Апаттан қашқан адамның айтқандары

10.07.2019
Қаралды: 181

Арыста жарылыс болды дегенде ең алдымен есіме түскені сонда тұратын кластас құрбыларым болды. Екі кластасымыз Арысқа тұрмысқа шығып, сол жерде тұрып жатқан. Мектеп бітіргенімізге 26 жыл дегенде биыл көктемде ғана кездесіп, мәре-сәре болып қуанып едік. «Уатсапта» чат ашып, өзара гуілдесіп жүргенбіз.

 

Сөйлесе болды, жылай береді

 

Оқиға болған күні біз «Бөгенді» жарып, Шымкент пен Түркістанды су алады екен!» деген ақпарат естідік. Түкке түсінбей отырғанымызда «Уатсаптағы» чатқа Ақмарал кластасым: «Қыздар, Арыста сұмдық жарылыс болып жатыр! Мен Шымкенттемін, балаларымның қайсысы қайда қалғанын біл­мей­мін», – деп дыбыстық хабарлама жіберіпті. Өзі жылап тұр.

 

«Уатсапта» оларды жұбатқандай болдық. Бірақ екеуінен жауап жоқ. Тек түнге қарай кластастарым аман-есенбіз, балаларымызды таптық деп жазды. Ертесіне екеуі де Шымкентке бір күн қонып, Түркістанға кеткен­дерін айтты. Екі-үш күнге дейін оқиға болған күнгі қорқыныштарын «Уатсапқа» жазып отырды. Оларды өз көзіммен көрмей көңілім жұбана қоймады. Сосын кешегі аптада үйімізге қайттық дегесін Арысқа барып, жағдайларын біліп қайттым.

 

Амандық-саулықтан соң: «Қалай болды өзі?» – деп сұрадым. «Екінші қызым ҰБТ тапсырып, 101 балл жинаған, соны кешкісін құда-құдағи, дос-жарандарымызбен атап өткенбіз, – дейді Ақмарал. – Содан таң ата келіп жаттық. Жазда далада жатамыз ғой, таңертең бетіме күн түсіп кеткесін үйге кіріп жаттым. Күйеуім жұмыста, үлкен ұлым Түркістанда, оқуына кеткен. Кішкентайымды таңертең «садикке» жібергенбіз. Екі қызым мен 1-сыныпты бітірген ұлым, төртеуміз үйде жатқанбыз ғой. Кенет гүрс етіп бірдеңе жарылғандай болды да, үй көтеріліп, қайта орнына түскендей әсер етті. Орнымнан ұшып тұрдым. Газ баллон жарылды деп ойлап, жүгіріп асүй жаққа барсам, ол дін-аман тұр екен. Бір кезде аспаннан алып саңырауқұлаққа ұқсас көк түтінді көрдім. «Е-е, әскери бөлімшеде жарылыс бол­ған екен ғой» деп ойлап үл­гергенімше күйеуім қоңырау шалып: «Тез арада бір-екі ауыстыратын киімдерің мен құжаттарыңды алыңдар да Шымкент­ке кетіңдер!» – деді. Мен балаларға киімдерін жинауды тапсырдым да, өзім құжаттарымды жинай бастадым. Әп-сәтте да­йын болып, тоғызыншы сыныпты бітірген қызымды: «Велосипедпен тез балабақшаға бар да, ініңді алып қайт!» – деп жұмсадым. Сөйтіп өзіміз сыртқа шығып, қақпаның алдында күтіп тұрмыз. Сәл тұрғаннан кейін 11-ді бітірген қызым: «Мен барып, тезірек ертіп келейінші», – деп дегбірсізденіп сіңлісінің артынан кетті. Ол жанымыздан ұзай бергенде тарсылдап-гүрсілдеп айналамызға тура соғыстағыдай снарядтар жауды да, қасымда қалған ұлым екеуміз қайда қашарымызды білмей сол жерге бас сауғалап жата кеттік.

 

Жарылыс сәл басылған кезде ұлымды жетелеп, көлік жүретін көшеге қарай жүгіре жөнелдім. Бала-шағам келіп бізді таппай қалмады ма екен деп арқама жалтақтап қарап қоямын. Көрінбейді. Уайымдап, жылап келе жатырмын.

 

Жолға шыққасын көлік тоқтатайын десем, ешқайсысы тоқтамайды. Санама ана үшеуі өлген болар деген ой сарт етті де, тым құрығанда қолымдағы баламды аман алып қалайын деп келе жатқан көліктің алдына екі қолымды жайып тұра қалдым. Айналып өтуіне мүмкіндік бермей, қасқайып тұрып алып, жақын келгенінде көліктің үстіне етбеттей жатып алдым. Сөйтіп жайлап сырғып, артқы есігін ашып, баламды сүйрелей-мүй­релей отырып алдым.

 

Көлік жүргізушісінің таңертең Шымкентке кетіп, жарылыс боп жатыр дегенді естігесін бала-шағасын әкетуге келе жатқан беті екен. Оған жолшыбай екі-үш әйел отырып алыпты.

 

Көлікке отырғасын балам орнынан тұрды да: «Е, Аллам, Арысымды аман сақта! Адамдарды аман сақта! Ешкім өлмесінші, бәрі тірі қалсыншы!» – деп тура біреу үйретіп қой­ғандай қолын жайып, тілек тілей бастады. Оның тілегін естіп біз жылаймыз. Жанымызда үлкендеу бір апа отыр еді, сол кісі көз жасын көл қылып: «Балам, тоқтамай тілей берші! Тоқтамашы, сен әлі баласың ғой, Құдай сенің тілеуіңді береді!» – деп сөйлеп отыр.

 

Жан тебіренткен мейірім

 

Арыстан сәл ұзағаннан кейін көлік жүргізушісі бізді осы жерден тастап, өзі бала-шағасын іздеп артқа қайтатынын айтқанда бәріміз қарсы болдық. «Бала-шағаң сені үйіңде күтіп отыр дейсің бе? Телефонда байланыс та үзіліп қалған. Ендігі олар да бір әрекетін жасап, ол жерден кетіп қалған шығар. Не болса да бізді Шымкентке жеткіз!» – деп шулап қоя бердік. Ақыры айтқанымызға көніп, «Гелиос» деген бір «заправканың» жанына жеткізді.

 

Ол жерге бізден өзге де келіп жатқандар бар екен. «Заправка» маңындағы сатушылар дүкенде­рінің есігін ашып, салқын суларын ұсынып: «Арыс­тан келді­ңіздер ме? Адамдар аман ба өзі?» – деп жылы сөз­де­­рін айт­қанда еңіреп тұрып жы­ла­дық. Өмірде бірінші  көріп тұрған адам­ның мейірімін төгуі жа­ның­ды тебірентіп жібереді екен.

 

Су ішіп болып қарасам, баламның қолына екі «Сникерс» ұстатып қойыпты. Қалаға шығып, «сеть» ұстағасын күйеуіме қоңырау шалып: «Бір-ақ баламды аман алып қалдым... Қал­ғандары кетті...» – деп жылап қоя бердім. Ол бірдеңелерді айтып, ұрсып жатыр. Сөз түсінетін шамада емес едім. Алдында Арыста оқтың астында қашып бара жатып әке-шешеме қо­ңырау шалып: «Біз енді бұл жер­ден аман шықпаймыз-ау, ұлым өздеріңізге аманат. Өзде­рі­ңіз жеткізерсіздер», – деп жылап-еңіреп қоштасып үлгер­ген­мін. Олар бізді әкет­пек болып жолға шыққалы жа­тыр екен. Шымкентке жеттім деп «звандағанымда» ол кісілер де шүкір­шілік айтып жылай берді.

 

Балаларымен жылап көріскен

 

Сәлден кейін екі қызыма кезек қоңырау шалдым. Тоғызыншы сыныпты бітірген қызыма «звандасам» оның телефонының даусы дәл жанымнан шығады. Қарасам, телефон баламның қолында тұр. «Өзі ғой тастап кеткен, великпен жүргенде түсіп қалады деп», – дейді. Үлкеніне телефон шалсам: «Жол­­да кетіп бара жатып, жарылыс болғанда сол жердегі көп адамдармен бірге мені де «Кам­АЗ»-бен Бадамға апарып тастады», – деді.

 

Қызымның даусын естіп, қуа­нып қалдым. Енді кіші қызым қайтті екен, балабақшадағы баланы алды ма, алмады ма екен деп сары уайымға салынып тұр­ғанымда бір таныс апай қоңы­рау шалып: «Бізді «КамАЗ»-бен Бадамға әкелді, қызың мен ұлың менің жанымда, уайымдама», – деп хабарын айтты. «Апай, балаларым өзіңізге аманат. Қайда барсаңыз да жаныңыздан тастамаңызшы!» – деп өтініш айттым.

 

Сонымен қалаға келісімен осында тұратын әпкеме қоңы­рау шалып едім, ұлын таксимен жіберіп, балаларды үйіне алдыртты. Сөйтіп үлкен қызымды Бадамнан, кіші қызым мен ұлымды Шымкенттегі Байтұрсынов көшесінен тауып алдық. Бәріміздің басымыз қосылғанда у да шу болып жыладық.

 

Сол күні кіші қызым інісін алып үйге келсе, қақпа жабық, біз кетіп қалғанбыз. Сосын жол­ға шыққанында тағы жарылыс болып, бір қолында інісі, бір қолында «велигі», көшеде кетіп бара жатқан өзге адамдарға ілесіп, жаяу-жалпылап жүре бе­ріпті ғой. Жаяулатып, 41-разъезге дейін барыпты. Сол жерден басқа адамдармен бірге көлікке отырып, Бадамға жетіпті. Қайта бағымызға қарай таныс апайға жолыққанын айтсайшы!»

 

Еріктілерге алғыс көп

 

Ақмарал Түркістанға Шым­кенттегі әпкесінің үйінде қа­луға ыңғайсызданғандықтан кеткен екен.

 

«Әпкем қанша күн жатсақ та кет демейді ғой. Бірақ бізді уа­йымдап отырған әке-шешемді де көргім келді. Сөйтіп ертесіне таңертең ерте Түркіс­танға, әке-шешемнің үйіне кеттік. Ол жерге де бір күн қонып, ертесіне  не көрсем де жерлестеріммен бірге көрейін деп Түркістандағы С.Ерубаев мектебінде орналас­қан арыстықтардың жанына жайғастым. Бала-шағаммен бір бөл­меге орналастық. Жақсы адам­дар көп екен. Сондай мейірімді жандардың арқасында мұқтаждық көрмедік. Өз балаларының аузынан жырып, азық-түлік пен басқа да керек-жарағымызды әкеліп, жәрдемін аямаған барша жандарға айтар алғысым шексіз! Әсіресе жер-жердегі еріктілер тобына, бізге қолдау көрсеткен түркістандық еріктілерге ерекше ризашылығымды білдіргім келеді. Төрт мезгіл тамағымыз алдымызда, салқын бөлмеде жаттық, моншаға түсірді. Балаларымызды Йассауи кесенесіне апарып, қы­дыртып келді. Қолымызға ақ­шалай да көмек берді. Арыс­қа қай­тардан бір күн бұрын тегін кон­церт қойып берді», – дейді Ақмарал.

 

Тауықтары ауыра бастапты

 

«Шымкентте арыстықтар ми­тин­гіге шықты ғой. Түркіс­танда жатқан арыстықтар шығайық демеді ме? Жалпы, осыған өз ойың қалай?» – деп сұрағанымда Ақмарал: «Арысқа келу денсаулығымызға, өмірімізге қауіпті екенін бәріміз де біліп отырмыз ғой, – деді. – Бірақ үйімізді, жұмысымызды тастап қайда барамыз? Үйреніп қалған жеріміз. Сол митингке шыққандарды теріс ойлы біреулер арандатпады ма екен деп ойладым. Бір күн бұрын ғана әкімшіліктегілер балаларыңды осы жерден лагерьге жібереміз деп еді, ер­тесіне таңғы алтыда автобустарды әкелді де, шетімізден отыр­ғызып, ауылымызға шығарып салды. Бір фура азық-түлік келіп тұрған еді, арттарыңнан барады, кете беріңдер деді. Содан Арысқа жеткізгесін көшеміздің басынан түсіріп тастап кетті.

 

Бүгінде жер-жерден көмек келіп жатыр. Бірақ үйді-үйге таратпай, көше басында, өздері секторларға бөліп қойған штабтарда таратып жатыр да, ол жерде біреулер бала-шағасымен кезекке қайта-қайта тұрып әкетіп, ал көмек келгенін білмей қалғандар ештеңе ала алмай қалып кетіп жатыр. Мектепке барып сұрасақ, енді келсе үйді-үйге таратамыз деп қайтарды».

 

Мен таксиге отырып, Арысқа келе жатқанымда «ауырып жатырмыз, балаларымыздың іші өтіп жатыр, тамағымыз бітіп қалған еді, бүгін ашылды» деген әңгімелер естігенмін. «Сен­дердің денсаулықтарың қалай?» – деп сұрағанымда кластасым: «Бірінші келген күні басым ауырып, ішім үлкен боп ісіп, кеуіп кетті, – деді. – Басым ауырып, қоймағасын кеше кешке мектепке барып, дәрі ектіріп келдім. Үй жинауға жәрдемдеседі деп үлкен қызым мен ұлымды әкеліп, кішкен­тайларымды ата-анама тастап кеткенмін. Үлкен баламның денесі қызарып, аллергия шығып кетті. Оған да ине ектірдік.

 

Үйге келгенімізде қолымызға жадынама берген. Сол бойынша колонкадағы суды жарты сағат ағызып қойдық. Үйдегі қалған азық-түлікті тастадық. Күріш, вермишель, жарты қап ұным бар еді, обал ғой деп тауықтарға беріп жатырмыз. Та­уықтарымыз дінаман тұрған еді. Кешелі бері біреуінің іші өтіп, қазір жүре алмай қалды. Ветеринар шақырып қойғанмын, қа­зір келетін шығар. Экологияға да үйренейін дедік пе, бүгін еш жерім ауырып тұрған жоқ. Тек қолыма қызарып бірдеңе шығыпты», – деп жеңін түріп көр­сетіп еді, шынтақтан жоғары  тұсы жүз теңгеліктің көлеміндей болып қызарып тұр екен.

 

Екеуміз әңгімелесіп отырғанда ветеринармен бірге тағы үш-төрт адам ілесіп келді. Дизотряд екен. Өлген малды жинап алып өртеп жібереміз деді. Сөйтіп кластасымның тауық қорасы мен ауласына «Дистерлайд» деген дәріні шашып кетті.

 

Жарылмаған снарядтар бар сияқты

 

Арыстықтар қалаға оралған күні-ақ әкімшіліктен адамдар үйлеріне барып, шығындарын есептеп, үйлерін жөндеп беруге тіркеп кетіпті. Көп үйлердің шиферлары мен терезелері ұшып кеткен. Дуалдары жарылған. Үйлерінің сыртында шифер мен әйнек сынықтары үйіліп жатыр. Бірақ көшелерін тазартып қойған. Базарлар мен асхана, дүкендер жұмыс істей бас­тапты. Дегенмен адамдар әлі ашулы, үрейлері басылмаған секілді. Көбісі балаларын әкелуге қорқып отыр. Лагерьге бірінші «поток» толып қалыпты дейді.

 

Ақмарал мені шығарып салмақшы болып, бір-бірімізді қимай, жаяулатып келе жатқанда «КамАЗ» көлігі тоқтап, әскери киінген жас жігіт бір мекен-жайды сұрады. Саперлар екен. Жарылмаған снарядтар әлі көп дейді. Оның денсаулыққа зияны бар-жоғы туралы сұрап едік, ол: «Арыста ядролық, биология­лық, атомдық қару жоқ. Қорықпаңыздар, снарядтардың зияны жоқ. Сіздер ішкен суды біз де ішіп жүрміз», – деп жауап берді. Басымыз неге ауыратынын сұ­расақ: «Внушение» ғой», – дейді.

 

...Білмеймін, шынымен «внушение» ме, әлде, күннің ыстығынан ба, мүмкін жарылыстан кейін ауа былғанғанының әсері ме екен, басым қатты ауырып, қайтқанша асықтым. Шымкентке оралғаннан кейін де қоймай, ертесіне түске қарай ғана сәл басылғандай болды.

 

Жалпы, Арысқа барып көріп-білген, естіген әңгімелерім осындай. «9-сектор» деген штабына барып: «Бізге көмек беріліп жат­қан жоқ. Теледидарда фуралармен азық-түлік жеткізіліп жатқанын көрсетуде. Олар қайда?!» – деп айқайлаған әйелдерді көрдік. Олардың ашуын сол жердегі мұғалімдер басып жатты. Ол айқайды фотоға алып, видеоға түсіруге зауқым соқпады. Себебі арыстықтардың қай-қайсысы болса да бейбіт күнде соғыс көріп, жандары жараланған жандар ғой. Қолымыздан келсе, жәрдем беріп, келмесе, үндемей, тыныш отырғанымыз өзімізге де, оларға да жақсы болар деп топшыладым.

 

Енді мұндай сұмдық болмасын! Мамандар айтқандай, шынында да тіршілік етуге, денсау­лыққа ешқандай зияны болмаса екен, арыстық ағайын аман болсыншы деген тілекпен оралдым.

 

Г. ӘШІРБЕКОВА.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ