Түлкібастық тергеушілер түк бітірмеген бе?

10.07.2019
Қаралды: 175

«Замана» газетінің редакциясына Түркістан облысындағы Түлкібас ауданына қарасты Састөбе ауылының Насырулла Мұсабеков есімді тұрғыны хабарласты. Ол кісі өзінің аудандық полициядағы тергеушілерге қапа болып жүргенін айтты.

 

«Өткен жылғы 17-тамызда ұлым Жандос көлік қағып, белгісіз жағдайда қаза болған еді, – дейді Н.Мұсабеков. – Ол Астанадағы бояу шығаратын зауытта жұмыс істейтін, пәтер жалдап тұратын. Ауылға жылына бір мәрте, кезекті еңбек демалысын алғанда келіп тұрды. Ал былтыр анасы ауырып жатқандықтан жағдайын біліп қайту үшін жолға шыққан. Естуімізше, «Астана – Мақтаарал» бағытына қатынайтын автобусқа отыр­ған. Астанада тұратын ағасы сол күні кешке қарай телефон шалғанда: «Ауылға енді бір 20 минутта жетіп қаламыз», – деген екен, содан кейін хабар болмаған. Балам намаз оқитын еді, біз біраз кешіккеніне қарап мешітке соғып келмек болған ғой деп ойлағанбыз.

 

Мен ауылдың малын бағамын. Әйелімді дәрігерге көрсетіп болғасын үйге келгенімде полициядан хабар алдым. Олар көп ұзамай мені көліктеріне отыр­ғызып, Жаскешу ауылынан 2,5 шақырымдай бері өткендегі бір жерге апарды. Ұлымды сол жерде көлік қағып, мерт қылыпты. Оның автобустан ауылға жетпей, айдалада неліктен түсіп қалғаны белгісіз. Басы жарылып, қолы үш жерінен сынып, мойын, жамбас сүйектері пәршеленіп кеткен. Оқиға кешкі 9-10-ның шамасында болған деп шамаланыпты. Оның денесін Таразға тойға барған жетісайлық бір жігіт қайтар жолда, таңға жақын көріп, полицияға хабарлаған екен. Полиция оның өзінен күдіктеніп, жібермей тұрды. Біз оқиға орнына барғанда ол жігіт: «Жазығым көргенімді полицияға хабарлағаным ба?» – деп жыларман болып жүрді. Біз араға түсіп, оны босаттырып жібердік.

 

Содан қайғыдан қан жұтып жүріп ұлымды соңғы сапарына шығарып салдық. Тергеушілер «Астана – Мақтаарал» бағытымен сол күні өткен автобусты та­уып, жүргізушілерінен жауап аламыз деген. Кейін хабарласқанымда: «Жауап алдық. Олар жол бойынан бір жігіт түсіп қалған, не үшін түскенін білмейміз деді. Іздестіреміз, тергейміз», – деген. Одан кейін тергеушілер бірнеше рет ауысты, әрқайсысына хабарласып, іздеу барысы не болып жатқанын сұраумен болдым. Соңғы рет биылғы наурыз айында аудандық полиция бөліміне барғанымда бастықтары учаскелік инспекторға тапсырамын деген, содан бері хабар жоқ. Телефон шалсам, ешқайсысы алмайды. Оларда менің телефоным бар, бірақ өздері де хабарласпайды. Күте-күте шаршадым. Енді бір айдан кейін ұлымның жылын береміз, ал оның өліміне себепкер болғандар әлі де анықталмауда. Әлде мұның басқадай бір себебі бар ма, білмедім. Ақыры ойлана келе сіздерге хабарласуды шештім. Өйткені мен «Замананы» үзбей алып тұрамын, көп адамдарға көмектеріңіз тигенін білемін. Менің басымдағы жағдай туралы жазсаңыздар, қылмысты ашуға міндетті орган қызметкерлері ойланар, қимылдар деген үміттемін. Менің осы айтқандарымды газетте жариялауларыңызды сұраймын».

 

Міне, редакциямызға Түлкібас ауданынан хабарласқан азамат осылай дейді. Өзінің жұмыстан қолы тимейтінін, әйелінің аурушаң, балаларының әрқайсысының өз тұрмыс-тіршілігімен жүргенін айтады. Ол кісінің марқұм ұлы Жандос 33 жаста болған, үйленіп үлгермеген де екен. Н.Мұсабеков оның жұмбақ өлімінің сырын білгісі келеді, кінәлілердің анықталып, жазасын алуын қалайды.

 

Ал түлкібастық тергеушілер састөбелік Насырулла Мұсабековке нендей уәж айта алады? Адам өлтіргендер жазаланбай жүре бере ме?

 

Т. ТҰРАН.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ