Атамбаевқа ауыр айыптар тағуда

04.07.2019
Қаралды: 106

Қырғызстанның бұрынғы Президенті Алмазбек Атамбаевқа ауыр айыптар тағылуда. Егер  олар дәлелін тапса, Атамбаевтың заң алдында жауап беруі де ғажап емес сияқты.

 

Бұл елде бұрынғы Президентке тиіспеушілік туралы заң бар. Дегенмен біраздан бері Атамбаевты тиіспеушілік мәрте­бесінен айыру туралы сөз қоз­ға­лып келген еді. Бұған қатысты Пар­ламент депутаттарынан құ­рылған арнайы топ жұмыс істе­ген. Ол өткен 17-маусымдағы отырысында Атам­ба­евқа мынадай айыптар таққан:

 

- Премьер-министр болып тұрған кезінде лауазымдық қыз­метін пайдаланып, Ресейдің 123 азаматына қару берген. Олардың арасында ұйымдас­қан қылмыстық топ мүшелері де болған;

 

- Атышулы қылмыскер Азиз Батукаевты түрмеден босатуға бұйрық берген;

 

- 2011 жылы 35,65 гектар жердің пайдаланылу мақсатын заңсыз өзгерткен;

 

- Қой-Таш ауылынан заңсыз жер алып, кейін оған үй салған;

 

- «Ака-Инвест» және «Теріскей Жаштары» компаниялары арқылы күмәнді ақшаны заңдастырған;

 

- Бішкек жылу-электр станциясын жаңғырту кезінде коррупциялық іс-әрекеттерге барған;

 

- көмір сатқан компанияның мүддесін қорғаған;

 

- өзін сынаған саясаткерлер мен журналистерді қудалаған.

 

Дегенмен бұл айыптардың бәрін әлі дәлелдеу керек. Соған қарамастан кей адамдар Атамбаевқа «мемлекеттік билікті иемденіп алу, ұйымдасқан қылмыстық клан құру, саяси және экономикалық жемқорлық істерді ұйымдастыру» деген айыптар тағып, тезірек қылмыстық іс қозғауды талап етіп жатыр.

 

Парламенттің екі комитеті арнайы комиссияның таққан бұл айып қорытындысын қолдаған еді. Бірақ Алмасбек Атамбаев, әрине, бұл айыптардың ешқайсысымен де келіспейді. Оны арнайы ұйымдастырылып отыр дейді.

 

Ал кешегі сәрсенбіде Қырғызстан Бас Прокуратурасы депутаттар таққан айыптың бесеуіне негіз бар деген баға берді. Олар мынадай:

 

- Қой-Таш ауылындағы жерді заңсыз басып алу дерегінде;

 

- қылмыскер Батукаевты түрмеден босатуда;

 

- заңсыз баюда;

 

- Бішкек жылу-электр станциясын жаңарту жобасына қатысты аса ауыр қылмыс белгілері бар. Сондай-ақ жылу-электр орталығына заңсыз көмір тасымалдау ісіне қатысы болуы мүмкін.

 

Бас Прокуратураның берген осы бағасын бейсенбі күні Жоғарғы Кеңестегілер қолдады. Атамбаев тиіспеушілік мәртебесінен айырылатын болды.

 

Ал Атамбаев бұған қатысты егер өзін тұтқындамақ әрекет жасалар болса, онда қарумен қорғанатыны жөнінде мәлімдеді.

 

 

"Замана".

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ