Арыстағы оқиғаның соңы қалай аяқталады?

10.07.2019
Қаралды: 62

Енді бір-екі генералдың уақытша ғана басы кетеді. Басы емес, астындағы креслосы мен қолындағы мансабы кетеді. Әскери бөлім басшысы да жазаланады. Бірақ адам шығыны болмаса, ол да соңын суытады.

 

Қысқасы, біраз айқай-шу болып, кім кінәлі деп аудан, облыс, сондай-ақ астанадан комиссиялар ағылады. Оны жорғалап жүріп бәрі күтеді. Қазы-қарта, жал-жаясын, арағын, саунасын, қонақүйін да­йындайды. Сөйтіп «вип» деп аталатын арнайы жез­өкшелерді сыйға тартады, олардың саудасы жүреді.  

 

 Жарылыстан болған шығын есептеледі. Оны екі-үш есе қылып есептеп, үкіметке жеткізеді. Оған өкімет қаражат бөледі. Ал осы жерде өзара тартыс басталады. Тап бүгін-ақ алдағы тендер менікі деп ақшасын алып шенеуніктердің есігі алдында тұрған құрылыс компанияларының өкілдерін көрсеңіздер, таң­қалмаңыздар. Бұл система солай жұмыс жасайды. Бұл – үйреншікті жағдай.

 

Сонымен уақыт өтіп, бұл жарылыс ұмыт бола бастайды. Анда-санда бір бейшараны әрі-бері сүйрелеп жүрген сот процесін жаңалықтардан көрсетеді. Әрине, тергеу амалдары жүріп жатыр дейді. Онан әрі ештеңе айтылмайды, көрсетілмейді. Себебі біздің елде мұндай болмауы тиіс. Өйткені біз дамыған 30 елдің бірінде тұрамыз. Жағдайымыз жақсы, бал жеп, сүтке шомылып жүрміз.

 

Қызықтың қызығы үкіметтегі ақша осында келіп түскенде басталады. Өйткені ол ақшаның 30 – 40 пайызы «откат» болып, біреулердің қалтасына түседі. Ал жоғарыға беріп қойған құрылыс компаниясы жұмысшыны жалақысынан қысады. Яғни жарытып ақша бермейді.

 

Енді сіз ойлап көріңіз. Тұрғын үйлерге кеткен шығынды есептеп комиссия құрамыз. Міне, сол комиссия да төгілгеннен жалап қалады. Ақша тықсаң, екі-үш есе ғып шығын жазып береді. Ал ақшаң болмаса бөлінгеннің жарты ақшасын ғана аласың. Өйткені сенің жарты шығының ақша берген біреудің үйіне қосылып кетті.

 

Қысқасы, үш айдан соң ешкімге ештеңе болмайды. Ешкім де сотталмайды.

 

Ал мансабы мен креслосынан айырылғандар үндемей кеп бұрынғы орындарына отыра салады. Бұл оларға үш айлық еңбек демалысына барып келгенмен бірдей. Ал егер сол адамдар орнына қайта келмесе, оған да таңқалмаңыз. Өйткені олар лауазымы өсіп, астанаға кеткен болуы мүмкін.

 

Міне, қазақ халқы осындай құйтырқымен өмір сүре береді. Ашынады, жылайды, бірақ шыдайды. Мұның соңы белгілі. «Бастысы, соғыс жоқ қой, деніміз сау, отбасымыз аман. Бұл бізге Құдайдан келген іс», – деп қазақ сорлы өмір сүре береді.

 

Ғани ӘЛИХАН.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ