Қытай экспансиясына қалай қарсы тұруға болады?

28.06.2019
Қаралды: 183

Бүгінде арамызда жанайқайын айтып, қоғамға ой тастаушылардың көбі әлеуметтік желіні пайдаланады. Таяуда Абдулла Али есімді азамат Қытай экспансиясы туралы ой білдіріпті. Өзін Арқаның қазағымын деп таныстырған ол Қарағанды облысы, Жезқазған қаласының тумасы екенін айтады.

 

Абдулла – «Қазақмыс» компаниясының энергетика саласында он екі жыл жұмыс істеген жоғары білімді маман. 2008 жылдан бері Нұр-Сұлтан қаласына қоныстанып, кәсіп­кер­лікпен айналысыпты. Жа­сы қырықты алқымдаған азамат бүгінде үш баланың әкесі.

 

– Қытай экспансиясы осы таңда әрбір қазақты алаңдатар өзекті, басты мәселеге айналуы тиіс деп санаймын. Расында да ол – әскер, экономика, халқының саны жағынан бүгінде әлемдегі ең қуатты мемлекет. Ол елдің достық лебіздеріне сене беруді саяси аңғалдық, надандық деп есептеймін.

 

2016-2017 жылдары басталып кеткен Қытай елінің Қазақстанға 51 зауыт-фабрикасын саламыз деген бағдарламалары сол кезде жарияланып, талқыланған. Осы жылы А.Мамин екі ел арасындағы бұл жобаны 55-ке ұлғайту жайында айтты.

Негізі бұл туралы 2017  жылдан айтылып келе жатты, бірақ оған мән берген ешкім болмады. Бүгінгі жүйе кетпесе, Қазақстан 10, 15, 20 жылда егемендігінен де айырылатыны анық.

 

Ал енді бұл алапат қауіптен құтылар жол бар ма? Бар. Ол үшін Президент ұлттық қауіпсіздігімізге қатер төңдіріп тұрған шарттарды бұзуы керек немесе Қазақстанға, қазақ халқына қолдан форс-мажорлы жағдай тудыру.

 

Енді осы екі жолдың қайсысы біздің елге, мемлекет мүддесіне тиімді екенін талқылап өтейік. Егер біздің елдің Президенті Қытаймен жасасып қойған шарттардың бәрінен бас тартатын болса, онда Қытай тарапы бұған қарсы шаралар қолдануы ықтимал. «Қарызды қайтар», «жеріңді бер», «шығындарымызды өте» деген секілді шаруалар басталып кетуі мүмкін. Дегенмен ондай қадамға мына жүйе де, Президент те бармайтыны анық. Жалғыз жол – форс-мажорды қолдан жасау, яғни бейбіт жолмен, бейбіт шеру жолымен төңкеріс жасау. Осы жол Қазақстан мемлекетіне, жеріне, халқына ең қауіпсізі болмақ. Неге десеңіз, форс-мажор жағдайында келісім жасасқан екі жақ, яғни Қазақстан мен Қытай арасында барша келісім-шарттар заңды түрде күшін жояды, екі жақ заңды түрде мойындарына алған барша жауапкершілік пен міндеттерінен босатылады. Бұл – тығырықтан шығарар жол ғана емес, халықаралық ортақ заңдар аясында жасалар сауатты әрі қауіпсіз, Қытайды жіпсіз байлап қоятын мықты қадам болады, – дейді ол.

 

Абдулланың пікірі осындай. Десе де бұл әлі де қоғамның талқысын қажет ететін тақырып сияқты. 

 

А. ІЛИЯС.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ