Төтенше жағдай бізге нені көрсетті?

03.07.2019
Қаралды: 159

Арыс – сонау кеңестік кезеңнен шетелдік жаулар көз тіккен маңызды қала. Ол жерде бірнеше жарылыс орын алып келе жатқан, қару-жарақ сақталатын үлкен әскери база бар. Арыс – мемлекеттік қосалқы заттар сақталатын респуликаға бағынышты қойма. Ол – Өзбекстан мен Ресей, Алматы, Астана бағытына қатынайтын темір жол торабы.

 

Арыстың батысында, 20 шақырым қашықта – «Көксарай», шығысында, 30 шақырым қашықта «Бөген» су қоймалары бар. Ол – «ыстық нүкте».

 

Әрқайсысы жеке-жеке минис­трлік­терге қарайды. Біресе ішкі істер минис­трлігіне қараған, біресе жеке министрлік болған төтенше жағдайлар жөніндегі құрылымның осы жерде арнаулы жасағы болмауы – салғырттық. Әрине, апат айтып келмейді. Ал сақадай сай жасақ тұрса бүгінгідей бейберекет жағдай ретімен шешілген болар еді ғой.

 

Ал бала мен ана, әке мен шеше, науқастар мен мүгедектерге көмектесіп, негізінен қарапайым xалық өзін-өзі құтқарды десе болғандай. Олар таяу елді мекенге жеке көлігімен, жаяу-жалпы шұбырып жетті.

 

Облыстық штаб xалықтың барар жерін дер кезінде xабарлап, шамасынша көмек көрсетуде. Облыс әкімі xалықпен бірге жүр. Раxмет Өмірзақ Шөкеевке! Көрші Шымкент қаласы басшылығы да барынша көмектесуде.

 

Төтенше жағдайлар департаменті жыл сайын тұрғын xалықты алдын-ала оқыту жаттығуларын өткізеді, қорытындысы бойынша құлаш-құлаш есеп береді. Сонда олар бұл жұмысты қалай өткізген? Егер өткізген болса, төтенше жағдай бола қалғанда xалық қайда барып паналауы керек екенін алдын-ала неге білмейді? Осындай салғырттық салдарынан жоғалған бала, адасқан қарттар көп.

 

Ал халық жеткізілген жерлерде ең негізгі азық-ауқат, су, дәрі-дәрмек мәселесі дұрыс шешілмеген. Негізінен оны қарапайым жұртшылық ұйымдастыруда. Егер апат мұнан да көлемді орын алғанда не болар еді?

 

Сонда жыл сайын республикалық бюджеттен осы салаға бөлінген бірнеше миллиард теңге қаржының қайтарымы болмағаны ма?

 

Құдай мұндай жағдайды қайталап болдырмасын!

 

Ал Арыс қаласына қатардағы аудандармен бірдей қарау – үлкен қателік. Бұл – негізінен республика үкіметінің ойланатын мәселесі.

 

Қанжігіт СЫЗДЫҚ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ