«Теңіз» неге толқыды?

08.07.2019
Қаралды: 226

Жұрт Түркістан облысының Арыс қаласындағы болған төтенше жағдайдан ес жия алмай жатқанда, 29-маусым күні Батыс Қазақстандағы «Теңіз» кенішінде де оқыс оқиға орын алғаны белгілі. Жергілікті қазақ жұмысшылары мен «Теңізшевройл» концерніне қарасты мердігер компания жұмысшылары – арабтармен арада болған жанжал елді тағы да дүр сілкіндірді.

 

Төбелеске араб азаматы себепкер болған

 

Бұл кен орнындағы төбелес негізінен жергілікті жұмысшылардың табысы шетелдіктердікінен аздығы себепті шығып отыр. Жұ­мыс ауыр, оған ақы шетелдіктер алатын жалақыдан бірнеше есе төмен төленеді. Оның үстіне базбіреулердің жергіліктілерге мұрын шүйіре қарайтыны, кемсі­тетіні, жұмыс орнындағы қыздар­ға қырындайтыны бар. Шыдамның шектен шығуына «ССЕР» деп аталатын араб компаниясында қызмет істейтін бір азаматтың әлеуметтік желіде қазақ қызымен түскен анайылау суретті жариялауы себеп болды.

 

Осыған көтерілген қазақ жігіт­тері жиналып, көзіне көрінген араб атаулыны таяққа жыға бастады. Оқиға полицияның араласуымен әзер басылды.

 

Ресми деректерге қарағанда, төбелес кезінде 45 адам түрлі жарақаттар алған, басым бөлігі – араб ұлтының өкілдері. Оқиғаға орай онда салынып жатқан за­уыт жұмысы уақытша тоқтатылды. «ССЕР» компаниясының басшысы кінәлі қызметкері үшін ке­шірім сұрады, оны жұмыстан шығарғанын мәлімдеді. Оның өзі де әлеу­меттік желі арқылы қазақстандықтардан кешірім сұрады.

 

Аталған «ССЕР» компаниясы Біріккен Араб Әмірліктерінің Дубай қаласында тіркелген екен. Өнер­кәсіп орындарына электр жаб­дықтарын орналастырумен айналысады.

 

Аталған елдердің ресми орындары «Теңізде» болған оқиғаға қатысты алаңдаушылық білдірді, кей адамдары Қазақстанға талап қоюға да тырысты. Бүгінде Атырау облысының әкімдігі «Теңіз­шевройл» концерні және оқиға орын алған «ССЕР» компаниясы басшылығымен келіссөздер жүр­гізіп жатыр. Оларға жұмысшылар­ға тең жағдай жасалуы, шетелдік­тердің жергілікті тұрғындардың ар-намысына тиіп, оқыс оқиғаларға себеп болмауы керектігі жөнінде ескертілді.

 

...Жалпы, «Теңіз» кенішінде жергілікті және шетелдік жұмысшылар арасында төбелестер бұ­рын да болған. 2006 жылы қазан айында қазақ жұмысшылар мен түріктер төбелескен. Оған түрік азаматтарының бір қазақ жігітін жабылып соққыға жығуы себеп болған еді. Төбелес жаппай сипат алып, көптеген адамдар зардап шеккен болатын. Яғни ол кезде де жергілікті жұмысшылар әді­лет­сіздікке қарсы көтерілген еді.  

 

Миллиондаған тонна мұнай-газ өндіріледі

 

Осы орайда Атырау облысындағы «Теңіз» кеніші туралы аздаған мәліметтер бере кеткен де артықтық етпес.

 

«Теңіз» кеніші Атырау облысының орталығынан 350 шақырым қашықта жатыр. Ол жерде мұнай-газ ке­нішінің табылғанына биыл 40 жыл толғалы отыр. Кенішті басым бөлі­гі жергілікті қазақтар болып табы­ла­тын мамандар тап­қан, сол үшін олар­ға мемлекеттік сыйлық берілген.

 

Кеніште 1985 жылы алапат өрт орын алған. Бұрғыдан 200 метр биіктікке дейін көтерілген мұнай-газ бұрқағы өртеніп, оны толықтай сөндіруге 400 күн, яғни бір жылдан аса уақыт кеткен.

 

Бұл кен орнында салынған алғашқы мұнай-газ кешені 1991 жылдың сәуір айында іске қосылған. Содан бері жыл сайын миллиондаған тонна мұнай мен газ өндіріп келеді. Ондағы шикізаттың баланстық қоры 3 миллиард тоннадан асады деп есептелген. Мұнай мен ілеспе газ 4-5 шақырым тереңдіктен алынып жатыр. Газдың қорының өзі 1,8 миллиард текше метр деп есептелген.

 

Кен орнынан жылына орта есеппен 25 миллион тонна шикізат өндіріледі. Өткен жылы 28 миллион тоннадан астам өнім өнді­рілген болатын.

 

Негізгі үлес АҚШ компаниясына тиесілі

 

«Теңіз» кенішінен мұнай-газ өндіру үшін шетелдік компаниялармен келісім жасалған. 1990 жылы оған АҚШ-тың «Шеврон» компаниясы келді. Бүгінде оған кеніштің 50 пайызы тиесілі. 25 пайызы осы елдің «Эксонмобил» компаниясының үлесінде. 20 па­йызы отандық «ҚазМұнайГаз» компаниясына, 5 пайызы ресейлік «ЛукАрко» компаниясына тиесілі.

 

1993 жылы «Теңізшевройл» қа­зақ-американ компаниясы құрылған. 2001 жылы «Каспий құбыры консорциумы» іске қосылғаннан ке­йін «Теңізден» өндірілетін бүкіл мұнай Ресейдің портты қаласы – Новороссийскіге жіберіле бастады. 2008-де «Баку – Тбилиси – Жейхан» құбыры тартылғаннан кейін өнім Әзірбайжан, Грузия, Түркияға дейін жетті. Одан бөлек, теміржол тасымалымен Әзірбайжан жері арқылы Грузияның Қара теңіздегі айлақтарына да жеткізілетін болды.

 

...Міне, «Теңіз» кенішінің қыс­қаша тарихы осындай. Өкінішке орай, оның тарихында технологиялық апат болған, ұлтаралық жанжал орын алған кездер бар. Қазір де  шешімін күтіп жатқан өзекті мәселелер аз емес.

 

Т. ТҰРАН.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ