Сол бір түн үрейге толы болды

01.07.2019
Қаралды: 221

Арыстағы жарылыстан зардап шеккендерге көмек қолын созып, жәрдем еткен жандар аз болмады. Солардың қатарында шымкенттік белсенді Рүстем Әшетаев та бар. Ол сол күні «жолдың бойындағы адамдарға су, азық-түлік керек, қалаға жете алмай жатыр» дегенді естіп, үйінде тыныш отыра алмағанын айтады. Дүкеннен азық-түлік пен су алып, Арыс­қа дейінгі адамдар жиналған жерлердің бәріне жолай тоқтап, мүмкіндігінше жәрдем еткен. Біз оның өзімен сөйлескен едік.    

 

«24-маусым күні қажетті заттарды алып, жолай Арысқа алыс емес Қабылсай деген жерге де соқ­тық. Ол Арыстан қашқандардың жиналған алғашқы нүктесі болған. Сол жерден адамдарды автобуспен жан-жаққа әкетіп жатты. Онда 200-дей адам қалған екен. Сонда жүрген медицина қызметкерлері дәрі-дәрмектердің таусылып жатқанын айтқан соң дәрі жеткізіп берейік деп шештік. Бізге ең жақыны Арыс болғандықтан бекеттегілерге жағдайды айтып түсіндіріп, кешкі 21.00 – 22.00 аралығында қалаға кірдік.

 

Біз барған кезде жарылыстар тоқтаған екен. Бірақ әр жерден тым қатты емес  жарылыс үндері шығып жатты. Саперлар тауып алғанын жарып жатыр ма, әлде майда-шүйде қалып кеткендер жарылып жатыр ма, ол жағын білмедім. Бірақ қаланың ішінде солдаттар, полиция қызметкерлері жүрді. Тек өз еркімен қалған бірлі-жарым адамдар болмаса, халық толықтай эвакуацияланған. Қала бойынша жарық жоқ. Үйлердің есік-терезелері мен шатырлары қирап қалған. Снаряд жарықшақтары түскен жерлерді көзіміз шалды.

 

Арыста жарылыстың күшімен әйнектері қирап түскен дәріхана бар екен. Иесі ішінде күзетіп отыр. Сыртында солдаттар қарауылдап жүр. Сол жерден керекті дәрі-дәрмектерді алып, кері қайттық. Байқасақ, адамдарға сабын, тіс пастасы, сүлгі, аяқ киім, балаларға жаялық, телефон зарядтайтын құрылғылар жетіспейді екен. Ертесіне сол нәрселерді түгендеп, қайта бардық», – дейді ол.

 

Р.Әшетаев Арыстағы жағдай маңайдағы халықты да дүрліктіргенін, түн ішінде құжаттарын қолына алып, көшеде жүрген көптеген адамды кездестіргенін айтады.

 

«Түнгі 1.00 шамасында Шымкентке қайттық. Жолда, Бадам жақта көшеде топырлап тұрған халықты көрдік. Тоқтап, мән-жайды сұрасақ: «Қазір «Бадамды» жарады екен, сосын «Шардараны» жарады екен!» – деп дүрлігіп жатыр. Оларға Арыстан келе жатқанымызды, оның бәрі жалған ақпарат екенін тү­сіндіруге тырыстық. Соның өзінде бір әйел  сөзімізге сенбей, бізбен бірге Шымкентке дейін келді.

 

Шымкентке келсек те сондай жағдай. «Темірлан тас жолының» бойында тағы да топталған адамдар тұр. Олар да құжаттарын алып, тау жаққа қашпақ екен. «Арыста 60 метр тереңдікте жатқан бірдеңе жарылады екен!» – деп даурығуда. «Оның бәрі өтірік. Үйлеріңізге қайтыңыздар», – десек: «Сендер бізді алдаусыратып тұрсыңдар. Әкімшіліктің әдейі жалдап жіберген адамы сияқтысыңдар», – деп сенер емес.

 

Одан «Нұрсәтке», үй жаққа келсек, көршілердің бәрі далада жүр. Бұл кез шамамен түнгі 3.30-4.00-тің шамасы болатын. Ешкім үйлеріне кірмейді. Тіпті әкімшіліктің жанындағы саябақта қалыңдау киініп алып, нан-тамағын салып алып жүрген халықты да көрдік. Адамдарды сабырға шақырып, күдіктерін сейілтуге тырыстық. Сөйтсек, халықты түрлі хабарламалармен үрейлендіріп тастаған екен ғой», – дейді Рүстем.

 

Рүстемнің айтуынша, мұндай жалған ақпаратты ұрлықты кәсіп еткен адамдардың таратуы да әбден мүмкін екен. Бұл оларға үйін тастай қашқан адамдардың малын, дүниесін қолды қылуға мүмкіндік береді ғой. «Біреуге – мал қайғы, біреуге – жан қайғы» деген осындайда айтылса керек.

 

М. ШЫНҰЗАҚ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ