«Былтырдан бері бір тиынсыз отырмын...»

01.07.2019
Қаралды: 271

Көп балалы аналардың, тұрмысы төмен отбасылардың мәселесі әлі де ойдағыдай шешіле қойған жоқ. Содан да болар, айналамызда мұң-мұқтажын айтып, естір құлаққа жеткізе алмай жүрген жандар баршылық. Солардың бірі – төрт баланың анасы Сәбира Шербайызы.

 

Сәбира Шербайқызы қазіргі таңда Алматы облысы, Іле ауданы, Жәпек батыр ауылы, «Жомарт» саяжайында пәтер жалдап тұрады. Денсаулығына байланысты еш жерде жұмыс істемейді. Айтуынша, жолдасының ішкілікке салынып кетуіне байланысты осыдан екі жыл бұрын онымен айрылысқан екен. Қазір Сәбира тек қаржылай ғана емес, медициналық көмекке де өте зәру болып отыр. Таяуда біз оның өзімен сұхбаттасқан болатынбыз.

 

«Мен шаршадым. Бармаған жерім қалмады. Былтырдан бері бір тиынсыз отырмын, – деп бастады ол әң­гімесін. – Денсаулығымда кінәрат көп. Былтыр қаңтардан бері дертім ас­қынып кетті. Жатырдан қайта-қайта қан кете беріп, ауруханаға барғанымда дәрігерлер «гиперплазия эндометрия» деген диагноз қойды. Ақырында былтырғы жылдың мамыр айында «жатыр миомасы» деп қыркүйекте ота жасады. Бұл дәрігерлердің сал­ғырттығынан болды деп ойлаймын. Себебі бастапқыда дәрігерлер дұрыс диагноз қоя алмай, тиісті ем-дом жасамады.

 

Одан кейін қайта-қайта жүрегім қысып, мазам болмай жүрді. Емханаға барғанда үшінші дәрежелі зоб, жүрек қыспасы (стенокардия) анықталды. Қазір де үнемі «жедел жәр­дем» шақырып отырамын. Қайта-қайта ауырып қаламын. Ойламаған жерден талып қала беретін ауру тағы пайда болды. Бастан-аяқ тексерсе менен әлі қанша сырқат шығатынын кім білсін?! Ауруханада жатқанымда салған дәрі-дәрмектерден денем қышып, аллергия берді. Енді маған бірдеңе бола қалса ине салу да өте қауіпті. Мен дәрігерлерден де, әкім­діктен де, барлығынан шаршаған адаммын. Жылай-жылай көзімнен жас та ақпайтын болған», – дейді ол.

 

Он жеті жасында тұрмыс құрған Сәбира күйеуінің өзін алып қашып кеткенін айтады. Жолдасымен Өзбекстанда біраз уақыт тұрып келген. Қазір онымен заңды түрде ажырас­қанымен ешқандай алимент алмайтын көрінеді.

 

«Алиментке құжат жинау үшін Шымкент қаласына барып арыз жазуым керек екен. Денсаулығыма байланысты құжат жинап жүгіруге еш мүмкіндігім болмай жатыр. Ол өзі ішіп кеткен. Қаңғыбастың күйін кешіп жүр», – дейді ол бұрынғы күйеуі жа­йында.

 

Сәбираның төрт баласы бар. Айтуынша, балаларының оқу үлгерімі жақсы. Үлкен қызы – студент, жоғар­ғы оқу орнында грантта оқиды. Қалғандары былтырдан бері интернатта білім алып жатқан көрінеді.

 

«Денсаулығыма байланысты мемлекеттен ешқандай жәрдемақы ала алмайды екенмін. Жағдайымды айтып «Нұр Отанға» да бас сұқтым. Олар жәрдемдесетінін айтып шығарып салғанымен хат-хабарсыз кетті. Аудан әкімдігіне де бардым. «Балаларыңыз интернатта» деген сылтаумен атаулы әлеуметтік көмекке ілін­бедім. Ондағылар «біз заң аясында жұмыс істеп жатырмыз» деп мені адам құрлы көрмей шығарып салады. Балаларым интернатта бір күн де тұрғысы келмейді, әр сенбі-жек­сенбіде үйге барамыз деп жылайды», – дейді ол.

 

Осыған дейін Сәбира базарда ыдыс-аяқ сатып күн көріпті. Онда ол арнайы орнының болмағанын, тауарын базарды аралап жүріп сатқанын айтады. Енді елдің көмегімен күнелтіп жүргенін жасырмады.

 

«Не ақшам, не денсаулығым жоқ, әкімдіктен те ешқандай жәрдем жоқ. Қайыршының күнін көріп жүрмін. Студент қызым күндіз оқып, түнде жұмыс істеп, ара-тұра тиын-тебен әкеледі. Мен құр шырылдап жүрген анамын. Былтыр Ж. Әшірбекова деген келін­шек елден қаржылай көмек жинап, балаларды киіндірді. Өзім тұрып жатқан саяжайдың басшысы Әбді­рахман аға ара-тұра азық-түлік беріп, балаларды интернаттан әкелуге көлік жіберіп тұрады. Шымкенттен бір ке­ліншек  айына он мың теңге картама аударып тұрады. Осылайша қазіргі таңда амалсыздан елдің көмегімен күнелтіп жүрмін», – дейді.

 

Ол атаулы әлеуметтік көмекті өзі секілді тұрмысы төмендер емес, жағдайы жақсы жанұялардың да алып жатқанын жеткізеді. Денсаулығы болса ешкімге алақан жаймайтынын айтады.

 

«Денім сау кезде жұмыс істеп, өкі­меттен бір тиын сұрамай, өз балаларымды өзім бағам деп жүгіріп жүрген адам едім. Қазір құжат жинауға да шамам келмей қалды. Денім сау болса, еден жусам да балаларымды өзім асырар едім. Дәрі-дәрмек қабылдаудан да шаршадым. Қазір маған қаржылай да, медициналық та көмек қажет. Оның үстіне баспана мәселесі де қинап отыр. Айына 15 мың теңге пәтерақының, бірнеше ай болып қалды, ақшасын төлей алмай жатырмын. Енді «көшесіз» деп жатыр. Қайда барарымды да білмеймін. Анда да, мында да барып, шырылдап жүрмін, бірақ сөзім еш жерге жетпейді», – дейді ол.

 

Қысқасы, Сәбира бұл тығырықтан шығудың жолын таппай шарқ ұрып отыр. Қайда, кімге барып жәрдем сұрарын да білмейді. Дәрігерлердің ғана емес, жомарт жандардың да көмегіне  мұқтаж болып отырған төрт балалы ананың бүгінгі күйі осындай. Сәбира секілді мұңы көп, жағдайы жоқ жандардың мәселесі қашан оң шешімін табар екен?!

 

М. ШЫНҰЗАҚ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ