Грузия мен Ресейдің ерегісі тоқтамай тұр

18.07.2019
Қаралды: 138

Грузияда өткен 20-маусымда басталған Ресейге қарсы наразылық акциялары толассыз жүріп жатыр. Жұрт бірқатар министрлердің орнынан кетуін талап етуде. Көтерілген халық пен күш құрылымдарының арасында бірнеше мәрте қақтығыс болды, жараланып, ауруханаға түсіп қалғандар бар.

 

Ал наразылық ел астанасы – Тбилисиде өткен Православтар қауымдастығы парламентаралық бас қосуынан бастау алды. Жиын кезінде ресейлік коммунист Сергей Гавриловтың Грузия Парламенті төрағасының орындығында отыруы және оның орыс тілінде сөйлеуі қызуқанды, ұлтжанды грузин­дердің ашу-ызасын тудырды. Осыны оппозиция өз мүддесіне шебер пайдаланып қалды. Жұрт жаппай наразылыққа шығып, Парламент төрағасы Ираклий Кобахидзенің, Ішкі істер ми­нистрі Георгий Гахарияның, мемлекеттік қауіпсіздік қызметінің басшысы Вахтанг Госелауридің, тағы басқа да бірқатар лауазымды шенеуніктердің қызметінен кетуін талап етті.

 

Қысқасы, Грузияның Ресеймен арасы кезекті мәрте қатты ушығып тұр. Тіпті грузин телеарналарының бірінің қыз­меткері эфирде Ресей Президенті Владимир Путинді ашықтан-ашық балағаттап та жіберді. Ал өткен 8-шілдеде Президент Путин Грузиямен арадағы әуе қатынасын тоқтату жөнінде пәрмен берді. Қазір екі ел арасында ұшақ қатынасы жоқ.

 

Ресей Грузияға бұдан басқа бағытта да санкциялар салып жатыр. Былай қарағанда ұсақ-түйек сияқты көрінетін жүзім шарабы мен минералды су экспортының тоқтатылуының өзі Грузияға аз күннің ішінде ғана қыруар шығын әкелді.

 

Грузияға шығынның көбі Ресейден туристердің бармай қалуынан келіп жатыр. Осы уақытқа дейін 200 миллион доллардан аса шығын келді. Туристік орталықтарға Грузияға билет сатпауға бұйрық берілген. Ал Үкімет Грузияда жүрген Ресей туристерін елге қайтаруда. Егер жыл соңына дейін осылай жал­ғаса берсе Грузия бюджетіне 1 миллиард долларға дейін кіріс түспей қалуы мүмкіндігін айтып дабыл көтеріп жат­қандар бар. (Ал Грузияның жалпы ішкі өнімі 15 миллиард долларды құрайды).

 

Грузияға Ресейден биыл 1 миллион 700 мың турист келеді деп межеленген болса, осы уақытқа дейін 700 мың ғана адам келген. Кешегі санкциялардан кейін олардың қатары өсуі неғайбіл болып отыр.

 

Осы орайда Грузия туристерін жібере ме деп өзімен шекаралас бірқатар елдерге елеңдеуде. Дегенмен АҚШ пен Иран арасындағы текетірестің кез келген уақытта соғысқа ұласып кетуінен қауіптенген көзі ашық туристер Грузиядан гөрі басқа елдерге барғанды артық көріп отырған жайы бар.

 

Ал Грузияға баратын қазақстандық туристер қатары жылдан-жылға артып отыр екен. Алайда біздің азаматтардан Грузия қоржынына түсетін қаржы аса көп бола қоймайтын сияқты.

 

Бүгінде Грузияда да, Ресейде де қарым-қатынасты тезірек жөнге келтіруге мүдделі топтар бар. Солар дұрыс әрекет етсе, мүмкін бұл елдердің ерегісі басылып, жөнге келіп те қалар, кім біледі...

 

"Замана".

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ