Бауырларымыз үйсіз-күйсіз тентіреп жүр

03.07.2019
Қаралды: 176

Бүгінгі күні қоғамда тал­қыланып жатқан тақырып аз емес. Жұмыссыздық, жетіспеушілік, үйсіздік дегендей. Жастардың жаппай шетелге кетуі де бү­гінде жиіледі. Оның се­бебін көпшілік елде жас­тарға жағдайдың жасалмағандығынан деседі. Ал бұ­ған байланысты жас буын өкілдері не дейді? Олардың не нәрсеге көңілі  толмайды? Осы туралы толығырақ білмек ниетте Алматы қаласының тұрғыны Айбек Мұхаметжановпен әңгімелескен едік.

 

Жасы 22-дегі Айбек «Youtube» желісінде «Қоғам және саясат» каналын жүргізеді. Онда ол өзін толғандырған мәселелерді ортаға тастайды. Әңгіменің басы осыдан біраз уақыт бұрын жастардың ақын Р.Зайытовты қолдап жиналған күнінен басталды. Сол күні Айбек те сол топтың ортасында жүріпті. Айбектің өзі бұл туралы былай дейді:  

 

«Иә, біз барлығымыз Ринат Зайытовты босатып алуға барғанбыз. Жиналғандардың 70 пайызы жастар болды. Қайтар кезде адамдар көлік жүретін жол­ға шығып кетіп бара жатты. Ешкім ешқайда тараған жоқ. Түнгі 1.30 - 2.30-дар шамасында «заңсыз шеруге шықты» деген айыппен ұсталғандар болды. Мен түнгі 2.00-ге таман үйге қайтып кеттім. Естуімше, жинал­ғандар түнгі сағат 3.30-ға дейін жүрген көрінеді».

 

Айбек қойған сауалымызға қарай көкейінде жүрген көп ойларды жайып салды. 

 

«Қазіргі таңда қоғамда көптеген әділетсіздіктер орын алып жатыр. Көп жастарымыз жұмыссыз жүр. Олар оқыған мамандығы бойынша жұмыс таба алмайды. Көптеген бауырларымыз бен аға-әпкелеріміз үйсіз-күйсіз тентіреп жүр. Көп балалы аналарымыз көшеге шығып, наразылық танытуда. Айта берсек, мәселе көп, шешімі жоқ. Мұның бәрі елде жағдай жасалмағанның кесірінен деп ойлаймын.

 

Неге біз шетелге барып жұмыс іздеп тентіреуіміз керек? Неге біз соншама байлықтың үстінде отырып, қайыршы болып, біреуге қол жаюымыз керек? Неге біз көп балалы аналарымызды қаңғыртып қоюымыз керек?

 

Елімізде бар болғаны 18 миллион халық. Анау 120 миллион халқы бар Түркияны алып қарасаңыздар, ең төменгі жалақысы – 400 евро. Бұл 170 мың теңгеден асады. Ал бізде неге 32 мың теңгеге әлі күнге дейін еден жуып жүр? Қарап тұрсақ, барлығы да қазақтар. Кафелерде даяшы болып жүрген де, көшеде көлік жуып жүрген де қазақтың қыз-жігіттері. Неге келер ұрпақтың келешегі үшін әрекет жасамас­қа?

 

Міне, осы сұрақтар көкейді теседі. Бұл сұрақтар тек мені ғана емес, бүкіл Қазақстан мемлекетінің жас­тарын алаңдатуы керек. Өйткені болашақ тек маған ғана емес, осы мемлекетте тұрып жатқан адамдардың барлығына керек», – дейді ол.

 

Айбек осыған дейін партия құрғысы келгенін де айтып қалды. Бірақ оған мүмкіндік болмапты. Елде өзгеріс болғанын қалайтынын да ашып айтты. 

 

«Қазір бірдеңе жасай қояйын десең оған жол жоқ. Өз басым партия ашамын деген мақсатпен тиісті орындарға талай рет бас сұқтым. Маған ондай мүмкіндік бермеді. Меніңше, қазіргі таңда билікпен тек қана келісімге келу қажет, яғни ашық түрде билік пен халық арасында сұхбат болуы керек. Халық өзінің талабын ашық түрде жеткізе алуы тиіс. Бәлкім бұл үлкен конференциялар арқылы жүзеге асуы мүмкін. Қазақстан­ға референдум қажет және де мемлекет Парламенттік басқару жүйесіне өтуі керек.  Сонымен қатар жеке­меншікке өтіп кеткен мұнай-газ, мыс, мырыш зауыттарының барлығы да мемлекет қарамағына қайтарылуы тиіс. Тағы да қосымша зауыттар, фабрикалар салынып, жұмысшыларға жоғары жалақы төленуі керек. Содан кейін ғана барып барлығы түзеледі деп ойлаймын.

 

Ал шеруге шыққаннан өзгеріс болатын шығар, бірақ мұндай кезде ең көп зардап шегетіні халық болады. Таяқ жейтін де, өлетін де, мұрны қанайтын да, жылайтын да халық болмақ», – дейді Айбек.

 

...Жастар тарапынан осындай ойлар айтылуда. Олардың да пікіріне құлақ түрген дұрыс шығар. Бәлкім шетел асып жатқандардың қатарын азайтудың бір жолы осы болар?

 

М. ӘМІР.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ