Тіл апаттарынан аулақ болайық, ағайын!

10.07.2019
Қаралды: 312

«Басқа пәле – тілден» деп өткен ата-бабаларымыз аңдап сөйлеуді үйреткен. Бұл қасиет дін дәстүріне, шариғат шартына байланады. Осы тұрғыдағы көптеген жазбаларда арнайы бөлім мен баптар қарастырылған еңбектер жазыл­ған. Бұл бөлімдер «Тіл апаттары» делінеді.

 

Дінде шыбынды қарғағанды да дұрыс көрмейді

 

Тіл апаттары – өсек, өтірік, ғайбат, жала, жалған айғақ және тағы басқалар. Тілден келетін осы үлкен күнәлардың ең жоғарғы шыңында қарғыс тұр. Яғни аты да, заты да, естілуі де тұрпайы, шариғат шеңберін бұзатын, пендені қақсататын, лағынет сөздер. Атамыз қазақ балаларын қарғыс алмай, алғыс алуға тәрби­е­лейтіні де осыдан.

 

Негізінде қарғыс – күпірлікке жақын істерден. Алла Елшісі (с.ғ.с) жан-жануарды, мал атаулыны қарғауға тыйым салған, тіпті жансыз нәрсені де. Кезінде бір сахаба түйесін қарғағанда ол қарғысы қабыл болып, түйе еркіне жіберіліп, айдалада оның қор болып өлгені сүннеттен белгілі.

 

Сол қатарда таң сәрідегі әтешті де қарғау күнә. Себебі мойнын созып, періштені бірінші көретін, елді таң намазға оятатын осы әтеш. Ендеше, әтешті лағынеттеу күнә болса, мешітте азан шақыратын муәззінге (азаншыға) қарғыс айту адамзатқа не әкеледі, ойлана берейік?!

 

Жаратылыстардың ұсақ түйірлеріне жататын бит, шыбын-шіркейлерді де қарғаудан асыл дініміз қайырады. Себебі олардың қай-қайсысы болсын, тегіннен-тегін, бекерден-бекерге жаратылмаған. Әлбетте, олардың біз біле бермейтін атқарар шаруалары жетерлік. Тоқсан жыл ғұмырында не адамға, не Аллаға пайдасын тигізбейтін адам болуы мүмкін. Ал біле білсеңіздер, шебер Алланың бұл жаратылысы бір ай көлемінде өмір сүреді. Алайда, адамзатқа берер пайдасы баршылық. Егінді шығынсыз жинауға көмектесетін, шегіртке және өзге зиянды жәндіктердің жұмыртқасы мен зиянкестерді жоятын, бір қанатында мықты антибиотигі бар шипалы хикмет. Бір шыбынның өзінен көп ғибрат алуға болады. Тіптен аңдардың алпауыты піл осы шыбыннан қорқады.

 

Бірде Мысыр патшасы өз құзырына имам Аузағиді (р.ғ) шақыртады. Сол кезде патшаның мазасын айналасындағы шыбын-шіркейлер алып отырғанда, имам кіріп келеді. «Осы шыбын-шіркей дегенді Алла-Тағала не үшін жаратты?» – деп сұрақ қояды патша имамға. Сонда  ойланбастан: «Өзін құдіретті санаған зорларды тәубесіне түсіру үшін, Сіз сияқты қол жетпес дәрежедегі адамның мазасын алу үшін осы шыбын жаратылды», – деген екен имам Аузағи (р.ғ.).

 

Аптап ыстыққа да қарғыс жүрмейді

 

Табиғат құбылыстарынан қатты соққан жел, нөсерлеп құйған жаңбыр, толассыз жауған қар, бет қарытар үскірік аяз, шөліркеткен аптап ыстыққа да қарғыс жүрмейді. Дегенмен адам аузынан шығатын небір лағынет алдымен көкке көтеріліп, иесін іздейді. Оған аспан есігі жабық болса, жерге қайтып түседі. Жер қабылдамаған соң мекенін таппаған қарғыс шыққан жеріне, яғни ауыз иесіне оралады. Халқымыздың «Жүйелі қарғыс жүйесін табады, жүйесіз қарғыс иесін табады» дейтіні осыдан.

 

Осылайша ауырлықты, яғни кішкентай тілімен-ақ күнәнің зорын адам өзіне оңай жолмен артып алады. Екі адам сөзге келіп, соңында қарғасса, күнәсі дауды бірінші бастаған адамға жазылады. Жалғасы қарғысқа жауап бере бастағанда екіншіге өтеді. Адам баласы қарғысты мүлдем айтпағаны жөн. Алайда осы дене түршіктірер лағынеттерді бүгінде құлағымыз жиі шалады. Ағайын-туыс, абысын-ажын, көрші-қолаң, ата-ана мен бала арасында жүретін ащы сөздер аяғы лағынетке ұласып жатады. Бұл үрдістің көбеюі қиямет. Тіпті «Сені Құдай тапсын» деудің өзі лағынеттің тіркемесі екенін жұрт біле де бермейді.

 

Ханафи мәзһабында басшы Алланың қалауымен келетіндігі айтылады. Ал бұл қалауға қарғыс бағыттауға болмайды. Тарихта залым патшалығымен есте қалған Шиддат патшаның елі әрбір құлшылықтарында жүйелі түрде оған қарғыс айта бастайды. Сонда заманының ғұламасы ибн Құдама: «Сендердің айтқан қарғыстарың Шиддаттың зұлымдығынан асып түссе, онда сол лағынеттерің өздеріңе оралады әрі бастарыңа зұлмат әкеледі», – дегені бар.

 

 

Пара берушіге де, алушыға да қасірет бар

 

Алла-тағала мен пайғамбарымыздың (с.ғ.с) қарғысы бірсыпыра ауыр күнә істеушілерге қоса тіркелген. Олардың кейбірін тізбектесек, ата-анасын ренжіткендер, сахабаларға тіл тигізгендер, мұсылмандарға қару көтергендер, хайуандарды бетінен соққандар, әділетсіз соттар, біреудің қателігін көріп, оны түзетпегендер, пара берушілер және оны алушыларға үлкен қасірет бар.

 

Сонымен бірге, қайғыда киімін жырту, күпір сөз айту, аспан әлемі еститіндей ойбайлау, өзіне өлім тілеу – лағынетті істер қатары. Елдің ризалығынсыз имам болу, оларға басшы болу, Құран мен хадиске өздігінен сөз қосу, келешек ұрпаққа қасірет әкеліп, елдің азғындалып, жоқ болуына себепті күнәлардың бірі – ер мен ердің, әйел мен әйелдің жыныстық қарым-қатынастары лағынетті күнәлардың төресі. Лұт пайғамбар қауымының тып-типыл болуына әкеліп соқтырған да осы былапыт істер.

 

Жолға дәрет сындырғанға, лас су төккенге қарғыс тиеді

 

Әбу Хурайрадан (р.ғ) келген сахих хадисте адамдар өтетін жолға дәрет сындырылса, лас су төгілсе, оған Алланың қарғысы, періштелердің қарғысы, жалпы адамдардың лағынеті болсын делінген. Міне, сол жер тазарғанша, ол жерді сол нәлет басып тұрады.

 

Сонымен бірге адамдар көлеңкелейтін жерлер, көпқабатты үйлердің кіре берістері (подъездер), балалар ойнайтын алаңқайлар да – мешіт тәрізді құрметке ие ел игілігіндегі құтты мекендер. Түркі тектес ұлыстар­да, үйдің кіре берісін «астана» дейді. Енді бұл сөз біздің түсінігімізде үйдің кіре берісінен төрге дейінгі аралық болса, оның тазалығы періштелерді жақындатып, ал ластануы Құдайдан алыстау дегенді білдірсе керек-ті.

 

Бір адамның қолына терең іріңді жара шығады. Небір ем-дом шараларды  қолданса да жарасы жазылмайды. Не дәрігердің дәрісі, не имам-молдалардың оқығандары шипа болмайды. Сонда бір үлкен ғұлама: «Мүмкін осы қолыңмен біреуге зұлымдық жасаған шығарсың, қолыңды қарғаған болар», – дейді. Сол сәтте ол үйінен жүгіріп шығып кетеді. Арада біраз уақыт өте ол ғұламаға келіп, сый-сыяпатын беріп, батасын алады. Қолы дерттен айыққан, оның себебін сұрағанда: «Менің құдайы көршім қайтыс болып, әйелі бірнеше баламен жесір қалды. Олардың үйіне тиесілі жерін өктемдікпен өзіме қаратып, иелігіме өткізіп, тартып алған едім. Сонда сол жесір әйелдің: «Қолың құрсын!» – деген қарғысын құлағымның щалғаны бар-тын. Сіздің сөзіңіз жүрегімді сырқыратып, соны еске салды. Дереу әйелге тиесілі жерін қайтарып, қосымша үстемелеп сыйлықтар бердім, оның кешірімін алдым. Қолымның дерті жеңілдеп, айығып кетті», – деген екен.   

 

Қарғыстың қасіретінен аулақ болайық

 

Ұрпағымыздың келешегі, оның кемелдігі үл­кендеріміздің дуалы батасында, болашақтарының күйреуі ата-аналарымыздың кейісті қарғысында жатыр. Қасиетті Меккенің «Әл-Харам» мешітінде қызмет атқара­тын имамның анасы ұлына ашуланған кезеңде: «Мек­кенің имамы болғыр!» – дейтін әдеті болған екен. Міне, сол айтқаны қабыл болып, ұлы әлем мешітінің ұлық дәрежесіне көтерілді. «Менің осы имамдығым анамның қарғысымен келген», – дегені де бар имамның.

 

Сондықтан, ағайын, әжелеріміздің тіл жебесіндегі «Тұқымың жайылсын!», «Көсегең көгерсін!», «Көрпең ұлғайсын!», «Бұл дүниеде – жиғаның, о дүниеде – иманың болсын!» деген көркем бал сөздері жадымыздан өшпесін. Балаларымызға риза болмағанда үйреншікті былапыт сөздер мен қарғыс орнына «өскір, өнгір, көктегір» деген сынды сөздер айтуды әдетке айналдырайық. «Біреуге өлім тілегенше, өзіңе өмір тіле» деген бар. Түбінде жақсылыққа апаратын бұл сөздерге періштелер «Әумин» десе, айтқанымыз тапжылмай орындалатыны хақ. Осы тіл апаттарынан мейлінше аулақ болайықшы!

 

Нұрлан қажы БАЙЖІГІТҰЛЫ, имам, дінтанушы.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ