Инвестор деп шетелдіктерді әбден құтырттық

08.07.2019
Қаралды: 378

Инвестор деп шетел­діктерді әбден құтырттық. Олар­дың сауатсыз, дымбілмес қаңғыбастары жергілікті жұ­мысшылардан он есе артық жалақы алады. Жұмыстың ебін білсе бір сәрі, соларға үй­рететін де –  аңқылдаған қазақ.

 

Түріктердің дегенін істеп, бір құтырттық. Жергілікті билік жұмыс істемейді, жұмыс алаңдарындағы жағдай мен айлық табыстары қалай – бармайды, білмейді. Бас ауыртып, жұмыс алаңдарына бармайды.

 

2006 жылғы қазақ-түрік қақтығысына дейін де қаншама жанжал болды. Сорлайтын – тек қазақтар. Сотталып, түрмелерге тоғытылды. Жұ­мыс­тарынан қуылып, өндіріс аймағына кіретін «пропускалары» бес жылға жабылды. Жұмыссыз қалды. Олардың мұңын мұңдап, жағдайын түсініп, жәрдем етіп жатқан билік жоқ. 2006 жылғы оқиғадан кейін ғана амалсыздан санасатын болды.

 

Кешегі араб компаниясындағы оқиға да сол. Дегеніне көнбеген (орынды болса, бір сәрі) қазақтарды жұмыстан қуып, «Қашаған», «Қарабатан», «Қарашығанақ» кеніштерінде дегенін істеп келген арабтар «Теңіз» кенішіне келгенде ойланулары керек еді. Өткеннен сабақ деген болмаушы ма еді? «Теңіз» кеніші – «Қарашығанақ» немесе «Қашаған» емес. Бұл жердің халқы өзгеше.

 

Билік қашан өз жұмысшыларының құқығын қорғар екен? Биліктен қайыр болмағасын жұмысшылар жұдырыққа жол беріп, намыстары мен құқықтарын қорғамағанда қайтсін? Не болса да болары болды. Енді жұмысшылар қудаланбай, өзгелер де, билік те осы оқиғалардан сабақ алсын!

 

...Осыдан жыл бұрын бір досым «арабтар түріктерден бетер екен» дегенде тағы бір досым «әрі кетсе түріктердің кебін киіп, таяқ жер» деген еді. Дегені болды. Енді қазақтың менталитетін оқып, санасып келсін кім-кім де...

 

Есбол МАХИСОВ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ