«Бірлігіміз бар екен, ел болады екенбіз», – дейді Гүлнәр Мықтыбаева

17.07.2019
Қаралды: 221

Кешегі Арыстағы жарылыс кезінде Шымкенттегі М.Мәметова көшесіндегі қосалқы мектеп-интернаты да 120 орын дайындап, арыс­тық ағайынды паналатқан болатын. Кейін олар өз үйлеріне кеткен соң осы мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Гүлнәр Мықтыбаева апаймен  әңгімелескен едік.

 

«Арыстағы оқиға менің есіме үш түрлі қиссаны салды, – дейді Гүлнәр апай. – Біріншісі, Мұса пайғамбардың қауымы бұзылып, діннен шыққанда Алла-тағала Мұса пайғамбарға: «Қауымыңа ескерт, үш түрлі бәле жіберемін. Біріншісі – зұлмат ашаршылық, екіншісі – індет, үшіншісі – елдің тыныштығын жойып, бір-біріне алауыз қыламын. Үшеуінің бірін таңдасын» дейді. Соны айтып келгенде ашаршылық пен індеттен қорыққан жұрт алауыздықты таңдапты. Сонда ел ішіндегі бір абыз: «Ашаршылық келсе бәріміз қырылып қалмаспыз. Талқаны таусылғандар тағдырын Аллаға тапсырсын. Тірі қалғандарының тұқымы тірілер. Індет жіберсе де Алла бәрімізді қырып салмас. Бәрібір қарттардың бәрі, жастардың ажалдысы өледі. Орнында қалған оңалар. Алауыз болсақ, бәледен көз ашпаймыз. Отбасы ала болса кереге басы сайын бір бәле деген. Ел іші ала болса, жау шаппай-ақ, дауыл тұрмай-ақ құримыз. Жиған малың ұстағанның аузында, тістегеннің қолында кетер. Ұлымыз құл, қызымыз күң болар. Санымыз аз болсақ та саз болып, жұмылған жұдырықтай бірауыздан Алла жіберген екі апаттың бірін қарсы алып, төзейік. Бетеге кетсе бел қалар, бектер кетсе ел қалар, берекең кетсе нең қалар?!» деп тоқтау салған екен. Мұса пайғамбар қауымының бұл таңдауын Алла-тағалаға жеткізгенде ұлық Алла: «Қауымың дұрыс таңдау жасады. Елдің ауызбірлігі мен ынтымағын ойлағаны үшін мен оларға ешқандай апат жібермеймін» деген екен. Осыдан бастап ел ішінде «Елдің ынтымағы мен ауызбірлігін ойламаған адам Алланы бір деп танымайды» деген тәмсіл қалыпты дейді. Кешегі Арыс оқиғасы кезінде менің есіме осы қисса түсіп, елдің ауызбірлігі мен ынтымағы тарамаған екен, біз ел болады екенбіз деп қуандым. Екінші қиссада, Мұса пайғамбар Алладан: «Иә, Тәңірім, сенің де мал-мүлкің, дүние-қазынаң бар ма?» – деп сұрайды. «Бар» дейді Алла. «Көрсем бола ма?» дейді Мұса. «Жоқ. Көрсетсем көптен көңілің қалады», – дейді Алла. Мұса өтініп қоймаған соң, Алла оған: «Ана таудың бір шатқалына шық», – деп бұйырды. Мұса шатқалға барса, кілең арық қой, шұнақ ешкі, кәрі сиыр, қотыр тай, тышқақ лақ, соқыр түйелер қаптап жайылып жүр екен. Одан бөлек, күйе жеген киіз, тесілген текемет, сынған сандық үйіліп жатыр. Мұса сасып қалып: «Иә, Алла, мыналар шынымен сенің мал-мүлкің бе?» – деді. «Иә». «Қалайша сенің малың ақсақ-тоқсақ, ауру-сырқау?» «Енді маған не дейсің, Мұса? Адамдардың Құдай жолына атаған садақасы, шалған құрбаны осы болса», – депті. Осы қиссадағыдай біздің мектепке де көпшілік арыстықтарға атаған көмектерін әкеліп беріп жатты. Көбі не әкелу керектігін білмей, азық-түлік әкеле берді. Кейбіреулері тіпті өзі де кимейтін ескі-құсқы киімдері мен ұстауға жарамсыз төсек-орындарын беріп жатты. Бұл онсызда үй-күйін тастап, жаны жараланып тұрған адамдарды кемсітумен бірдей еді. Жұрттың бәрі солай істеді деп көпке топырақ шашпаймын. Бірақ арасында осындайлар да кездесті. Керісінше, су жаңа көрпе-төсектерін әкелгендер де бар. Сол көпшіліктің ішінде бір келін­шектің әңгімесі ұнады. Балаларының киілмейтін киімдерін жиыстырып жатқанын көріп, күйеуі: «Өзің балаларыңа біреудің киген киімдерін кигізуші ме едің? Ол кісілерді де өзіңдей көр. Берсең базардан сатып алып жаңасын апарып бер», – деп ұрсыпты. Сөйтіп әлгі келіншек балаларға жаңа киімдер әкеліп берді. Кейін арыс­тықтар үйіне кеткесін жаңа көрпе әкелгендердің көрпелерін өздеріне қайта таратып жібердік. Ал ескі-құсқы төсектер мен киімдер мектептің бір бұрышында үйіліп тұр. Мүмкін ондай заттар­ға да мұқтаж жандар болса беріп жіберерміз. Немесе қоқысқа тастармыз.

 

Үшінші қиссада бір тігінші киім тіккіземін деп жұрттың әкелген матасының шетінен қиып алып қала береді екен дейді. Бір күні түсінде әлгі тігіншінің қиып алып қалған маталары жалау болып жиылып, өзін қылқындырып, өлтіріп қоя жаздапты. Ертесіне қорыққанынан жанындағы серігіне мен мата қиып алып қалып жатқанда «жалау» десең тоқтай қаламын депті. Сөйтіп тағы бірде біреудің матасының шетінен қиып алып қап жатқанын көрген серігі «жалау» деп тоқтатпақ болса, әлгі тігінші «бұл жалау, ол жалау емес» деп бәрібір матаның шетінен қиып алып қалған екен. Сол айтқандай-ақ, алып үйренген адамдар қандай қиын жағдайға қарамастан қалталарына басып үлгереді екен. Соны байқадым. Ағылып келіп жатқан азық-түліктен үйлеріне алып кетіп жатқандар да болды. Соған қарап, мен арыстықтарға көмектескісі келгендер азық-түлік әкеле бергеннен қолдарына ақшалай беріп кеткені дұрыс болар ма еді деп ойландым».

 

Иә, түсінгенге аңыз-қиссаның да берер ғибраты мол. Тек соны түйсінетін түйсік болса деңіз.

 

Г. ТҰРАРБЕК.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ