Ашынған жұрт Елбасы кеңсесіне арыз айтып барды

15.07.2019
Қаралды: 190

Кешегі аптада Нұр-Сұлтан қаласында алматылық белсенді Санавар Закированың ұйымдастыруымен наразылық шаралары болып өтті.

 

Оған қатысқандар өздері мен туыстарына қатысты сот органдарында орын алған әділетсіздіктер жөнінде айтты, заң саласында болып жатқан осындай жайларға жол беріп отыр деп Жоғарғы Сот төрағасы Жақып Асановтың қызметінен кетуін, әділетсіз шешім-үкімдерді тексеретін арнайы комиссиялар құрылуын талап етті.

 

9-шілде күні жиналғандар Президент Әкімшілігінің ғимаратына барды, сол жерде талаптарын білдірді. Сондай-ақ ол өздерімен кездесуге Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың шығуын талап етті. Дегенмен олар Мемлекет басшысымен кездесе алмады.

 

Арада бір күн өткесін наразы топ өз талаптарын айтып Қауіпсіздік Кеңе­сінің ғимаратына барды. Олар Конституция кепілі ретінде Қауіпсіздік Ке­ңе­сінің төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевпен кездеспек, одан көмек сұрамақ болды. Бірақ бұл жолы да олар деге­ніне жете алған жоқ.

 

Заң орындарынан көрген әділет­сіздік туралы айтып жүрген жандар аз емес. Осы күннің өзінде Қауіпсіздік Кеңесінің алдында 30 шақты адам жиналды. Әрқайсысы еліміздің әр өңірінен. Бірі өзіне жасалған әділет­сіздікті, енді бірі туысына жасалған қысымдар мен көр­етілген заңсыздықтар туралы айтпақ болды. Бірақ олардың алдына Н.Назарбаев шыққан жоқ, Кеңседен бөлім басшысының орынбасары Базаралы Бақтыгереев шығып, арыз-шағымдарын жазбаша түрде қалдыруларына болатынын,  олардың қаралып, тиісінше жауап берілетінін жеткізді. Алайда мұндай уәденің талайын көріп, тауы шағыл­ған­дар оған сенбеді, Назарбаев шықпаса ол жерден кетпейтіндерін жет­кізді.

 

Бұл оқиға болып өткен екі сағат­қа жуық уақытта ғимарат маңын полиция мен арнайы жасақ өкілдері қадағалап жүрді. Қандай да бір мақсатпен әкелінген үш автобус та сол жерде тұрды.

 

Бұл жерге жиналғандардың наразылығын еселей түскен тағы бір жайт өздерін басқарып жүрген ұйымдастырушы, қоғам белсендісі Санавар Закированың бой көрсетпеуі болды. Яғни оны осында келе жатқан бетінде ұстап әкеткен көрінеді. Осыған наразы болған жұрт С.Закированы тез арада босатуды талап етіп, жазбаша арызға барлығы бірдей қол қойды. (Сол күні оны 5 тәулікке қамап қой­ғаны белгілі болды).

 

Қысқасы, заң орындарының жол беріп отырған заңсыздықтары, әді­летсіздік себебінен өзі немесе туысы жапа шегіп жүргендер Қауіпсіздік Кеңесінің төрағасына да жолыға алмай қайтты. Іс мұнымен бітпейтін сияқты.

 

Н. ӘБДІ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ