Қызметтегі азаматты жұмыс орнынан күштеп әкетіп, тергеуге алыпты

15.07.2019
Қаралды: 226

6-шілде – астана күні мерекесінде Нұр-сұлтан, Алматы қалаларында алаңға шығып, наразылық танытушылардың қарасы аз болмады.

 

Жиналғандарды «рұқсат етілмеген митингке шықты» деген айыппен көзді ашып-жұмғанша ұстап әкетіп, көлікке тоғытып жатты. Шымкент қаласында да осы жағдайға байланысты ұсталғандар болды. Солардың қатарында қоғам белсендісі, шымкенттік тұрғын Ерғали Құлбаев та бар. Ол сол күні шеруге шықпаса да полиция қызметкерлерінің өзін полиция бөлімшесіне алып кеткенін айтады. Біз оның өзімен тілдескен едік.

 

«6-шілде күні үйден әдеттегідей сағат 8-де шығып, жұмысқа бардым. Өзім қаланың орталығындағы медициналық клиникада жұмыс істеймін. Кешкі 18.30-дар шамасында сол жерге полиция қызметкерлері келіп, мені бөлімшеге алып кететінін айтты. Мен жұмыс уақытымның аяқталмағанын, кешкі 20.00-ден кейін бо­сай­тынымды жеткіздім. Олар «біз оған қарамаймыз, тапсырмамен келдік» деді. Мен жазылып қойған адамдарымның бар екенін түсіндіруге тырысып, «бармаймын» дедім. Олар «онда күштеп алып кетеміз» деді. Осылайша сөздерінде тұрып, мені жұмыс киіміммен, яғни медициналық халатпен бірнеше адам күштеп сырт­қа алып шықты. Олардың бұл әрекетіне ашуланған мен «Назарбаев, кет!» деп айқайлағанымды жасырмаймын.

 

Содан түнгі сағат 23.30-ға дейін ұстап, өздері үйге әкеліп тастады. Тергеу барысында менен түсініктеме, ешқайда шықпауым туралы міндеттеме алды. «Біреу сендерді қаржыландырып отыр ма, неге тыныш өмір сүрмейсіңдер, не жетпейді?» деген секілді де әңгімелер болды. Мен Арыстағы, Атыраудағы оқиғаны сөз ете келе, елдегі әлеуметтік жағдайларға, бүгінгі саясатқа көңілім толмайтынын ашық айттым», – дейді ол.

 

Осыдан соң біз Ерғали мырзадан өзін бұлай аяқ астынан ұстап әкетуінің себебін сұрадық.

 

«Олар: «Алматыдан түскен жеке тапсырма бойынша келіп отырмыз, сізден түсініктеме аламыз», – деп айт­ты. «Митингіге қатысу қаупі бар» де­ген күдік пайда болса керек. Өйткені адамдар кешкі 19.00-де жиналуы мүмкін болса, мені оған дейін әкетіп отыр ғой.

 

Біз енді мүмкіндігінше шындықты айтып жүрген азаматтармыз. Бірнеше қоғамдық ұйымның мүшесімін, сол бойынша қоғамдық ортада істеп жүрген жұмыстарымыз бар. Әлеуметтік желілерде пікірімді ашық білді­ремін. Сайлаудағы әділетсіздік, елдегі әлеуметтік жағдайдың төмендегі, әйелдердің наразылығы – осының бәрін шамамыз келгенше айтып, жазып жүрміз. Мені сол себепті де әкетіп отырған болар.

 

Жалпы, белсенді азаматтардың бірімін. Сондықтан да мені полиция тарапынан бақылауға алып жүргені рас. Телефонымның тыңдалатынын да білемін. Полиция қызметкерлерінің қандай да бір әрекеттердің алдын алу үшін жасап отырған тірлігі болар.

 

Негізі әлеуметтік желіде митинг болады деген ақпарат тараған сайын полиция қызметкерлері «повесткаларын» алып, «жеке тапсырма берілді» деп осылай үйге келіп тұрады. Оған үйреніп те қалдық. Бірақ алаңға шығып, ұсталып, айыппұл арқалап, әкімшілік жазаға тартылған емеспін.

 

Полиция қызметкерлерін де түсінуге болады, олар «біз тек басшылықтың тапсырмасын, бұйрықты орындаймыз» деп айтып жатады. Бұл жерде олардың да сондай бір кінәсі жоқ. Біздің полиция заңмен емес, бұйрық пен тапсырма бойынша жұмыс істейді. Олар солай үйренген, солай дағдыланған. Оны мен әлеумет­тік желілерде айтып та, жазып та жүрмін. Сондықтан мен полиция қызметкерлерін емес, жүйені кінәлаймын. Шындықты айтқандардың бәрін «терро­ристсің», «бүлік салып жүрсің», «мемлекеттік төңкеріс жасамақшысың» деп айыптайды. Бізде ақиқатты айтқан азаматтардың аузын барынша жабуға тырысады. Халықты қорқыныш пен үрейде ұстағысы келеді.

 

Кешегі Президент сайлауы кезінде «Ұлт тағдыры» қозғалысының атынан бақылаушы болдым. Сонда біраз заңсыздықтарды көрдім. Сол жерде жазылған сенім телефонына хабарласқанымда ешкім келмеді. Екі сағат күттім. Ақырында «сенің үстіңнен арыз бар, сайлау комиссиясының мүшелеріне кедергі жасадың» деп өзімді ұстап алып кетіп, айыптады. Бір адам билеген елде осындай нәрселердің орын алатыны рас», – дейді Ерғали мырза.

 

...Шымкенттік белсенді осылай дейді. Бұл қоғамда ой айтып, пікір білдіру де қауіпті болып бара ма, қалай өзі? 

 

М. ЫБЫРАЙ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ