Қайрат Нұртастың Шымкентке қандай еңбегі сіңді екен?

01.07.2019
Қаралды: 317

19-маусым – Қала күніне орай Шымкенттің әкімі Ғ.Әбдірахымов он адамға «Шымкент қаласының Құрметті азаматы» төсбелгісі мен куәлігін тапсырған болатын. Мұндай атаққа ие болғандардың ішінде еліміздің танымал эстрада әншісі Қайрат Нұртас та бар. Қаланың құрметті азаматына айналып, атақ иемденген әншінің бұл марапатына кей жұрт құтты болсын айтып жатса, енді бірі «Қайраттың Шымкентке қандай еңбегі сіңді екен?» – деп, оны аса қолдай қоймады. Осындай пікірлердің бірқатарын назарларыңызға ұсынып отырмыз. 

 

Гүлжамал Мұсаева: Түсінбедім. Анда-санда келіп ән айтып кететіні үшін бе? Өнер мекемелерінде осы саланың отымен кіріп, күлімен шығып жүрген қанша маман бар емес пе?

 

Сатыбалды Жүнісбеков: Анда-санда келіп ән айтса ол өз ақысын алды емес пе? Яғни жалдамалы әнші болғаны ғой, оның орнына неге нағыз өнерге еңбегі сіңген азаматтарға берілмейді екен осы атақ?

 

Нұрлан Кенжеқұлов: Е, бізден бәрі шығады. Баяғыда Отырарды түсінде көрмеген Монғолия ұшқышына «Отырардың Құрметті азаматы» атағын бердік емес пе? Оның қасында Қайрат Шымкентті көрген ғой...

 

Қазақстан Азаматы: Талай профессорлар, талай дәрігерлер жүр өмірін Шымкенттің көркеюіне арнаған. Атақ түгілі дымы да жоқ. Соларға бермей ме одан да?

 

Жанна Таукеева: Таңқалатын еш­нәрсе жоқ. Бұл атақ мазақ деуге болады. Қазақстанда барлық қалаларда да осы жағдай.

 

Мысалы, Санкт-Петербургте бұл атақ 2-3 адамға ғана беріледі. Аты аңызға айналған, театр және кино майталмандары О.Басилашвили, А.Фрейндлих бұл атақты осыдан он жыл бұрын ғана иеленді. Санкт-Петербург университетінің ректоры Н.Вербицкаяға осы атақ зейнетке шыққанда ғана берілген. Қаншама жыл еңбек еткеннен кейін ғана... Ал бізде... Сондықтан бұл атақпен мақтануға ұялу керек, Қайрат Нұртас азамат!

 

Дүйсенбай Биназаров: Халық соты керек мұндайда. Немесе беруге бола ма деп сұрау салу керек. Елге, халыққа жасаған жақсылығы бар  адамдар көлеңкеде қалып қоюда.

 

Алтынай Сапар: Неге мұғалімге, дәрігерге, болмаса басқа да мамандық иелеріне берілмейді екен осы атақ? Берілсе ғой, мен қуана-қуана мың ал­ғыс айтар едім.

 

...Мұндай атақ шаһарды дамытуға еңбегі сіңген, шығармашылықта, бизнес­те, қайырымдылық шаралары мен спортта белсенділік танытып жүрген, мемлекеттік және қоғамдық қызметте жетістігі бар адамдарға беріліп, есімдері арнайы аллеядағы тақтайшаға жазылады екен. Сондай-ақ аталған статусты иемденгендер қоғамдық көліктерде тегін жүре алатын көрінеді. Мұны естіген кей жандар әншінің марапатын келемежге айналдырса, кейбірі ашынған пікір білдірген.

 

Ләззат Байеділ: Күлкім келді-ау! Ол қоғамдық көлікті не істесін? Оған бергенше студенттерге бермей ме?

 

Эльмира Құдайқұлова: Кімге берерін білмейді ғой жоғарыдағылар. Қара халық қоғамдық көлікте тегін жүретін анықтамасын ала алмай жүр.

 

Гүлзәуреш Жұмабаева: Күшті болыпты ғой! Соғыс ардагерлеріне коньки тебу тегін деп еді. Енді Қайрекең қоғамдық көлікте тегін жүреді. Күлкіден өлдім-ау!

 

Гүлшат Жусенов: Қайратқа тегін жүруге құқық бергенше автобустарда жетімдерді тегін жүргізбейсіңдер ме?

 

Сағат Жұмалиев: Одан да көпбалалы аналарды, зейнеткерлерді қоғамдық көлікте тегін жүргіз, депутатсымақтар!

 

...Қайрат Нұртас та қарап қалған жоқ. Ол көпшілікке өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында: «Бірінші Аллаға, екінші Халыққа, үшінші Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымовқа үлкен рақмет! Мұхтар Әуезовтің әдемі бір сөзі бар. «Ит мені қапты деп оны қапсам, адамдық аузымда не қасиет қалады?» демекші, менің Құрметті азамат атанғаным біреуге қуаныш, біреуге қайғы, біреуге күлкі болды. Мейлі, бәрібір адамның емес, Алланың қалауы болады», – деген жауап қайтарды.

 

М. ШЫНҰЗАҚ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ