Ел отыз жылғы өтіріктен шаршады

03.07.2019
Қаралды: 116

Бүгін «Facebook»-тен өмірінің қырық жылдан астам уақытын мемлекеттік қызметте өткізген, әр пікірін салмақтап барып айтатын байсалды азамат Кеңесбек Махамбетовтің қазіргі Президент Қ.Тоқаев туралы жазбасын оқыдым. Дұрыс пікір білдірген. Енді қалың бұқара арасында жүрген өзім де бірер ойымды білдірсем.

 

1. Халыққа өтірік айтпау керек. Ел отыз жылғы өтіріктен шаршады. Шындық айтылса, адамдар түсінеді.

 

2. Жеке басқа табынушылық бар екендігін мо­йындау және қайталамау керек.

 

3. Әкімдер мен министрлер өз саласын ешкімге жалтақтамай басқаруы тиіс. Бұрынғыдай «Президент тапсырды», «Президент айтты» дегенді қойған жөн.

 

4. Судьяларды халық сайлауы қажет. Соттың белгілі бір топтың мүддесін жақтауын тоқтату керек. Халықты шаршатқан – әділдіктің жоқтығы. Бұл туралы мысал өте көп. Тек Ни мен Үсеновті айтсақ та жеткілікті.

 

5. Парақорлық елдің қанына сіңіп кетті, оны бірден жою өте қиын. Бірақ білім мен медицина саласында жұмысқа тұру үшін бір жылғы айлығын беру сияқты масқара тірлікті қалайда болса тоқтату керек.

 

6. Аудан, облыстық деңгейдегі қала әкімдерін халық сайлағаны дұрыс. Әкім жоғарғы биліктен емес, халықтан қорқуы керек. Мәслихатқа әкімді жұмыстан босату құқын берген жөн.

 

7. Бюджет қаражатын жұмсау көпшіліктің пікірін ескеріп және бақылаумен іске асуы тиіс.

 

8. Бізде қазір барлық қызмет сатылатыны және әр қызметтің бағасы бар екендігі құпия емес. Халық біледі. Ал енді жай халық білгенді билік білмейді дегенге ешкім сенбейді. Коррупция ел басқарудың бір зымиян тәсілі екені белгілі. Сондықтан қызметті сатуды қалай болса да тоқтату керек.

 

Еліміздің қарапайым азаматы ретінде айтар ұсыныс­тарым осы.

 

Сейітқасым МҮСЛИМОВ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ