Бетін тұмшалап, қолшатырмен кедергі келтіріп жүргендер кімдер?

15.07.2019
Қаралды: 176

Еліміздің әр қаласында өтіп жатқан наразылықтар саны жиілеуде. Кейінгі кездері осындай көпшілік жиналған жерлерде  халықтың даусын жоғарыға жеткізетін журналистердің жұмысына кедергі келтірушілердің қатары байқала бастады.

 

Мысалы, өткен 6-шілде күні қолшатыр ұстаған әлдекімдер ақпарат таратып жүрген «Азаттық» тіл­шілерінің алдын кес-кестеп, бол­ған жайтты түсіріп жүрген телеоператордың камерасын көлегейлеп әлек болды. Медициналық маска арқылы бет-жүзін жасырған біреуі газ баллонын қолданып та үлгерген. Бұл туралы телеоператор Ержан Әмірханов былай дейді:

 

«Маска киген үлкен кісі газ баллонын қолданды. Қасымда журналист Өркен Жоямерген болды. Содан соң маска киген белгісіз адам менің камерамды жапты. Мен мұндай нәрсе бізге ғана, яғни «Азаттық» тілшілеріне «түсірмесін» деп жасалып жатқан әрекет деп ойлаймын. Журналистерге қатысты мұн­дай жағдай алғаш рет болып жатқан жоқ. Жиналған жұртшылықтың жанайқайын жеткізбек болған олардың жұмысына тосқауыл болуға тырысу осыдан бұрын да байқалған.

 

Дегенмен осы мәселеге қатысты жоғарыдан тұщымды ой айт­қан жан болмады. Қазақстан Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев аталған заң бұзушылықты анықтайтынын айтса, Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев мырза: «Арыз жазыңыздар, сіздер үшін арызды мен жазып берейін бе? Істі аяғына дейін жеткіземіз», – деумен ғана шектелді.

 

Қолшатырды ашып-жауып, қара маска кигендердің кім екені әзірге белгісіз. Тек әлеуметтік желіде олар­­ға «титушкалар» деген атау бер­ді.

 

«Титушка» деген термин алғаш рет 2013 жылы Украинада пайда болған. Әуелде бұл елде «титушкалар» деп наразылық білді­ру­шілерді қорқыту, ұрып-соғу, тарату үшін пайдаланатын биліктің жалдамалы арандатушылар тобын айтса, кейіннен Еуромайдан ке­зінде украиндық БАҚ өкілдері халыққа қарсы шыққандарды жаппай осылай атай бастады.

 

Иә, наразылық танытып, кө­кейіндегісін жеткізуге тырысқаны үшін қарапайым халықты қолтықтап, көлікке тоғытып жүрген по­лицейлердің көз алдарында қара маска киіп, қолшатыр ұстап, газ баллонын қару етіп жүргендерді елеусіз қалдырғандары ойландырады. Бұл адамдар кімдер? Бет-жүзін неге сонша тұмшалайды? Олардың жасап жүрген тірлігі ше, ол тәртіп бұзушылыққа жатпай ма? Сонда тапа-тал түсте біреудің жұмысына оп-оңай кедергі келтіріп жүре беруге бола ма? Полиция неге байқамаған сыңай танытады?

 

Сауал көп, жауап жоқ.

 

М. ҚҰРБАН.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ