ты жалғастырып келеді. Мәселен, кейбір секторларда жер үйлердің шатырын жабу әрекеті түнде де толастаған жоқ.

 

Жалпы, Арыстағы құрылысқа еліміздің 14 облысы мен 3 қаласынан келген 5 мыңдай құрылысшы, 180-нен астам мердігер тартылған. Жергілікті тұрғындар да ақылы құрылыс жұмысына қабылданып жатыр. 17 секторға облыс,  қала әкімдіктерімен бірге аудан әкімдіктері де бекітілген. Олар сол сектор тұрғындарын тіркеу, құжаттарын қабылдау, гуманитарлық көмек көрсету, аумақты қоқыстан тазалау және өзге де жұмыстармен айналысуда.

 

1-секторға Атырау облысы мен Жетісай ауданы жауапты. Мұнда 482 үй бар. Жетісайлық азаматтар түнде де штаб жұмысын тоқтатпай, тұрғындарға көмек көрсетуде.

 

"Замана".

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ