4 мыңға жуық музыкалық аспап жасаған азамат

17.07.2019
Қаралды: 210

«Жігітке жеті өнер де аз» дейді қазақ атамыз. «Қанша өнер меңгерсем де аздық етпейді» деп жүр­гендердің қатарында алматылық тұрғын Алмас Серікұлы да бар.

 

Бала кезінен қылқаламға әуес бол­ған ол Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетіне оқуға түсіп, «Сәндік қолөнер» мамандығын алып шығады. Бүгінгі таңда Алмас тек суретші ғана емес, этнодизайнер, қолөнерші ше­бер, ұлттық саз аспаптарын жасаушы және зергер. Біз оның өзімен әңгіме­лескен едік.

 

«Негізі мұндай өнер маған түп нағашыларымнан дарыған болса керек. Университет қабырғасында да майлы бояумен, акварельмен сурет салуды, зер­герлікті, ұлттық аспап түрлерін, мүйізден, сүйектен, қайыстан заттар жасауды оқытты. Үлкен академиялық білім берді. Жаныма жақыны бейнелеу өнері болса да бойдағының ешқайсысын бөліп-жармаймын. Шығармашылық адамы болған соң ойға келген идеяны ағашқа, метал­ға, кенепке немесе қағазға түсіруге тырысамын. Мұнда бастысы – композиция­ны шығару», – дейді Алмастың өзі.

 

Айтуынша, осыған дейін ол әртүрлі жанрда шамамен мыңнан аса картина жазған көрінеді. Оның біраз бөлігі сатылса, біразының сыйлыққа кеткенін, тағы бір бөлігінің өзінде сақтаулы тұрғанын айтады. Студент кезде салған картиналарының жоғалып кеткенін де сөз етеді. Қазіргі таңда ол суретшілікпен қоса саз аспаптарының да сан түрін  жасап жүр. 

 

«Саз аспаптарын жасап жүргеніме 12-13 жыл уақыт болды. Бүгінге дейін оның 4000-ға жуығы жасалды. Олар қазір мұражайларда, кәсіби мамандардың, оқушылардың, өлкелік ансамбльдердегі музыканттардың қолында. Мұның ішінде ең көп сұранысқа ие болып жүргендері – домбыра, содан соң прима қобыз, қылқобыз, жетіген. Жалпы, әртүрлі өлшемде 80-ге жуық аспап түрін жасай аламыз. Оның ішінде ұрмалы, шертпелі, ілмелі, ішекті, соқпалы-шулы аспаптар бар», – дейді ол.

 

Шебер жігіттің тағы бір ерекше туындысы – құссайрауық. Ол аңшылықпен айналысатын халықтың бәрінде бар болғандықтан мұны қазақтың ұлттық аспабы деп айтуға келмейтінін түсін­діреді.

 

«Құссайрауық – аңшылықтың аспабы. Аңшылық кезінде тығылып жатып осы аспап арқылы құстың даусын салып, оларды шақыру. Сол дыбысқа келген аң-құсты аулайды немесе атып алады. Әу баста бұл сол мақсатта пайда болған, кейіннен музыкалық аспапқа айналып кеткен. Оның қыштан жасалған түрі де бар. Құссайрауық әркімнің ойнау деңгейіне қарай дыбысталады. Жақсы ойнайтындар бірнеше құстың, кейбіреуі бір құстың ғана даусын салады. Қыштан жасап, оның ішіне су құйып қойып ойнайтындар бар. Негізі мұнымен көбіне бұлбұл құстың даусын шығарады», – дейді ол.

 

Алмас шеберханада жалғыз емес. Ол шәкірттерімен бірге жұмыс істегенді жөн көреді. Айтуынша, олар әрі көмекші, әрі үйренуші. Осыған дейін жетпіске жуық баланы қолөнерге баулыған екен. Бұл өнердің білген адамға мәңгі білім болып қалатынын айта келе, «неғұрлым көп шәкіртім болса, соғұрлым жұртқа пайдамның тигені» деп санайды ол. Оның шеберханасынан шыққан музыкалық аспаптардың бағалары да сан түрлі екен. Сондай-ақ әр аспапты жасауға әртүрлі уақыт жұмсалатынын айтады.  

 

«Әр аспап кәсіби дәрежесіне және бағасына қарай жасалады. Қымбатқа түсетін аспап болса оған бір апта, он күн, бір ай уақыт кетуі мүмкін. Арзандаулары 2-3 немесе 4-5 күнде жасалады және оның көркемдеуі, сәндеуі аз болады. Ал біздің ең қымбат домбырамыздың бағасы 10 мың долларға дейін барған. Бірақ мұндай тапсырыс сирек, бір жылда 1-2-уі ғана жасалуы мүмкін. Ал жалпы бағалар орта көлемде, 50-60 мың теңге көлемінде болады», – дейді.   

 

Алмастың зергерлігі тағы бар. Күмістен сырға, сақина, жүзік, білезік, шолпы, шашбау секілді қыздарға қажетті әшекейдің түр-түрін жасайтын ол бәріне алтын жалатып, табиғи тастар қоятын көрінеді. Сөйтіп, ұқыппен істелген бұл бұйымдар тапсырыспен жан-жаққа таратылады екен. Дегенмен Алмас  қанша өнер түрін қатар алып жүрсе де оның өзі үшін еш қиындығы жоқ екенін айтады.

 

«Қазір технология дамыған заман, ақпарат көп. Уақытты дұрыс пайдалана білсең, кез келген нәрсемен айналысуға болады. Біз өзімізді бір саланың маманы боламыз деп шектеп қоямыз. Мүм­кіндік болса, адамның энергиясы жетсе, бірнеше саламен айналысқан дұрыс-ақ. Өз басым қолөнерден қиналмаймын, қайта рахаттанамын. Сұлулықтан, әзіл әңгімелерден, ауа райынан, жалпы, кез келген көңілге жағатын нәрселерден шабыттанып, жұмыс істей беремін. Тек көңіл-күйді бұзып алмасам болғаны», – дейді Алмас.

 

Иә, шабыт келгенде ерекше туындылар туып жатады. Алмастың да қолынан әлі таңданарлық дүниенің талайы шығатын болар. Сегіз қырлы, бір сырлы, қазақтың қолөнерімен елге үлгі болатын осындай жігіттер арамызда көп болса екен.  

 

М. ҚҰРБАНҚЫЗЫ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ