Бұл не деген батпан құйрық?

03.07.2019
Қаралды: 300

Бүгінде футбол маусымының қызып тұрған шағы. Ал футбол десе ішкен асын жерге қоятын жандардың әр нәрсеге құлағы түрік жүретіні аян. Әсіресе аяқдоп шеберлерінің айлық табысы туралы жариялана қалса, жұрт оны қызыға талқылап жатады. Өйткені бұл жа­йында кездейсоқ айтылып қалмаса, ашық жариялана бермейтіні белгілі.

 

«Астанамен» айына 40 мың евроға келіскен екен

 

Мысалы, таяуда кезінде еліміздің «Астана» командасында ойнаған түбі косоволық албан футболшысы Аздрен Ллулакудің айтуымен Қазақстанда легионер-футболшыларға жалақы өте жоғары деңгейде төле­нетіні белгілі болды. Бұл жөнінде ол румындық ақпарат құралдарының біріне берген сұхбатында айтқан.

 

Ллулакудің айтуынша, «Астана» футбол клубының шетелдік ойыншылары айына 60 мың евро жалақы алады. Чемпиондар лигасындағы ойыны үшін тө­ленетін қаржы 30 мың мен 60 мың евроның аралығын құрайды екен. Лигаға өткені үшін әр футболшы 100 мың евро, ал нақты ойындағы әр жеңіс үшін 15 мың евро алатын көрінеді.

 

А.Ллулаку – белгілі футболшы. Оның атағы румын чемпионаттарында шыққан. 2016 жылы желтоқсан айын­да «Астана» командасы онымен екі жылға келісім-шартқа тұрыпты. Оған айына 40 мың евро жалақы берілетін болып келісілген.

 

Алайда Ллулаку Қазақстан премьер-лигасында бірде-бір гол сала алмапты. Кейін ол Қостанайдың «Тобылына» жалға берілген, бірақ онда да ештеңе өндіре алмай, сатылымға (трансфер) қойылған. Сосын 2017 жылы Қазақстаннан өз еркімен кеткен.

 

70 мың доллар алатынын айтқан еді

 

Қысқасы,  «Астанамен» айына 40 мың евро жалақыға келісіп жұмыс істеген Ллулакуге Елорда клубының сапында кемінде жарты жыл жүргені үшін 200 мың евродан аса жалақы төленген сияқты.

 

Осы орайда мына бір жайды да айта кетейік: 2017 жылы кезінде «Ақтөбе» клубында өнер көрсеткен бразилиялық Маркос Пиззелли бір жылдың еңбекақысын даулап, «Ақтөбені» сотқа берген болатын. Ол 64 миллион теңгеден аса ақша талап еткен еді. (Бұл жөнінде сол кезде «КТК» арнасында айтылған). Өзінің айтуынша, Пиззелли «Ақтөбенің» құрамында  60 мың доллар айлық жалақыға келісіп ойнаған екен.

 

Қазақстанда легионерлерге аз ақша төленбейтінін кезінде «Астана» клубының бас бапкері болған болгариялық Станомир Стойлов та Болгария ақпарат құралдарының біріне берген сұхбатында айтқаны белгілі. «Шынымды айтсам, біздің клубтың ойыншылары қанша жалақы алатынын нақты білмеймін. Бірақ жақсы ойын­шылардың жалақысы жоғары, мысалы, болгарлық «Лудогорец» клубындағыдай. Мұнда айлық жалақы 20 мың доллардан басталып, 50-60 мың долларға дейін жетеді, тіпті 70 мың доллар алатындары да бар. Мен «Қайрат» пен «Астана» клубтары жайында айтып отырмын. Өзге командалардағы жалақы шамамен деңгейлес, 20-25 мың доллар көлемінде», – деген болатын. Бұл жөнінде «Скиф ньюс» порталында жарияланған еді.

 

Сондай-ақ Стойлов қазақстандық командалардың сапар ақысы мен киімге шығынына да бюджеттен көп қаржы жұмсалатынын айтқан болатын.

 

«Ақтөбенің» құпиясы қалай ашылды?

 

Жалпы, еліміздің  футбол клубтары өз ойыншыларының жалақысы туралы ашық жарияламайды. Сұрасаң да айтпайды, «қаржылық құпия» дегенге сілтейді.

 

Ал бұл құпияны кезінде Ақтөбе облысының әкімі болған, қазіргі Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев қана аша алған болатын. Сол кезде «Ақтөбе» командасының капитаны Самат Смақовтың 6 миллион теңге айлық жалақы алатыны белгілі болған. Легионерлерге төленетін ақы аса қомақты десек болады. Мысалы, Маркос Пиззеллиге ай сайын 75 мың доллар, Сантана Дос Сантос Андерсонға – 61 мың доллар, Данило Некоға – 67 мың евро төленіп келген екен.

 

Кейін осы команда төңірегінде біраз даулы жайлар орын алды. Ақшаны талан-таражға салған біраз адамдар жауапкершілікке тартылды.

 

Ал осы жай белгілі болғасын қоғамда наразылық туғаны белгілі. Сондықтан Мәдениет және спорт министрлігі шетелден легионер алуға тыйым салатын заң жобасын даярлап, Парламентке ұсынатын болған. Мәселе «шетелдерден легионер алғысы келгендер демеуші тапсын да, қалағанынша ала берсін» дегенге тірелген сияқты еді. Дегенмен ол аяқсыз қалған секілді.

 

Ал негізінен аумақтық футбол командаларын әкімдіктер қаржыландырады. Қалталы азаматтың қамқорлығында тек Алматының «Қайраты» ғана, оған қаржыны белгілі кәсіпкер Қайрат Боранбаев бөледі.

 

Қалай болғанда да біздің футбол дамып, әлемдік деңгейге жетуі үшін легионерлер сатып алуға қажеттілік бар. Сол себепті бүгінде халықаралық деңгейдегі жарыстарға қатысатын «Астана», «Қайрат» командаларында ғана емес, еліміздің басқа да алдыңғы қатарлы командаларында легионерлер қаптап жүр десек болады.

 

Мысалы, Қазақстан премьер-лигасының белді командаларының бірі саналатын Шымкенттің «Ордабасы» командасын алайық. «Ордабасы» биылғы ақпан айында Болгарияның «Лудогорец» командасынан аяқдоп шеберлері – бразилиялық Жоао Пауло мен оңтүс­тікафрикалық Мэй Малангуді алды. Олармен жасалған жалгерлік келісім алдағы қараша айына дейін түзілген. «Ордабасыда» бұлардан бөлек, украиналық Кирилл Ковальчук, босниялық Мирзад Механович, бельгиялық Зиги Багибанга, сенегалдық Абдулла Диакате сияқты легионерлер бар.

 

Жоғарыдағы С.Стойловтың сұхбатында айтылғандай, «болгариялық «Лудогорец» командасындағыдай ақы төленетін» болса, олардың Еуропадан шалғайда жатқан Шымкентке доп тебуге бекер келмегені ғой. Тағы да сол Стойловтың сөзіне сүйенер болсақ, «Астана» мен «Қайратта» ойыншылар 20 мыңнан 50-60 мың долларға, тіпті 70 мың долларға дейін, ал басқа командаларда 20-25 мың доллар көлемінде айлық жалақы алатынға» ұқсайды.

 

Ал осынша ақшаның бюджеттен төленетіні белгілі. Командалар осы шығынды ақтап, табыс әкеліп жатыр ма? Біздің футбол Еуропадағыдай дами ала ма? Бұл жағы, әрине, басқа тақырыптың әңгімесі.

 

Легионерлер қанша ақшаға сатылады?

 

Осы орайда әлемдік футбол сахнасында жүрген атақты футболшылардың трансферлік құны жөнінде айта кетейік.

 

Мысалы, бір ғана Мадридтің «Реал» командасының биылғы трансферлік шығынын айтар болсақ, ол мынадай: «Реал» ағылшынның «Челсиінен» Эден Азарды – 112 миллион долларға, голландиялық «Айнтрахттан» Лука Йовичті – 73,1 миллион долларға, франциялық «Лионнан» Ферлан Мендиді 55,75 миллион долларға сатып алды.

 

Бүгінде Францияның «Пари-Сен-Жермен» командасында жүрген бразилиялық Неймарды Испанияның «Барселона» командасы сатып алмақ ниетте. Ол үшін 100 миллион евро төлейміз деп қызықтырып жатыр. Ағылшынның «Ливерпуліндегі» Мохамед Салахты «Реал» немесе «Ювентус» 170 миллион евроға сатып алмақ деген сөз шықты. Жалпы, бұл ойыншылардың «нарықтық бағасын»  150 миллион евроға тең деп есептеп отырғандар да бар.

 

Жалпы,  шет елдерде, іргеміздегі Ресейде футболшылардың айлық жалақысы туралы ашық ақпараттар бар. Ал Қазақстанда ол айтыла бермейді. Оған жоғарыдағыдай біраз жайлар себеп болып отыр.

 

Т. ТҰРАН.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ