Балташ Тұрсымбаев Арыстағы жағдай жөнінде не дейді?

10.07.2019
Қаралды: 246

Арыс тақырыбы – талқыланып бітпеген әңгіме. Ол туралы әлеуметтік желілерде ой-пікірін білдіріп жатқан азаматтар баршылық. Жуырда «Youtube» желісінен Ержан Тұрғымбайдың мемлекет және қоғам қайраткері, саясаткер Балташ Тұрсымбаевпен болған сұхбатын тыңдаған едік. Сондағы әңгімеден  аздаған үзіндіні назарларыңызға ұсынып отырмыз.

 

Балташ аға, қоғамда Арыстағы жарылыс әдейі ұйымдастырылған жоқ па екен деген сұрақ туындауда. Бұл туралы не ойлайсыз?

 

– Әлеуметтік желіде көптеген пікірлер бар. «Мұны әдейі ұйымдастырды. Күзетте жүрген әскери адамдар ештеңе жасаған жоқ, өз-өзінен өрт шықты. Ешкімге шара қолданған жоқ» деп жатыр. Мұның барлығының басын ашып, халыққа түсіндіру үшін арнайы комиссия құру керек. Оған әскери адамдар, прокуратураның қызметкерлері кірсін. Олардың арасында халық сенетін белсенді заңгерлер де болуы қажет. Сонымен қатар белсенді тәуелсіз журналистерді де енгізу керек. Олар да бірге жүріп, бірге көруі тиіс. Бұған ашық тергеу жасап, кінәлілерді жауапқа тартып, жазалау керек. Біраз уақыт өткен соң жарылыстың себебін «бір «сварщик» сыра ішіп алып, қателесіп кетіпті», болмаса, «электрик сымдарды дұрыс жалғамаған,  соның кесірінен қоймалар жанып кетті» деп айтуы да мүмкін.

 

Біз жаңадан құрылған мемлекет емеспіз. Мемлекеттің бүкіл институттары бар. Соның ішінде мемлекеттік материалдық резерв деген болуы керек. Төтенше жағдай, соғыс бола қалса, әлгі мекемеден қаражат, киім-кешек, азық-түлік, шатырлар бөлінуі тиіс. Бірақ өз басым «мемлекеттік резерв ашылды, содан халыққа көмек жасалды» дегенді естімедім. Тек халыққа халық қана көмектесіп жатыр дегенді естиміз. Бұған не дейсіз?

 

– Бізде барлық ақпарат жабық. Егер де бізде ашық мемлекет болса, Парламент жұмыс істейтін болса, сол арқылы комиссия құрып, материалдық резервтің қоймаларын тексеруге болады. Оның өзіндік нормативі бар. Онда қанша азық-түлік, қанша киім-кешек болуы керектігі көрсетілген. Тағы да басқа қажетті заттар сол қоймада түгел тұруы керек. Осындай төтенше жағдай болған кезде сол қойманы ашып, халыққа тарату керек. Ал ол бар ма, жоқ па, оны ешкім білмейді.

 

Арыста әскери қойма әлі бықсып жатыр. Тағы да жарылыс болуы мүмкін. Тұрғындарды Арысқа қайтаруға неге асықты деп ойлайсыз? Үш күнде ештеңені де жөндеп үлгере алмайды ғой...

 

– Олар: «Бұлар неліктен Шымкентте қаңғырып жүруі керек? Барсын. Жанып кеткен үйі болса, соны көрсін, қорасы жанған жоқ шығар, сарайы жанған жоқ шығар, сонда тұрсын. Сол Арыстың маңайында жүрсін. Шымкентте олар не үшін жүреді?» деп ойлайды. Бұл олардың өзінің тәсілі, соны жасап жатыр. Ал енді халық соған көне ме, көнбей ме, оны мен айта алмаймын. Қазір халық оянды, көзі ашық. Жететін жеріне жетті.

 

Мынадай сұрақ туындауда: Оңтүстік аймағымызда үлкен дағдарыс болып тұр ғой. Депутаттарымыз, Сенат, Мәжіліс төрағасы неге Арысқа, Шымкентке барып қайтпайды екен?

 

– Олар барып қайтеді? Олар халықтың алдында жауап беріп, есеп беріп көрген жоқ. Қай облыстан болса да «Сіздердің Парламенттегі депуттарыңыз кімдер?» деп сұрасаң, олардың фамилиясын біреуі де білмейді. «Қай облыстан қандай депутат бар, кім олардың сұрағына жауап береді» деген әңгімені ешкім білмейді. Себебі оның бәрін солай жасап қойды.

 

...Саясаткер Балташ Тұрсымбаев осылай деп пікір айтыпты. Жұрттың жанына батқан бұл тақырып төңі­регіндегі әңгіме әлі де аз болмайтын секілді.    

 

М. ИБРАЕВА.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ