Нүрияш апа неге наразы?

15.07.2019
Қаралды: 216

Бүгінгі күні қоғамдағы жағдайларға көңілі толмай, ой-пікірін білдіріп жүрген жандар тек жастар ғана емес. Олардың қатарында 64 жастағы зейнеткер Нүрияш Әбдірейімова да бар. Ақтау қаласының тұрғыны «Facebook» әлеуметтік желісінде де белсенді.

 

Ол кісі бүгінгі еліміздегі саясат­қа көңілі толмайтынын ашық айтып жүр. Тіпті өзінің полиция қыз­меткерлерінің ұдайы назарында екенін де жасырмады. 6-шілде күні ол полиция қызметкерлерінің өзін ұстап әкеткенін айтады. Біз Нүрияш апамен байланысқа шығып, сол күнгі оқиға туралы сұраған болатынбыз.    

 

«Қалай митинг болады деген ақпарат тарайды, полиция бірден мені аңдиды. 6-шілдеде де екі көлік үй жақты бақылап отырды. Мен кешкі сағат 19.00-ден өте үйден ұрланып шықтым. Полиция қыз­меткерлері мені танымасын деген ниетпен әдетте орамал тағып жүретін мен жалаңбастанып, көзіл­дірік тағып, шалбарланып алдым. Теңіз жағалауына барсам, сол жерде өзім танитын жігіттер тұр екен, солардың қасына жақындадым. Одан кейін тағы да басқа таныстарды көзім шалып қалды. Мен шақырған соң олар да бізге келіп  қосылды.

 

Адам жиналсын деген оймен кішкене тұрдық. Өтіп бара жатқан жастардан бізге қосылуын сұрап едім, қолдарын сілтеп өтіп кетті. Содан мен сайлаудың заңсыз өткенін, АЭС-тің салынуына қарсы екенімізді, Арыстағы жағдайды айтып сөйледім. Мені сондағы жігіттер камераға түсіріп жатты. Сол кезде бір топ полиция жетіп келіп, қо­лымнан ұстап, сүйрей бастады. Камераға түсіріп тұрғандардың телефондарын тартып алып, оларды да сүйрей жөнелді. Бәрімізді  автобусқа кіргізді. Жігіттерді бөлек, қасымдағы келіншек екеумізді бөлек бөлімшеге апарды. Содан бізден жауап алып, хаттама толтырды. Біраз сұрақтар қойып, тергеген соң бізді босатты», – дейді ол кісі.

 

Нүрияш апа мұндай жағдайдың бірінші рет болып тұрмағанын айтады. Полиция қызметкерлерінің осыған дейін де өзін талай мәрте ұстап әкеткенін жеткізді.

 

«Мен 2011-жылдан бері Жаңа­өзенде болған жағдайдан соң өзімнің билікке деген көзқарасымды білдіріп, қарсылығымды айтып жүрген адаммын. Содан бері полиция қызметкерлерінің назарындамын. Жер мәселесінде де, бас­қа мәселерде де митингке рұқсат сұрайтынмын. Бірақ рұқсат берген емес.

 

Мен ата-бабамыздан қалған жеріміздің сатылмағанын, жерасты байлығының өзіміздің ұрпағымызға қалғанын, өзге ұлттардың бізді басынбағанын, халықтың мойнында ілініп тұрған қарыздардың кешірілгенін қалаймын. Елі­мізде Қытай зауыттарының, АЭС-тің салынуына қарсымын. Қазақтың қасиетті жеріне қиянат жасалмауын талап етемін», – дейді ол кісі.

 

М. ШЫНҰЗАҚ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ