Жалғызбасты жас ананың жанайқайы

01.07.2019
Қаралды: 207

Қымбатшылық алқымнан алып тұрған мына заманда тапқаны түкке жетпей, баспана тұрмақ, бір нанын әзер тауып жеп жүргендер маңайымызда жетерлік. Таяуда Жетісай өңірінен редакциямызға бір әйел хабарласты.

 

Өзін Фатима Жұмаханқызы деп таныстыр­ған келіншек Бескетік ауылының тұрғыны екенін айтты. Жасы отыздан енді асқан ол бүгінде үш баланың анасы атанып үлгерген. «Амалым қалмады, енді не істеймін?» – деп шарасыздықтан шарқ ұрған бұл әйел бізге ішкі сырын былай деп ақтарды: 

 

«Амалым болмаған соң сіздерге хабарласып отырмын. Үйім жоқ. Бес жылдан бері пәтер жалдап тұрамын. Осыған дейін өзімнің ағам көмектесіп келді. Оның да сегіз баласы бар. Сол кісі кешеге дейін біреуден бір үзім нан сұратпай қарасып келіп еді. Енді өзі де жол апатына ұшырап, денсаулығы сыр берген соң маған бұрынғыдай жәрдемдесе алмай қалды».

 

...Ол 2015 жылы күйеуінің тастап кеткенін, алимент төлемей жүргенін де сөз етті. 2009 жылы бас қосқан жұп 2018 жылы заңды түрде айырылысыпты.

 

«Үш баланы ертіп, артынан іздеп те бардым. Маған: «Сендерді баға алмаймын, өз күніңді өзің көр, мені іздеме де, күтпе», – деді. Қазір қатты қиналып отырмын. Пәтер иелері «үйді босат, сатамыз» деп жатыр. Күйеуім кеткеннен кейін біразға дейін олар менен ақша алған жоқ. Кейіннен «айына бес мың теңгеден беріп тұр» деген соң шамамның келгенінше беріп тұруға тырыстым. Бар кезде төледім, жоқ кезде бере алмадым.

 

Кішкентайым бес жаста, үлкенім 3-ші, одан кейінгісі 1-ші сыныпты бітірді. Алдында күнделікті 1000 теңге төлейтін жерде жұмыс істедім, бала-шағама жеңгем қарап отырды. Қыста жағатын отыным болмады, электр пешін қосып отырдым. Бір күні қызым сол пештің үстіне құлап, желкесін күйдіріп, оны үлкенім құтқарамын деп аяғын күйдіріп алды. Сөйтіп амалсыз жұмысқа шықпай, балаларыма қарап үйде отырып қалдым.

 

Қазір өте қиын жағдайда отырмын. Ел ішінен маған баспана жағынан жәрдемдесетін адам табылса деймін. Өз басым барлық жерге барып жатырмын. «Нұр Отанға» да, әкімдіктегілерге де, аудан, ауыл әкіміне де кірдім. Дегенмен ондағылар баспана мәселесін шешіп бере алмайтындарын ашық айтты. Қазіргі жайым осылай. Еш амалым қалмады. Сіздерден өтініш, маған жәрдем етіңіздерші, Алла разылығы үшін үйлі болуыма көмектесіңіздерші!

 

Баспаналы болсам, бала-шағамды бағар едім. Балаларыма бір үзім нан тауып бере алмай қалған кездерімде өз арамыздан азды-көпті жәрдемдескен жандар болды. Елімізде мұсылман жандар көп қой. Өткенде бір қайырымдылық қоры азық-түлік беріп кетті. Кешегі Рамазан айында пітір садақасын беріп жатқандар да болды. Осы қыста балаларым күйіп қалған соң амалсыз көмек сұрауға бел будым. Қиналып кеттім. Сіздерге үлкен үмітпен хабарласып отырмын», – деді ол. 

 

Қазіргі таңда тағы да бір қазақ әйелінің тағдыры осылай болып отыр екен. Әрине, бұл мәселе әкімдік тарапынан шешімін тапса, нұр үстіне нұр болар еді. Әйтеуір қиналған жанның мәселесі қараусыз қалмаса екен дейміз. Фатимаға көмек қолын созамын дейтін жомарт жандар ел арасынан шығып жатса, онымен 8-778-528-95-19 байланыс телефоны арқылы хабарласуына болады.

 

М. ЫБЫРАЙ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ