Үрейлі сөздер майданнан жеткен мәліметтей таралып жатты

01.07.2019
Қаралды: 216

Арыс қаласындағы №44859 әскери бөлімнің  қару-жарақ қоймасында болған жойқын жарылыс сан түрлі әңгіменің таралуына түрткі болды. Осы кезде Арыстан 85 шақырым қашықтағы Шымкенттің жұртшылығы да бұл туралы естіп, дүрлігіп жатты.

 

Анасы мен бауырларын ойлап, жыларман болып жүрді

 

Біз Арыстағы болған оқиға туралы 24-маусым күні сағат 10.00 шамасында естідік. Алғашында арыстық таныстарымызбен байланыспақ болдық, бірақ одан нәтиже шықпады. Сосын естіген-біл­гендер болса, сұрау үшін Шымкенттегі «Қазына» дүкені жаққа бардық. Өйткені бұл жер Қырғы базарға жақын, оған таңғы уақытта төңіректегі ауыл-аудандардан көкөніс, жеміс-жидек, айран-сүт, қымыз сатушылар келетіні белгілі.

 

Суық хабардан бұл жақтағылар да құлақтанып қалған екен. Себебі осы кезде Арыстағы оқ-дәрі қоймасында алапат жарылыс болғаны туралы әлеуметтік желі арқылы да таралып жатты. Осында біреулерден медицина саласында істейтін жақындарын шұғыл түрде Арыс жаққа әкеткенін, тағы біреулерден түнгі ауысымнан шыққан туыстарын кешкі, түнгі ауысымдарға қалдыруда екенін естідік. Ал Бақыт есімді әйел Арыс қаласында тұратын туыстарымен телефон арқылы хабарласа алмай, жыларман болып жүрді.

 

«Ақбура жақта босқан адам қаптап жүр дейді. Арыста сұмдық жарылыс болып, жұрт үйлерін тастап қашыпты. Апам мен інімнің отбасынан хабар ала алмай отырмын. Құдай-ай, сақтай гөр! Аман болса екен...» – дейді ол.

 

«Көлікпен, жаяу-жалпы қаптап келеді...»

 

Біз осы төңіректен өтіп бара жатқан Тұрдалы деген кісімен де сөйлесіп қалдық.  Қазығұрт ауданының тұрғыны Шымкентке қазір ғана жеткенін айтты.

 

«Қазығұрт» асуынан бері қарай шұ­бал­ған көлік көп. Адамдар жаяу-жалпылап та келе жатыр. Мен түкке де түсінген жоқпын. Ал Шымкентке жақындағасын қалада бірдеңе болып жатыр ма деп ойладым. Мәселенің жай-жапсарын қалаға келіп, туннельден өткесін ғана білдім. Жұрт Арыста жарылыс болып, көп адам өліпті деп гулеп жатты.

 

Сол жерде біреулер Арыстағы туыстарын Шымкентке жеткізуді ойлап, таксистерге жалынып-жалбарынып жүрді. Бір жігіттің таксистке бір рейс үшін 100 мың теңге беремін дегенін көрдім», – дейді ол кісі.

 

Қауесет желдей есті

 

Мұндайда сөз деген жел тиген оттай қаулайды ғой. Сол жерде тағы біраз кісілер Ордабасы ауданындағы «Бөген» су қоймасы жарылыпты дегенді ес­тігендерін айтып жатты. «Ауданның бірталай жерін су басыпты. Оған өзен-көлдердің суы қосылса, бітті! Ал Арыстағы жарылыстан сұмдық өрт болып жатыр екен, оны сөндіру адамның қолынан келмейтінін біліп, енді «Шардара» су қоймасын ашады дейді. Ондай болса, Шымкентің де сау қалмайды, су басады. Жұрттың алды Шымкенттен де қашып жатқаны туралы естідім», – деді олардың бірі.

 

Мұны растағысы келгендей осы кезде әлеуметтік желіде сан түрлі сөздер тарап жатты. «Арыстың жан-жағындағылардың бәрін су шайып кетуі мүмкін дейді. Тезірек көшсін деп жатыр екен!», «Бадам, Атбұлақ – бәрін көшіріп жатыр! Үйдегілердің бәрін Шымкентке апарып тастадық», «Радиоактивті шаң Шымкентке жақындады!», «Көршім ЧС-те істейді. Шымкентте тұрады. Ол Алматыға кетіп жатыр. Арыста бүкіл әскери база жарыл­ғ­ан, соның денсаулыққа зиян иісі, химия­лық ластанған ауасы желмен Шымкентке келеді. Терезе, есіктерді жауып, балаларды далаға шығармаған абзал. Семей полигонындағыдай, дәл қазір жұт­қан ауа аса қауіпті» деген сияқты хабар­ламалар көбейді.

 

Ал әлеуметтік желіде таралған бейнежазбадан бомба жарылғандағыдай жарылыс, көкке көтерілген түтін мен шаң көрініп, бір-біріне ілесе тарсылдаған-гүрсілдеген дауыстар, тіпті снарядтардың ысқырына барып жарылған дауыстары естіліп жатты. Тура бір соғыс болып жат­қан сияқты. Кейбір снарядтардың зымыран сияқты ұшқаны да көрініп қалады.

 

Арыс жақта біраз таныстарымыз бар еді, бұл оқиғаның анық-қанығын білмек болып бірнеше мәрте телефон шалдық, бірақ байланыс сол күйі болмады.

 

«Басын жұлып кеткен»... «Бомба түсіп, жоқ қылып жіберген»...

 

Осы аралықта біз жұрттан: «Бір танысымнан оқ-дәрінің қатты жарылғаны, тіпті снарядтардың ұшып жүргені туралы естідім. Сондай снаряд бір баланың басын жұлып кетіпті», «Көптеген үйлерге снаряд түсіп, жарылыстан орнында тек шұңқырлар ғана қалыпты», «Бір адамның үстіне бомба тура түсіпті. Оны жұрттың көзінше жоқ қылып жіберіпті», «Көп адам қырылған дейді», «Ауруханаға снаряд түсіпті. Өлгендер, жараланғандар бар дейді», «Әпкем Қазығұрт жақтан келе жатып, Арыстан жалаңаяқ-жалаңбас қашқан бір әйелді көріпті. Тікен, тас тілгілеген аяғының сау-тамтығы жоқ дейді. Үрейден жарақаттың жанына батқанын сезбеген ғой» деген сияқты сөздерді де естідік.

 

Әлеуметтік желіде оқиға орнынан жарияланған бейнежазбалар да осындай сөздерді күшейтіп жібергендей еді. Онда оқ-дәрілердің тарсылдап, дүңкілдеп жарылып жатқаны, кей снарядтардың ыс­қыра әуеге көтерілгеніне дейін естіліп тұрды.

 

«Бұл оқиғаны біреулер әдейі ұйымдастырған болуы мүмкін» деген тұрғыдағы тұспалдар да айтылып жатты. Жұрт халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ете алмағандарға қарғыс айтып жатты.

 

Қысқасы, алғашында нақты ақпараттар болмағандықтан осындай сөздер көп таралды.

 

Шәуілдірден де қашқандар бар

 

Сол кезде бізге Шәуілдірден Хасен деген оқырманымыз телефон шалды.

 

«Ойбай-ау, не болып кетті, не болып жатыр?! Мына сөздер рас па? Анық-қанығын біле алмай, не істерімді білмей отырмын. Сендердің не білгендерің бар?» – дейді. Ол кісіні сабасына түсіруге тырыстық.

 

«Арыс бізге жақын ғой, төтесінен 45-50 шақырым жер. Бағана далада шарбаққа сүйеніп отыр едім, Арыс жақтан дүңкілдеген қатты жарылыс естілді, түтін, шаң көтерілгені көрінді. Жер дірілдеп кетті. Не болғанын түсіне алмай тұрғанымда ауылдасым телефон шалды, Арыс­та жарылыс болғанын естіпті. «Өртті сөндіру үшін «Бөген» су қоймасын ашыпты, енді «Шардараны» ашады екен», – деді. Өзім мүгедекпін, балдақпен жүремін. Содан не де болса дайын отырайын деп шештім. Осы арада күйеу балам келіп қалып, мені Түркістанға жеткізді. Үйден сол күйімде шығып кеттім. Қазір жездемнің үйіндемін. Теледидардан бірдеңе айта ма деп күтудемін, бірақ әзірге мандытып ештеңе айтпай жатыр.

 

«Обручевкаға» телефон соқтым, ондағылардан Шымкентке жаяу кетіп бара жатырмыз дегенді естідім. «Құжаттарыңды өздеріңмен алыңдар» деген екен. Біз де құжаттарымызды реттестіріп қойдық. Жан-жақпен хабарласа алмай отырмын. Естуімше, Шәуілдірге Арыс жақтан адамдар келіп жатқан көрінеді.

 

Арыс жақта бір келініміз тұратын еді. Хабарлассам, телефонын алмайды. Байланыс жоқ. Естіген-білгендерің болса, мүмкіндігінше бөлісе отырыңдаршы», – дейді Хасекең.

 

Ол кісінің уайымдайтын да жөні бар. «Бөген» су қоймасы Шәуілдірден 50-ақ шақырым жерде тұр. Бұрын онда 50 миллион текше метр су бары айтылатын, оқыс жағдай орын ала қалса, Шәуілдірге су 7-ақ минутта жетіп барады дегенді естігенбіз. Ал «Көксарай» мен «Шардарада» бірнеше миллиард текше метр су жиналатыны белгілі. Мысалы, «Шардараның» ұзындығы – 80, ені 25 шақырым аумақты алып жатыр, онда кемі 5 миллиард текше метр су бар. «Көксарай» да осал емес, ауданы 470 шаршы шақырымдай болады, кемінде 3 миллиард текше метр су бар.

 

«Бәле ғой бұл! Керек деп қару жиса да, су жиса да осындай кезде қауіп төндіреді. Арыстағы арсеналдан бірнеше мәрте шатақ шығып еді, соны неге құртпайды екен осы?!» – дейді Хасекең.

 

Бұл кісінің сөзінен бір жағын от шулатып жатқанда жұрттың судан қорқып жүргенінің сырын ұғынғандай болдық.

 

Шымкентте жер сілкінеді деп зәрені алды

 

Сол күні жер сілкінісі орын алғаны туралы ресми хабар жарияланды. Осыдан-ақ алапат жарылыстың қуаты се­зілгендей еді. Яғни оқ-дәрі жарылысы жер қойнындағы күшті де қозғағаны анық.

 

Сол күні түннің жарымына дейін Арыс жаққа құлақ түрумен болдық. Байланыс болмағандықтан ешкіммен де хабарласа алмадық. Есесіне әлеуметтік желіде ақпараттар бірінен соң бірі қауырт түрде таралып жатты. Эвакуациялық орталықтарға мыңдаған адамдардың, балалардың жеткізілгені, біреулерінің табысып, енді біреулерінің шарқ ұрып туыстарын іздеп жүргені жайында жүздеген ақпараттар тарады.

 

Ал сағат 23.30 шамасында «Уатсап» арқылы мынадай хабар жетті:

 

«Ағайын-туысқандар! Қазір бір жой­қын жарылыс болады деген әңгіме жүріп жатыр. Түркістанға да, Шымкентке де 10 балдық дүмпумен жер сілкінісі барады дейді. Сақ болыңыздар! Құжаттарыңызды алып, ашық жерде отырыңыздар!  Жер сілкінгенде төбеңізден ештеңе құламайтындай кеңірек аумақта, токтан алыстау жерде отырыңыздар!»

 

Сол түні Шымкентте осы хабардан үрейленіп, үйінен сыртқа қашып шығып жүргендер көп болды.

 

Мұндай үрейлі хабарлар ертеңіне таңертең де таралып жатты. «Арыстан су Теспеге келіпті, Теспеден Темірге же­тіпті! Қазір Бөржарға жақындап қалыпты дейді. «Военныйлар» бері, қалаға қа­рай шығарып жатыр екен. Мүмкіндік болса, машиналарыңыз болса, тез Бөр­жар­ды, Қайнарды көшіруге көмек­тесі­ңіздер!» – деді бір аудиожазба таратушы.

 

Ал сәрсенбі күні біреулер: «Шымкент­тегілерге де қаланы тастап шықсын деп жатыр екен. МЧС-тен айтыпты. Арыстағы әскери қоймадағы жердің қызуын баса алмай жатыр екен. Сонда «Луна» деген бар, жарылса, қиын болады», «Қазір бас­тықтардан естідім. Ондай снаряд барлығы рас екен. Бала-шағаларыңа ие болыңдар деп айтылып жатыр», – деген аудиохабар таратты.

 

Осының бәрі жұрттың үрейін еселей түсті. Бір жақсысы, тиісті мекемелер кешігіп болса да су қоймаларынан келе­тін қауіп, жер сілкінісі туралы сөздердің қауесет екенін ресми түрде хабарлағаны дұрыс болды, жұрт бір­шама тынышталып қалды.

 

Ендігі жұрттың назары Арыстағы жойқын жарылыстың зардаптарын жою, үй-жайын тастап қашуға мәжбүр болған тұрғындардың жағдайын жасау жағына ойысып тұр.

 

Өкініштісі, бұл оқиға кезінде бірнеше адам қаза тапты, көп адам жарақат алды, көп нәрсе бүлінді. Марқұмдардың туыстарына Құдайым сабыр берсін дейміз. Ал жарақат жазылар, бүлінген нәрсе орнына келер. Ең бастысы, елдің тыныштығына, амандығына ештеңе жетпейді ғой. Енді жұртты әбігерге салатын мұндай сұмдықтарға жол бермеу жағын ойланып, тиісті шаралар жасау керек-ақ.

 

Т. ТҰРАН.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ