«Теңіз» терең ойға қалдырды

18.07.2019
Қаралды: 205

Таяуда Атырау облысының «Теңіз» кенішінде болған жағдай мені терең ойға қалдырды. Ондағы жұрттың наразылық себебі белгілі: жалақы шетелдіктерден аз төленеді, жұмыс жағдайы ауыр, шеттетіп, шекесінен қарау бар.

 

Ал шетелдікті сабап жөнге келтіре алмаймыз. Ең дұрысы – біз мұнай-газ саласында жұмыс істейтін кәсіби мамандарды көбейтуіміз керек. Ол үшін орта арнаулы оқу орындары жұмыс істегені дұрыс.

 

Кеңестік кезеңде кәсіптік-техникалық училище дегендер болушы еді. Жастарды мемлекет есебінен оқытып, киіндіріп, тамағына дейін шығынын өзі көтеретін. Өндірістік тәжірибеден өткізетін, оқу бітіргесін арнайы жолдамамен өндіріс орындарына жіберіп, орналастыратын. Оған қатардағы жұмысшы болып барған жастардан кейін көптеген басшылар өсіп шықты. Сол кезде шетелдік жұмыс күшіне ешкім де кіріптар емес еді.

 

Ал қазір өз мамандарымызды дұрыс даярлай алмай жатырмыз. Сондықтан да еліміздегі шетелдік компаниялардың басшылық, инженерлік-техникалық қыз­меттерінде өз мамандары істейді. Өз елінен жырақта жүргесін оларға жағдай жасалады, жалақы жақсы төленеді. Ал қара жұмыста жүрген жергіліктілермен ешкім санаспайды. Осының соңы келіп «Теңіздегідей» толқуға апарып соғады.

 

Айтайын дегенім: Бізде өзіміздің мықты мамандар болса, еліміздегі шетелдік компанияларда солар да қызмет істеп, шетелдікпен бәсекелесе алар еді. Кеніштер мен зауыт-фабрикаларда өзіміздің қаракөздер басшылық қызметте жүрсе, кешегіндей төбелестер болмас еді деп ойлаймын.

 

Жалпы, Қазақстанда оқу орындарын бір сүзгіден өткізіп, қажет мамандарды ғана даярлайтын ету керек. Әйтпесе қазір жастардан обал, қыруар шығынға батып оқиды, бірақ алған дипломдарын құшақтап, қажетті маман дәрежесіне жете алмай жүр.

 

Осы орайда ата-аналарға балаларыңызды заманауи, техникалық мамандықтарға көбірек оқытыңыздар дегім келеді. Ал мемлекет өз мамандарымызды көптеп даярлауға стратегиялық маңызды мәселе ретінде қарағаны абзал.

 

Б. РЫСҚҰЛ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ