Серікжан Біләштің «үй қамағы» тағы да созылды

15.07.2019
Қаралды: 302

Кешегі дүйсенбі күні Нұр-Сұлтан қаласында «Атажұрт еріктілері» ұйымының жетекшісі Серікжан Біләшке қатысты кезекті сот отырысы болып өтті. Оған 100-ден аса адам қатысты, сот залына сыймағандары судья шығаратын үкімді күтіп сыртта жүрді.

 

Бұл сот отырысында да Серікжан Біләш өзін-өзі қорғады десек болады. Себебі адвокаты Айман Омарова оған қатыса алмады. Ал Серікжан Біләштің «ұлт араздығын қоздырды, жиһадқа шақырды» деген өзіне тағылмақ айыпты әу бастан мойындамай отырғаны белгілі. Бұл жолы да ол оны ақылға сыйымсыз деп атап көрсетті, процеске төрағалық етуші судьядан талапкер жақтың шағымын қанағаттандырусыз қалдыруды және өзіне қолданылған «үй қамағы» түріндегі бұлтартпау шарасын бұдан әрі созбауды сұрады.

 

Осы орайда біз аталған сот отырысына қатысқан азаматтардың бірі – «Атажұрт еріктілері» ұйымының Нұр-Сұлтан қаласындағы үйлестірушісі Міл­лет­хан Айтқалиұлымен (суретте) хабарласып, ол кісіге сұрақтар қойған едік.

 

– Сот отырысының соңы немен аяқталды? Шешім қандай болды?

 

– «Үй қамағы» тағы да бір айға созылды. Ендігі сот отырысы 8-тамызға деп белгіленді.

 

– Кейінге шегерілу себебін айт­ты ма?

 

– Өткендегі айтқандарын қайталады. Діни орталықтың сараптамасын күтіп, Алматыдағы «Амал» дәмханасында болған жиынға қатысқан адамдардың әлеуметтік желідегі жазған пікірлерін жинақтап жатыр екен. Өткенде де дәл осылай айтып сот отырысын шілде айы­на қалдырған еді.

 

– Серікжан Біләштің денсаулық жағдайы қалай екен? Сотта қан­дай да бір шағым айтпады ма?

 

– Негізі 2013 жылы Бейжіңде оның жүрегіне екі мәрте ота жасалған. Сол біраз мазалайтын сияқты. Өзі мүдірмей, ойын ашық жеткізетін жігіт қой, еркін сөйлегенімен түрінен абыржыңқылық байқадым. Өзі қысым көрсетілді дегендей ештеңе айтқан жоқ. Денсаулығы туралы өзі де, адвокаты да айтып жүргенін, өзі алматылық бола тұра неге астанада ұстап отырғандарын сұрады. Оған мандытып жауап берген жоқ. «Әу баста «үй қамағын» өзіңіз таңдағансыз», – дейді. Серікжан ол кезде өзін ұстағандардың не абақтыны, не «үй қамағын» – екінің бірін таңдауды ұсынғандарын, сол себепті «үй қамағына» ке­ліскенін айтты. «Онда да 5 айға емес, 2 айға келісім бергенмін», – деді ол. Өйткені Серікжанның ұсталғанына 10-тамызда 5 ай толғалы отыр.

 

– Адвокаты Айман Омарова сот залынан көрінбеді ғой?

 

– Серікжан «үй қамағына» алынғалы бері осымен бесінші сот отырысы болды, Айман соның біреуіне ғана қатыса алды. Себебі сот отырысы болады деген хабарды ол басталардан бір күн бұрын ғана алады екен. Келіп үлгермейді. Бұл жолы да жексенбі күні хабарланған екен, келе алмады.

 

– Өзіңіздің сот отырыстарына байланысты түйген ойыңыз қалай?

 

 – Маған бір ой келіп жүр, оны сот аяқталғасын сол жерде жиналғандарға айттым. Қытайдағы азшылық ұлт өкіл­деріне жасалып жатқан қысымды  Серік­жанды қамату арқылы ешкімге айтқызбауды ойлайды ма екен, әлде Қазақстан мемлекеті мен оның заңдарын шетелдіктерге масқара етіп көрсеткісі келе ме – әйтеуір белгілі бір топтың әрекеті бар сияқты.

 

Жалпы, осы жайды қазіргі Президент Қасым-Жомарт Тоқаев біле ме, біз сол кісі білсе екен дейміз. Халықаралық ұйымдар, БҰҰ Бас Ассамблеясы, Еуропадағы қауіпсіздік және ықпалдастық ұйымы білгенін қалаймыз.

 

Серікжанды Алматыдағы қонақ үйден түнделетіп ұстап, қамап отырғалы Қытайдан келген, сол жақта туған-туысы барлардың жүрегі шайлығып қалды. Себебі Қытайда қысым әлі тоқтаған жоқ, жалғасып жатыр. Қазақстандағы туысымен сөйлескен адамды сол үшін жазғырады, «Қаласақ, Қазақстанның өзінен барып ұстап әкелеміз», – деп те айтатын кө­рінеді. Көпшіліктің саяси жағынан сауаты аздау ғой, осыған сеніп, айдалада жүріп Қытайдан қорқатындар бар. Біздің полиция ұстап алып, беріп жіберетін сияқты көреді. Қазір көпшілігінде сондай үрей бар. Мұның бәрі Серікжан ұсталғалы бері пайда болды.

 

Өйткені Қытайда бір саяси науқан басталса, ол он жылға созылады. Ондағы «саяси үйрену лагері» дегендер, адамдарға жасалатын қысым 2017 жылы басталған, кей адамдардан естуімізге қарағанда, ол енді 2027 жылға дейін жалғасуы мүмкін.

 

Жалпы, менің пікірім: Серікжанға бос­тандық берілуі керек. Ол өзінің жұмыстарын жалғастыра берсе екен деймін.

 

...«Атажұрт еріктілері» ұйымының өкілі осылай дейді. Айта кетейік, бұл кісілер таяуда құқық қорғаушы Серікжан Біләшті Бейбітшілік саласындағы Нобель сыйлығына ұсыну жөнінде бастама көтерген болатын, біз газетімізде ол жөнінде жазғанбыз. Міллетхан Айтқалиұлы бүгінде бұл іс-шараға қатысты қол жинаудың Қазақстан бойынша жүріп жатқанын, нәтижесі көп ұзамай белгілі болатынын айтты.

 

Р. ҚЫДЫР.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ