«Полигоннан әскери адам жүгіріп шықса, зәреміз қалмайды», – дейді Арыстың тұрғыны

08.07.2019
Қаралды: 229

Арыс оқиғасынан бері біраз күн өтті. Қаланы қалыпқа келтіреміз деген басшылық бүгінде жөндеу жұмыстарын бастап та кеткен. Алайда қалаға қайтып оралған арыстықтар әлі де үрейден арыла алмай жүр. Солардың қатарында  Айжан Нәлібаева да бар. Өзімен тілдескенімізде ол бізге дәл полигонның қасындағы әкімдік салып берген көпқабатты үйлердің бірінде тұратынын айтты.

 

«Бұл жанға батқан жарамыз болып тұр ғой. Дәл қазір мұнда жатып ұйықтауға қорқамыз. Жарылыстан кейінгі үйімнің жағдайы мәз емес еді. Есіктері бір жақта, терезелері бір жақта қирап жатты. Снаряд ас бөлмесіндегі тоңазытқышты тесіп өткен. Жиһаздарымыз жайрап қалған. Тура бір соғыстан кейінгі жағдай сияқты еді.  Көріп жүрегіміз ауырды. Осы үйді биылғы жылдың ақпан айында ғана алғанбыз.

 

Тұрып жатқанымызға төрт айдан енді асқан жаңа үй еді. Жөндеуіне жөнделеді-ау, бірақ бойымыздағы қорқыныш пен үрейден қалай құтыламыз? Тек екінші қайталанбасын, осымен тоқтасын деп күндіз-түні Құдайдан тілеп отырмыз. Сол күннен бері көңілімізде қалай өмір сүреміз деген күдік басым. Бізге мұнда радиация жоқ, экология таза деді. Оған аса сеніңкіремеймін. Шымкенттен қайтқанымызда Арыс­қа жақындағаннан-ақ екі құлағым бітеліп, басым ауырды, келген соң екі сағаттай мазам болмады. Соншама жарылғыштан бөлінген зиянды заттардың адам­ға еш әсері болмауы мүмкін емес деп ойлаймын.

 

Қазір өзім Арыс қаласынан бір сағаттық жердегі Монтайтас ауылындағы әке-шешемнің үйіндемін. Таң­ертең барып, үй жақты көремін, қосымша жалға алып жұмыс істетіп жатқан дүкенім бар еді, сол жаққа соғамын да, кешке қайтып кетіп жатырмын. Бала-шағамды әкелуге қорқамын. Қашанға дейін бұлай жүретініміз белгісіз. Басымыз қатып, не істе­рімізді білмей қалдық», – дейді ол.

 

Айжанның өзі Арыс қаласының әкімін жарылыс болған күннен бері 30-маусымда бір-ақ көргенін айтады. Сол күні ол үй жағына соққанда әкім тұрғындарға жиналыс жасап жатыр екен. Қала әкіміне бірнеше сұрақтарды қатар қойғанымен ойындағыдай жауап ала алмапты.

 

«Өзімнің қойған сұрақтарыма мардымды жауап алдым деп ойламаймын. Керісінше, ол кісінің сөздерінен кейін жүрегім дүрсілдеп кетті. Қауіпсіздік шараларына мүлдем дайын емес секілді. Әкімнен: «Осыншама қаруды ұстап отырсыздар, ал халықтың қауіпсіздігін мүлдем ойламайсыздар, бұл қалай?» – деп сұрасам, ол: «Бұл – айтып келмеген апат, мұндай жағдайда адам өзін-өзі құтқаруы керек», – дейді. Мұнда шамамен 44 мың халық бар, соның 39 мыңы өзін өзі алып шыққан. Сонда арғы жағында небәрі 5 мың адамды эвакуацияладық деп отыр.

 

Әлі жағдай тұрақтанып, қалыпқа келе қойдық деп айтуға ертерек. «Осылай отыра бермей, тірші­ліктеріңізді жасаңыздар», – дегенді айтады. Ол тіршілікті қалай жасаймыз?  Адамдардың бойында үрей бар. Екі көздері әскери қойма жақта. Әскери киінген адам көшеге жүгіріп шықса да зәреміз қалмайды. «Амансыңдар ма, тынышсыңдар ма?!» – деп солардан сұрап отырамыз.

 

Осыншама қару-жарақ бар екенін біле отырып, соншама адамның өмірін қауіп-қатерге тігіп, бізге дәл полигонның жанынан үй салып бергендерін түсіне алмаймын. Мұны әкімнен де сұрадым. Ол кісі: «Бұл жерге салынатын үйлер­дің сызбасы мен келмей тұрып-ақ бекітіліп қойған», – дейді. Полигон дәл желкемізде тұр. Оған халықты қалай жақын ұстап отырғаны маған түсініксіз», – дейді ол.

 

Айжанның айтуынша, көршілерінің де қорқынышы басым. «Қайтеміз, қайда барамыз» деген қараша халық бірнеше бала-шағамен өз үйлерінен бас­қа жерге сыймайтынын да айтады. Кейбірі мектепке жайғасқан көрінеді. 

 

«Әкімдіктегілер біраз адамды мектепке орналастырғанын айтқан болатын. Бірақ ол жаққа өзім арнайы барып көрмедім. Көршілерім азын-аулақ азық-түліктің жеткізіліп жатқанын да айтуда. Естуімше, жан-жақтан келген барлық азық-түлікті бір қоймаға жинап, оны әр көшеге бекітілген адамдар таратып жатқан көрінеді. Көмекті көбіне қарапайым халықтан көрдік қой. Шымкентте де ас-суын әкелген сол қарапайым халық. «Біз Арыспен біргеміз!» деген акциямен келіп жатқан қаншама жүк көлігін көзіміз көрді. Халыққа рақмет, ел-жұрт бар екен», – дейді ол.

 

...Сол күні бүтіндей бір қаланың халқы босып кетуіне себепші болған бұл жарылысты көпшілік қалай ұмыта қойсын? Енді үрейленген халықтың көңілі қалай тыншыр екен?

 

М. ШЫНҰЗАҚ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ