Прокуратура неге үнсіз?

18.07.2019
Қаралды: 142

«Замана» газетінің редакциясына Түркістан облысының Бәйдібек ауданындағы Қошқарата ауылынан Марина Айнабекова есімді әйел (суретте) шағымданып келді. Ол кісі ауылдарындағы мектеп директорымен ренжісіп жүр екен.

 

Биылғы мамыр айында аудан прокуратурасына арыз түсіргендерін, бірақ оған жауап келмей отыр­ғанын айтты. «Бұл жөнінде газеттеріңізде жазып, осы мәселені қадағалауға алуларыңызды сұраймын», – дейді М.Айнабекова.

 

Марина Айнабекова аталған мектепте орыс тілі пәнінен сабақ береді екен. Өзі 6 баланың анасы, балаларының бәрі де кәмелет жасына толмаған. Отағасы мектепте қарауыл болып істейді, Маринаның айтуынша, ол бүгінде қыстың қамын ойлап, шөп жинау науқанында жүр.

 

«Мектеп директоры балаларымның құқын бұзды, – дейді М.Айнабекова. – Бір қызым ауылда оқитын болса да бізбен келіспестен құжаттарын Жамбыл облысындағы Жуалы орта мектебіне жіберіпті. Оның не үшін істелгенін біз дәлелдедік. Бұл жөнінде аудандық білім бөліміне жазғанбыз. Директор өзінің кінәсін мойындады, бірақ оған ешқандай да шара қолданылған жоқ.

 

Директор бізбен дөрекі түрде сөйлеседі. Оның заңсыз істері үшін мектептегі 21 мұғалімнің жартысы шағымданған едік, аудандық білім бөлімі араға түсіп, бізді татуластырмақ болды. Біз директордың өз кінәсін мойындап, кешірім сұрауын талап еттік. Ол кінәсін мойындады, бізден кешірім сұрады. Бірақ өзгерген жоқ. Біз жазған арызымызды қайтарып алғаннан кейін бұрынғы әдетіне басты.

 

Менің 9-сыныптағы ұлым спортпен айналысатын еді, еркін күрестен Қазақстан чемпионы болған, Әлем чемпионатына қатысқан. Директор маған ерегісіп, оны жаттығуларға қатыстырмай, мектептен әкетуімді талап етті. Оны Ақтас ауылындағы мектепке беруге мәжбүр болдық. Екі ара 30 шақырымдай жер, көлік болмай қалған кездері балам оған жаяу қатынап жүрді. Ал такси 500-1000 теңге ақы алады. Қыста күн қысқа, таңғы 6-7-де қараңғы болып тұрады, мектепке ерте кеткен баланы ол үйге оралғанша уайымдап отырамыз.

 

Мені қатты уайымдататыны – баланың мінезі өзгеруі. Бірде сыныптастары мектепке шақырғасын барса, оны директор кіргізбей жіберіпті. Ол әділетсіздігі үшін директорды қатты жек көріп кетті. Баламның мүмкіндігі шектеулі, құлағы 80 пайыз естімейді. Оған жаңа ортаға үйрену оңай болған жоқ. Оның үстіне психологтардан «мұндай ерекшелігі бар балалардың көңіл-күйі қалыпты болуы маңызды, олай болмаса, ренжісе, әділетсіздік көрсе қатты тұйықтанып, ешкіммен араласпай кетеді, жек көріп кетеді» дегенді естігенмін, сол да маған уайым болды.

 

Менің ауылдан арнайы сіздерге келуімнің себебі осы. Бұл жағдайды қадағалауға алсаңыздар екен. Аудандық прокуратураға жазған шағымымызға әлі де жауап келген жоқ. Директор болса, өз кінәсін сезінудің орнына ерегісіп, осындай істер жасап отыр».

 

Міне, редакциямызға арнайы келген Марина Айнабекова осылай дейді. Ол бізге арызын қалдырды.

 

Осы орайда Бәйдібек аудандық прокуратурасындағы азаматтар Қошқарата ауылы тұрғындарының арызын дұрыстап қарап, тиісті қорытынды шығарады деген үміттеміз. Өйткені ол арызда жоғарыда атал­ғаннан бөлек, бірнеше пункттен тұратын жайлар айтылған екен. Біз бұл мәселені назарда ұстайтын боламыз.

 

Д. НҰРПЕЙІС.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ