Балалар мен ата-аналар бір-бірінен неге ажырап қалды?

01.07.2019
Қаралды: 136

Әлеуметтік желілерде: «Кеше Арыста кішкентай балалар неге ата-анасынан ажырап қалған?» деген сұрақтар көп қойылуда.

 

Оның себебі бар. Заңғар жазушы Шыңғыс Айтматовтың «Ғасырға созылған ұзақ түн» деген шығармасын оқып көргендеріңіз бар ма? Кеше арыстықтар дәл сондай жайды бастан кешті.

 

Бәрін басынан бастайық. Кеше сағат 10-ға таяу «Фб»-ға кіріп қалмаймын ба? Онда Арыстағы әскери бөлімде тағы да жарылыс болып жат­қанын оқып қалдым. Рас-өтірігін біле қояйын деп әкімшіліктегі таныс келіншекке телефон соқтым.  Қоңырау барғаны сол, бірден өшірді. Мүмкін жиналыста отырған шығар деген оймен Арыстағы сіңлімнің үйіне телефон соғайын. Сөйтсем сіңлім: «Жарылыс болып жатыр! Бәрімізге кетіңдер деді!» – дейді. Жүгіріп келе жатқанын ырсылдай сөйлегенінен сездім. Кәдімгі кинодағы соғыста көргеніміздей зу-зу еткен дыбыстар естілуде.

 

Жаздың кезі болған соң оның үйінде бірнеше немерелерінің қыдырып жүр­генін естіген мен: «Балалар қайда?» – деп едім: «Оларға кете беріңдер, мен үйдегі құжаттарымды алып шығамын дегенмін, үйден қайтып шыққанда еш­қайсысын таппай қалдым», – деді. Келін мен бала жұмысқа кеткенін білдім.

 

Енді дереу екінші сіңліме телефон шалсам, оныкі «байланыс аясынан тыс жерде немесе сөндірулі» деп тұр. Күйеу баланікі де солай.

 

Дереу қайтадан әлеуметтік желіге кірдім. Алғашқы видеолар салына бастапты. Жүгіріп бара жатқандар, көліктер, қап-қара қою түтін, жарылыс... Мынаны көріп, жүрегім тоқтап қала жаздады. Жанұшыра сіңлімнің үлкен ұлына телефон шалдым. «Әпке, балаларды таппай қалдым. Олар жоқ!» – дейді жанұшыра. «Мамаңмен бірге шығар...» – десем: «Ол балаларды таппай қалыпты. Өзі бір көлікпен Шағырға қарай кетіп барады екен», – дейді. Ал келіншегі мектептен үйіне жүгіріп келсе, есік ашық, терезелер қирап жатыр.

 

«Қазір екеуміз сөйлестік. Маған қарай келе жатыр».

 

Осы кезде жарылыстың даусы телефоннан маған естілуде. «Енді тұра бермей, бір көлікке мініп кетсеңдерші!» – деймін ана дауысты естіген сайын зәре-құтым қалмай. Ал ол маған не дейді дейсіңдер ме?

 

«Әпке, балаларымды таппай қайда барамын? Білесіз ғой Ерсұлтанның бір жарым жаста екенін. Ол жүгіре де алмайды ғой. Ал ана қыздар бар болғаны біреуі жеті, біреуі бес жарым жаста емес пе? Қасындағылар да жоқ». «Адамдар не істеуде?» «Бәрі көлікке мінгені мініп, мінбегені жаяу қашып барады». «Құдай сақтасын! Оларды көлікпен әкеткен шығар. Бір орында тұра бермей,кетсейші ол жерден!» – деймін жанұшыра.

 

Жарылыс даусы тоқтаусыз естілуде. «Міне, келініңіз де келді». Сонымен телефонды  сөндірді.

 

Бес минут өтпестен қайтып телефон соқтым. Желі бос емес. Әлден уақытта өзі соқты. «Келініңіз бәрін көрдім, олар үйде жоқ деп жылап тұр. Мүмкін қорыққандарынан бір жерге тығылып қалған шығар. Мен үйге барамын», – дейді. Осы сәтте келіннің: «Олар еш жерде жоқ, бәрін тексердім», – деп жылай сөйлегені естіліп тұр. «Осылай қарай жүгіріп келе жатқанда дәл алдымда бірдеңе жарылды. Әйтеуір ешқайсымызға тимеді», – дегенін естіген соң, шынымды айтсам, Шымкентте, айдалада отырып есімді жоғалтуға сәл-ақ қалдым. Бар даусыммен, телефонды жара: «Кет деймін сендерге тұра бермей!» – деймін. «Әпке, түсінесіз бе... біз балаларсыз қайда барамыз?..»

 

Зың-зың... Ал... Ауа жетіспей барады. Қызым: «Бәрі жақсы болады. Сабыр сақтаңызшы!» – дейді.

 

Әлден уақытта қайтадан телефон шалдым. «Жаяу кетіп барамыз. Тоқтаған көліктерге тек балаларды мінгізіп жіберіп жатырмыз. Егер балалар сыймай жатса, көлік ішіндегі үлкендер түсіп қалуда. Менің балаларым да осылай мініп кеткен шығар», – дейді. «Басылды ма?» «Жоқ. Аздап басылғандай болады да, қайтадан жарылуда».

 

Бұларды білген соң екі сіңліме қайтадан телефон шалайын. Екеуінікі де «байланыс аясынан тыс жерде». Мүмкін алыс­қа кетіп қалған шығар деймін де, «Жаман айтпай жақсы жоқ» деген емес пе, ойым сан-саққа кетеді...

 

Сіңлімнің үлкен қызына телефон соқ­тым. «Біз балалармен көлікте келе жатырмыз. Бірақ уақ малды бағып кеткен екі баланы таппай қалдық», – дейді жылап. Оның бірі – 11-де, екіншісі 7 жаста.

 

...Сөздің қысқасы, балаларды  Шым­кенттегі мектептер мен мешіттерден іздеп жүріп, әрқайсысын әр жерден таптық қой. Олардың әрқайсысын тапқан сайын қуаныштан жылайсың...

 

Кейін өзді-өзімізге келгенде інім айтады ғой: «Әпке, арыстық жерлестерімнің бүгінгі адамгершілік іс-әрекетіне риза болдым. Өзі кетіп бара жатқан көлігінен түсіп қалып, өз орындарына үш-төрт кішкен­тайларды салып жіберіп жатты. Олар олай етпесе де оған өкпелей алмайсың. Біз айналамызда балалар қалмаған соң  барып көлікке міндік», – дейді.

 

Міне, балалардың бір жақта, ата-аналардың бір жақта болуының себептері осындай.

 

Арыстықтар, осындай қатерлі сәтте бір жұдырықтай жұмыла білдіңіздер! Өр рухты  қазақ ұрпағы екендіктеріңізді дәлел­дедіңіздер! Сіздерді мақтаныш етемін!

 

Бәлкім «бес саусақтың бірдей еме­сіндей»  кейде келеңсіздіктер де орын алған болар...

 

Тек жақсылық орын алсыншы. Хал­қымыз тыныш, Жер-Анамыз аман болсыншы!

 

Базаркүл ҚАЛБЫР.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ