Қытайдың 55 зауытын әкелсек, қарық болып қаламыз ба?

03.07.2019
Қаралды: 117

«Замананың» өткен нөмірінде жарияланған мақаладағы Абдулла Али деген азаматтың Қытай экспансиясын қалай тоқтатуға болатыны туралы айт­қандары маған да ой салды. Негізінен бұл мені «Қытай зауыттарын көшіріп әкеледі екен» деген сөз шыққаннан кейінгі екі-үш жылдан бері толғандырып жүр еді. Өйткені бұл жай сөз емес, кезінде ол жаққа Елбасы барып, Мәсімов барып-келіп, Қытайдың басшысы екі мәрте келген кездері де айтылып жүрген болатын. Арада бұған қатысты келіссөздер барын ақпарат құралдарынан бірнеше рет оқығанмын. Алғашында 51 зауыт әкелінеді деп, кейін төрт-бесеуінің көшіріліп, өнім беріп жатқаны туралы да айтылған. Енді сол 51 зауыт дегені көбейіп, 55 деп айтыла бастады.

 

Ал бүгінде елімізге Қытайдан күнделікті тұтыну тауарлары, құрылыс заттары, азық-түлік, ойыншыққа дейін әкелінетіні белгілі. Енді зауыттары әкелінсе, одан біз қарық болып қаламыз ба?

 

Мәселе ол зауыттардың технологиялық ахуалында, экологияға әсерінде, сондай-ақ онда кімдердің істейтінінде болып тұр. Зауыт көшірілгесін, әрине, ондағы инженерлік-техникалық қызметкерлер, бұрын-соңды сонда істеп, тәжірибе жинақтаған жұмысшылар келеді. Ал олар Қазақстанда қаншалықты тұрақтайды? Еліне қайта ма, қайтқысы келе ме? Жұмыс күшіміз деп, студенттік, туристік виза аштырып алып, қазіргі қаптап жүрген «гастарбайтерлердің» қатарын толықтырмай ма?

 

Ал зауыттар жергілікті тұрғындардан жұмысшы ала ма? Онда істегісі келетіндер табыла ма? Табылса, төленетін жалақыға көңілі тола ма?

 

Жалпы, Қытай экономикасының әлемдегі алда тұрған экономика екені белгілі. Кезінде қарқынды дамып, қыруар зауыт-фабрикалар салып тастаған. Жұмыс күшінен проблема жоқ. Дегенмен экологиялық ахуалы нашар. Мыңдаған зауыт-фабрикалар ауаны ластап жатыр. Үлкен қалаларында газ бен түтіннен көз аша алмай отырғанын кей-кейде телеарна жаңалықтарында көрсетіп те жатады.

 

Кезінде, КСРО ыдырағанда біздегі көптеген за­уыт-фабрикалардың өнімін өткізетін жер таппай қиналғаны белгілі. Көбінің жабылып, келмеске кеткенінің негізгі себебі де сол. Кім біледі, Қытайдың бірден 55 зауытын Қазақстанға көшірмек ойының астарында осындай себеп те бар шығар. Өйткені Қазақстан – негізінен тұтынушы ел, біз өзімізден көп нәрсе шығармаймыз, керек-жарақтың көбін шетелдерден тасымалдаймыз. Енді Қытай зауыттарын көшіріп әкелсе, шетке тәуелді болмаймыз деп мәз болып жатқандар да жоқ емес.

 

Бірақ бұл бірінші кезекте Қытайға аса тиімді ғой. Шынын айтқанда, Қазақстанның кейбір адамдары қазір мүлде жалқауға айналған, «ауыр жұмыс» істегісі, тіпті есігінің алдындағы үйіргелік жерге ештеңе еккісі келмейді. Оның себебі – бәрі дайын, сырттан әкеледі, соны алып-сат та, жүре бер. Мысалы, бақшаңа неге қызынақ екпейсің деп сұрап көріңізші, ол не керек, сатып алу әлдеқайда арзанға түседі, күтіп-баптап миды ашытудың, шаршап-шалдығудың қажеті қанша деген жауап естіріңіз анық.

 

Қазір біздің адамдар үшін зауыт-фабрикада жұмыс істегеннен бірдеңені алып сатқан, маусымдық жұмыс істеген, шетелге барып табыс тапқан, «таксовать» еткен, күзетші болып істеген әлдеқайда маңызды, тиімді, жайлы көрінетіні өтірік емес. Осы орайда Қытайдан әкелінген зауыттарға олар барар ма еді? Лайықты жалақы төлесе, баруы мүмкін, әрине. Ал ондай жалақы бола ма?

 

Адам қатты қиналғанда аз жалақыға да жегілетіні белгілі. Халық сондай күйге түссе, ақырында өз жерінде өзгелерге кіріптар болмай ма?

 

Міне, мәселе қайда жатыр? Тізе берсең, туындайтын ой көп. Мұны Қытай зауыттарын көшіріп әкелгісі келіп жүргендер де ойлауы керек қой.

 

Біз неге қойны-қонышы байлыққа тұнған елде өз өнімдерімізді шығара алмаймыз, неге қажетті зауыт-фабрикаларды өзіміз  сала алмаймыз? Өзгелер салып берер болса, тегінге келмейді, одан бұрын өз мүдделерін ойлайды емес пе?

 

Қысқасы, Қытайдың 55 зауыты бізге керек пе, керек емес пе? Сіздерді қайдам, мені осы мәселе кәдімгідей ойландырып жүр. Алыстан ойлап, мақсатына мысықтабандап жүріп-ақ жететін Қытай дамыған 30 елдің қатарына асығыс ұмтылып бара жатқан, өз өнеркәсібі дамымаған Қазақстанды құрығына жақсылап іліп алмақ болып жатқан жоқ па екен өзі?

 

Ж. ЕЛІБАЙ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ