«Талпын, жастар!» бірлестігінің өкілі Еуропада жүр

18.07.2019
Қаралды: 468

Қытайдан қысым көрді деген қандастарымыздың құқығын қорғап келген «Атажұрт еріктілері» ұйымының жұмысы оның жетекшісі Серікжан Біләш қамауға алынғалы бері біршама саябырсып қалған болатын.

 

«Атажұрттықтар» көтерген мәселе жылы жабылып қалмас үшін бірнеше белсенді осы істі ары қарай жалғастыруды жөн деп тапты. Соның нә­тижесінде «Талпын, жастар!» қоғамдық бірлестігі құрылды. Аталған бірлестік туралы толығырақ білмек ниетте оның мүшесі Гаухар Құрманалиевамен тілдескен едік.  

 

«Мен «Атажұрт еріктілерінде» ерікті болып бір жыл жұмыс істедім. Өзімнің Асқар Азатбек деген туысымды 2017 жылдың желтоқсанында Қытайда қамауға алған соң арызданған болатынмын. Осындай сұмдықтың болып жатқанын сол кезде білдім. Содан бері «қайтсем де қазағыма көмектесуім керек» деген оймен тоқтаған жоқпын. Міне, 1 жыл 7 ай болды, туысым әлі Қытайда қамауда отыр. 

 

2016 жылдан басталған Қытай компартиясының геноцидтік саясатын құқық қорғаушы С. Біләш бүкіл әлемге жеткізді. 2019 жылы 10-наурызда оны ұстап әкетіп, ол «үй қамаққа» алынды, кеңсесі жабылды. Осыдан соң «Талпын, жастар!» қоғамдық бірлестігі құрылып, 2019 жылы 11-сәуірде заңды түрде тіркелді. Қазіргі таңда оның жетекшісі – Гүлжан Тоқтасынқызы. Бүгінде бірлестікте заңды түрде он адам тіркелген. Сонымен қатар сырттай атсалысып жүрген азаматтарымыз да бар», – дейді Гаухар ханым. 

 

«Талпын, жастар!» өзі құрылғалы бері аз шаруа атқармапты. Біз тілдескен уақытта ол кісі шетелде жүргенін айтты. Сондағы БАҚ өкілдеріне қиналған қандастарымыздың жай-күйін жеткізбек екен.

 

«Атажұрт еріктілерінің» кеңсесі жабылған соң жазылған арыздардан, дәлелдерден, бірталай ақпараттардан айырылып қалған едік. Содан соң біз ауыл-ауылдарды, үй-үйді аралап, Қытай түрмесінде қорлық көріп жатқан, сотталып кеткен қазақтардың мәліметін жинадық. Бұл бізге оңайға соқпады. Себебі қазіргі таңда қандастарымыз да арыз беруге қорқады, сондықтан көбісі бас тартты. Десе де мыңға жуық арыз жинақтап, оны ағылшын тіліне аудардық. Сол жиналғандарды фото-видео дәлелдерімен бірге Еуропаға әкелдім. Мұнда көптеген журналистермен кездестім. Соның ішінде тайвандық тілшілерге де бүкіл ақпараттарды бердім. Одан кейін «Франция 24» («France 24») телеарнасының кеңсесіне барып, журналистерімен тілдестім. Журналистер әлемдік деңгейде көтереміз деді. Алдағы апталарда тағы да үлкен кездесулер күтіп отырмын.

 

Менің Еуропаға келгендегі мақсатым – қолдағы нақты дәлелдер арқылы Қытайдағы қазақтарды қорғау. Бельгияның Брюссель қаласындағы Еуро­парламенттің алдында өз наразылығымды білдіру мақсатында «Қытайдағы қазақтарға бостандық бе­рілсін! Қытай геноциды жойылсын!» деп қолыма лозунг алып, бір сағат тұрдым. Әйтеуір қайтсек те осы концлагерьдің жабылуына күш салып, жазықсыз сотталып отырған жандарды босатсақ дейміз.

 

Негізі мұның бәрін Қытай билігі мойындамай отыр. Басында олар «саяси үйрену лагері жоқ» деді, кейіннен бұл лагерьлерді жақсы қырынан көрсетуге тырысты. Біз осы концлагерьлерде жазықсыз адамдардың отырғанын дәлелдегіміз, әшкерелегіміз келеді. Өзге мақсат жоқ. «Талпын, жастар!» қоғамдық бірлестігі Қытай билігінің қылмысын, фашистік геноцидін халықаралық деңгейде мойындатуға жұмыс істеп жатыр», – дейді Гаухар.

 

Ол кісі елге әзір қайтпайтынын айтты. Белсенді азаматша халықаралық адам құқығын қорғау ұйымдары нақты бір тұжырымға келмейінше Еуропада болатынын жеткізді.

 

М. БИБОЛ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ