Арыстықтарды басқа жаққа көшіруге қанша қаржы қажет?

10.07.2019
Қаралды: 156

Мен Арыста болған жоқпын. Бірақ Арыстың бүгінгі халін бәріміз көріп отырмыз. Осындайда ел болып қолдаған барша қазағыма мың алғыс!

 

Тәңір қолдап, бәрі сәтімен болса екен деп отырмыз. Ары қарайғы өміріңді бомбаның үстінде жалғас­тыруға кімнің болса да жүрегі дауаламайды. Қойма деген елді мекеннен үлкен. Ал оны ұстап отырған мемлекеттік жүйе былық, коррупцияға батқан. Осы түрімізбен бұл әлі талай қайталанады. Өйт­кені бұған дейін де болған. Осыны ескерген жұрт мемлекеттен Арыстан басқа жерге көшіріп алуды өтініп отыр.

 

Жалпы, басы бар билік соншама халықтың жанына апарып оқ-дәрі көме ме? Ол – тілсіз жау. Күні ертең «жегіштердің» бірі қару-жарақ сатып, орнын тазалау үшін қайта өрт қойса не істей аласың? Тағы сол белгісіз себептен дейміз бе?

 

Ал енді санап көрейік. Ерінбейік. Арыстың жергілікті хал­қы 45 мың адам деп көрсетуде. Әр отбасында әкесі, анасы, екі баласы бар деп есептесек, 11 мың 250 отбасы бар деген сөз. Ауыл болған соң жанұя деген кемі 6-7 адамнан тұрады.

 

Менің бұл есебім – орташа алған түрім. Егер осы 11 мың 250 отбасыны Түркістанның, Шым­кенттің маңынан жер беріп, көшіріп аламын десе, әр үйге орташа 10 миллион теңге бөлсе, онда 112 миллиард 500 миллион теңге болады екен. Яғни теңгенің доллар­ға шаққан бүгінгі бағамына сәйкес 295 миллион 275 мың доллар болмақ.

 

Ал енді сіз осыны күні кеше өткен Азиада, ЭКСПО, Универсиа­дамен салыстырып қараңыз. Бір ғана ЭКСПО-ға 4 миллиард доллардан аса қаржы кетті. Сол көрме алаңы қазір қаңырап бос тұр. Алматыдағы бос тұрған трамплиндер ше? Қай қазақтың баласы содан секіріп, бақытты болып жүр?

 

Жоғарыдағы көрсетілген сома – «Форбс» тізімінің басындағы бес кісінің бір той өткізуіне жетпейтін тамшы. Халықты жамандап, ренжи бермей, бұған түсіністікпен қа­рауымыз керек.

 

Арыс. Бір ғана елді мекен. Қазақ даласында жүздеген елді мекен өте ауыр жағдайда. Ал Конституциямыздың басы «Халық – біздің ең бірінші байлығымыз» деп басталады. Олай болса байлығымыздан «қолдың кірін» неге аяймыз?

 

Алмас СЕРІКҰЛЫ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ