«Халықтың құқығы тек қағаз жүзінде қорғалған»

03.07.2019
Қаралды: 107

Елімізде «Республика» деп аталатын қозғалыс жұмыс істей бастады. Құрылғанына жарты жылдай уақыт болса да қозғалыс мүшелері осыған дейін өздері туралы ресми хабарламаған. Жастардан құралған бұл ұйымның негізгі мақсаты – халық пен билік арасында көпір болу, жоғарғы жаққа халықтың мұң-мұқтажын жеткізу. Осы орайда біз қарағандылық белсенді, журналист, «Республика» қозғалысының мүшесі Айсұлтан Жақыповпен сұхбаттасқан болатынбыз.

 

«Біздің мақсатымыз – билікті құлатып, төңкеріп тастау емес, керісінше, жүйені жақсарту, халықтың мұң-мұқтажын жоғарыдағылар еститіндей қылу. Адамның құқығы тапталмайтын, әр азаматтың басындағы мәселелерге, болып жатқан жағдайларға жауап беретін, өзіне жа­уапкершілік алатын қоғам қалыптастыру. Қозғалыс болып құрылсақ та, түпкі мақсатымыз – партияға айналу. Одан кейін Парламентте немесе халықтық мәслихатта халықтың сөзін сөйлеу. Әйт­песе билік пен халықтың ортасында түсініспеушіліктер басым болып жатыр.

 

Сондай-ақ қазір жемқорлық жайлаған және олигархтардың заманы болып тұр. Халықтың құқы тек қағаз жүзінде ғана қорғалған. Заң қарапайым адамдарға басқаша, бай-бағландарға басқаша жүреді. Біздің зайырлы Қазақстанда, тең құқылы мемлекетте тұрғымыз келеді», – дейді ол.

 

Айсұлтанның айтуынша, басында аздаған адаммен жұмысын бастаған ұйымның құрамында бүгінгі күні мүше болып жүргендердің саны көп. Соның ішінде 13 белсенді бар екен. Түрлі салада жүрген қыз-жігіттердің басы осылай біріккен көрінеді.

 

«Бізде бір төрағаға байланып қалу деген жоқ. Осы қозғалыстың басы-қасында жүрген қыз-жігіттердің барлығы көшбасшы. Құрамымызда Қарағанды, Қызыл­орда, Шымкент, Атырау, Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларының қыз-жігіттері бар. Одан да басқа бізді қолдап, қатарымызға қосылып жат­қан азаматтар көп.

 

Біз қозғалысымыз туралы әне-міне хабарлаймыз деп жүргенбіз. Бірақ сайлаудан кейін жылдам хабарлауға тура келді. Сайлауда қозғалысқа мүше болып жүрген қыз-жігіттердің барлығы бақылау­шы болды. Біз халықтың өзге­рістерді қалайтынын сезіп, біліп отырмыз. Яғни 1990-жылдардағы оппозиция болсын, басқа болсын, саясатқа келген әңгімесі көп, ісі жоқ қоғам белсенділерінен, саясаткерлерден халық жалықты. Саяси аренаға, ел алдына осы олқылықтардың орнын толтыратын 30-40 жас аралығындағы жастардың келуін қалаймыз», – дейді ол.

 

Әуелгі істерін көктем кезінде «Шүкір!», «Тұрақтылыққа рақмет!», «Қазақтың тойы бітпесін!» деген жазулары бар плакат ұстап, арт-экспромт жасаудан бастаған «Республиканың» бұл жұмысы әлеуметтік желілерде қызу талқыланған екен. Сондай-ақ Айсұлтан бастаған  ұйым мүшелері таяуда Нұр-Сұлтан қаласында сайлау күні наразылыққа шыққандары үшін қамауға алынып, 11-маусымда Ақмола және Қарағанды облыстарына жеткізілген кей азаматтарға азық-түлік апарып, көмек қолын созыпты.

 

М. ШУАҚ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ