Англияда оқитын Адат

04.07.2019
Қаралды: 319

Қазіргі уақытта көптеген қазақ жастары шет мемлекеттерде білім алып жүр. Сондай жандардың бірі – Англияның Рединг университе­тін­дегі құрылысты басқару мектебінің магистранты Адат Әділхан. Білікті құрылыс маманы, Павлодар өңірінің тумасы Адатпен біз таяуда сұхбаттас болдық.

 

– Құрылыстың ел саясатындағы мәні үлкен деп жатады. Осы жайлы айтсаңыз.

 

– Иә, расында да құрылыс саласы – үлкен саясат. Құрылыс ел дамуының барометрі іспеттес. Бірақ әлем қауымдастығының алдында абыройлы болу үшін құрылыстың сапасы жоғары болуы тиіс. Осы тұрғыдан алып қарағанда, әрине, күрделі жайттар баршылық.

 

Еліміздің құрылыс компанияларында аз шығынмен көп іс тындыру деген үрдіс қалыптасты. Осыдан барып әкімшілік және әлеуметтік нысандар сапасы төмен арзан материалдардан бой көтеруде. Қаржы сырт­­қа кетеді, себебі қажетті материалдар өзімізде өндірілмейді. Кейін көбі жөндеуді қажет етіп жатады.

 

Мемлекеттік сатып алу тәсілі де құрылыс сапасын төмен­детіп жатыр. Мұнда нысанды мейлінше арзанға тұрғызып беремін деген компания мердігерлікті ұтады. Содан барып сапа төмен болып жатады.

 

Компаниялар банктен несие алып жұмыс жүргізеді. Банктің көп мөлшерде үстеме пайызы, ай са­йынғы төлемі болады. Осылайша үнемдеу, арзанға ұрыну жалғаса береді. Ал нәтижесінде сапасы төмен ғимараттар бой кө­те­реді. Бұл проблеманы шешудің жо­лы біреу-ақ. Ол – отандық құ­рылыс саласын түбегейлі реформалау және құрылыс өнер­кәсібін тиімді де сапалы жолға қою.

 

– Болашақта Қазақстанның құрылыс саласының көркеюіне қандай үлес қосуға ниеттісіз? 

 

– Құрылыс саласындағы, соның ішінде инфрақұрылым құрылысындағы менеджменттің деңгейін арттыру қажет. Сапа да, құрылыстағы шығармашылық та, сәулет жетістігінің өсуі де бірінші кезекте жұмысты дұрыс ұйымдас­тыруға, саланың барлық үде­рістерін технологиялармен және бизнеспен тығыз байланыстыруға байланысты. Менеджмент деге­німіз осы.

 

Амандық болса, тәжірибе жинақтап, еліміздің құрылыс саласына еңбек сіңірсем деймін. Құрылыс деген тек қана тұрғын үйлер мен мектеп, балабақшалар емес, оның аясына жолдар, каналдар, магитральды құбырлар, су қоймалары, вокзалдар, әуежайлар, ірі өндіріс орындары, мәдениет ошақтары, әкімшілік ғимараттары сынды толып жатқан нысандар кіреді. 

 

– Маман ретінде қазіргі уақытта әлемдегі құрылыс атаулыда қандай жаңа үрдістер пайда болып жат­қанын байқайсыз?

 

– Қазіргі уақытта құрылыс компания­лары үшін маманның арнайы дипломы болуы шарт емес. Керегі – заманға сай жұмыс істеу дағдылары, технологияларға және сапаға қатысты біліктілік әрі жауапкершілік қасиеттері, қомандада жұмыс істеу қабілеті. Таяуда «LіnkedІn» әлеуметтік желісі жұмыс берушілердің талаптарын зерттеп, қажет­ті атрибуттардың тізімін жасады. Нәтиже­сін­де осы күні құрылыс компаниялары маманның шығармашыл, бастамашыл, жаңашыл, идеяшыл, бейім­делгіш, креативті, сыншыл, көреген, батыл және өзгенің тілін тап­қыш болуына ден қоятыны ай­қындалды.

 

Елордамыз Нұр-Сұлтан қаласының басты сәулетшілерінің көш басында жапон Кишо Куракава және ағылшын Норман Фостер тұрғанын білесіздер. Норман Фос­тер Хан Шатыр, Бейбітшілік, Келісім сарайы және Ақ Орда ғимараттарының авторы. Ағылшындар ғылым мен технологияны жетік меңгерген халық екеніне осында жүріп көзім жетті. Бұлар құрылыс мамандығын түбегейлі дамытуға көшті. Бұл бізге үлгі болуға жарайды.

 

– Ал енді өзіңіз жайлы сыр тартсақ.

 

– Жасымнан құрылыс саласына араластым, еңбек жолымды қарапайым құрылысшыдан бас­тадым. Сол кезден бері құрылыс жайлы кәсіби әдебиет менің ажырамас серігіме айналып келеді. Соңғы оншақты жылда еліміздегі мұнай-газ және құрылыс салаларындағы жобаларға қатысып,  тәжірибе алдым. Әлем­дік қолданыстағы іс-тәжірибелер мен жаңа әдістерді көріп, мең­гергім келді. Сол мақсатпен Ан­глияда білім алудамын. Мұнда бізге әлемге әйгілі құрылыс майталмандары, заңгерлері, ірі компаниялардың басқарма төрағалары лекция оқиды. Сонымен қатар Австралия, Бразилия, Қытай, Еуропа одағы елдері, АҚШ, Корея сынды мемле­кеттердің профессорлары мен бизне­смен­дері де келіп, тәжірибелерімен таныс­тырады.

 

– Сабақтан бос кездеріңіз бола ма? Болса, немен айналысасыз?

 

– Сабақтан кей-кейде ғана босаймыз. Себебі ауқымды оқу бағдарламасын бір жылда тәмамдауымыз қажет. Лекциядан бөлек, топтық жұмыс­қа үлкен мән бе­ріледі. Лондонның құрылыс нысандарында өтетін тәжірибелік сабағымыз да бар. Қолым қалт еткен сәтте баратын жерлерім – Лондон, Оксфорд, Кембридж сынды қалалар. Мұндағы ғимараттардың сәулеті мен жобасын тамашалап, ой түйемін. Ағылшындар ғасырлардан келе жатқан сәулет мұраларын сақтап қана қоймай, оларды әлемдік туризмнің ошағына айналдырған. Кейде мұражайлар мен кітапхана­ларды жағалаймын. 

 

– Қазақ оқымыстыларынан кімдерді пір тұтасыз?

 

– Қаныш Сәтбаев пен Шапық Шөкинді үлгі тұтамын. Олардың ғылыми мұралары осы күнге дейін ел игілігіне қызмет етіп келеді. Қаныш Сәтбаевтың еңбегі баршаға аян. Ал Шапық Шөкин Алматы қаласынан 70 шақырым сырттағы «Қапшағай» су-электр станциясының авторы, еліміздің электр энергетикасы саласының ізашары. Қаныш Сәтбаев пен Шапық Шөкин «Ертіс – Карағанды» каналы жобасына шешуші үлес қосқан ғалымдар. Мұның сыртында олардың арқасында Екібастұздың маңынан «ГРЭС-1» және «ГРЭС-2» сынды ірі электр станциялары салынып, жұмыс істеуде. Бұл өз кезегінде еліміздің 40 пайызын электр энергиясымен және Қарағанды металлургия өнеркәсібін энергетикамен қамтамасыз етуде.  Канал Нұр-Сұлтан қаласын сумен қамтамасыз етеді. Біз Қаныш Сәтбаев, Шапық Шөкин сынды ғалымдардай болуға талпынуымыз керек.

 

– Сіздің әу баста оқу-білім қуып, алдыңызға үлкен мақсат қоюыңызға не әсер етті?

 

– Маған әсер еткен адам – өзімнің атам. Ол өте еңбекқор, ізденгіш адам. Жасы сексеннен асса да көп оқиды, газет-журнал қарайды. Атамның осы қасиеті маған дарып келеді. Атам Баян­ауыл өңірінде совхоз директоры болған. Тәуелсіз­діктің алғашқы жылдарында «Қазақ тілі» қоғамының жергілікті бөлімін алғаш құрған адам.

 

– Ата жолына түскеніңіз ғажап екен. Ал енді әңгіме­міздің негізгі бағытына оралсақ. Осы күні әлемде адамдардың қалаға ағылу үрдісі белең алып келеді. Бұл үрдістің құрылыс саласына әсері қандай болмақ?

 

– Бұл рас. 2018 жылы әлемде қалалықтардың ұзын-ырғасы 4,2 миллиард адамды құрады. Бұл БҰҰ есебі. Ал 2050 жылға қарай 7 миллиардқа жетеді деп күтілуде. Қалалар қазірдің өзінде баспана, жұмыс орны, көлік, инфрақұрылым, тағы басқа көптеген проблемаларға тап болуда. Әрине, мұның шешімі бар. Өзге де салалардың қатарында мұнда құрылыс секторы да шешуші қызметті атқаратын болады. Бұл үшін зерттеу жұмыстары мен жобалар жасалып, жүзеге асырылады. Қазақстан бұл үрдістен сырт қала алмайды.  Біздің елімізде біркелкі инфраструктуралық даму болмай тұр, тұрғындардың қалаға ағылуы да сондықтан. Облыс орталықтарының Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент сынды дербес мәр­тебеге ие болып, үлкеюі жалғасады. Ал бұл өз кезегінде құрылыс секторы үшін бұрын-соң­ды болмаған серпіліс әкелуде. Заман тыныш болып тұрса, елімізде құрылыс саласы өркендей түседі. Бәсекелестік те, сапа да жақсы болады. Мен маман ретінде елі­міздің құрылыс саласын Англиядағыдай деңгейге жақындатуға атсалыссам деймін.

 

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Сұхбаттасқан – Нағашыбек АЛДАНОВ.

Нұр-Сұлтан қаласы.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ