Жастарымыз неліктен елден безіп кетіп жатыр?

28.06.2019
Қаралды: 89

Бүгінде елімізде орын алып отырған келеңсіздіктерге наразы адамдар аз емес. Бүйткенше шетел асып кетсем бе екен деп толғанып жүргендердің денін өзіне лайықты жұмыс таппаған жастар құрайтын сияқты. Әлеуметтік желінің белсенді қолданушыларының бірі, алматылық Анар Рахымжанованың жеке парақшасында жариялаған жазбасы да осы тақырып төңірегінде екен.

 

«Қызыммен университетте бірге оқып, екеуі жақсы дос болған құрбысы қазір Америкада, – дейді ол.– Қыс кезінде түн тез қараңғыланып кетеді емес пе? Үйі қаланың сырт жағында болғандықтан кейде біздің үйде қызыммен бірге қонып қалып жүрді. Оқуын бітірген соң осында жұмыс істеп жүріп, тіл үйрену үшін әртүрлі бағдарламамен барып жатқан шетелге ол қыз да барып, жұмыс істеп, тіл үйренді. Тіл үйреніп қана қоймай, ата-анасының несиелерін жапты.

 

Бір жылдан соң ол елге келді, жинаған біраз ақшасы да болған екен. Осында жұмысқа орналасып, бір жыл істеген соң қайтадан Америкаға кетіп қалды. Өзі сондай әдемі, биязы, тәрбиелі қыз болса да қазағымның бір баласы қолын созып, жар етуге тілек білдірмегенінің де әсері бар деп ойлаймын. Бұл жақта тапқан ақшасы да Америкадағыдай емес, әрине. Содан бері шет елде жұмыс істеп жүр.

 

Ата-анасының қаланың сыртында жер үйі бар. Оларға қаланың ішінен Абай мен Төле би көшелерінің ортасы, Руднев көшесінің бойындағы жаңадан салынған көпқабатты үйлерден үш бөлмелі пәтер алып берді. Ол жердегі пәтерді жалдап тұратындарға беріп қойған екен. Өйткені әкесі мен анасы сол бұрынғы өздерінің жер үйінде тұрады.

 

Өзінен кейінгі бауыры да жоғарғы оқуды бітірген соң шет елде жұмыс істеуге кеткен екен. Інісі қазір Сингапурда жұмыс істеп, ақша тауып жүр. Бір жағынан тіл үйренуде.

 

Қызым биыл жазда құрбым келеді деп жүрген, келмейтін болыпты. Сөйтсе үш-төрт жыл сол жақта жаттығуға барып жүрген кезінде Канаданың жігіті сырттай көріп, ұнатып жүрген екен. Сол жігіт ұсыныс жасапты.

 

Кезінде қызым да сол қызбен бірге Америкаға барғысы келіп еді, мен рұқсат бермей қойып едім. Ұлымның досы барған кезде тағы да келіспей қойған болатынмын баруына. Қателескен болармын мүмкін, кім білсін?!

 

Мынадай әділеті жоқ, шындығы жоқ, өтірікшілері көп жерде өмір сүріп, наныңды тауып жеудің өзі барған сайын қиындап барады. Қу ақшаның соңында шетелге қаншама жастарымыз кетті, әлі қаншамасы кетер екен?! Әділдік жоқ жерде жастарға қиын ғой. Бас көтеріп шындық іздесе, барар жері – түрме. Қайда кетіп барамыз?»

 

Анар Рахымжанова осылай дейді. Оның сөздері талай жанның көңіліндегі уайымды қаузап жібергендей. Жазбаны оқыған көптеген адамдар өз пікірлерін қалдырыпты. Солардың бірқатары төмендегідей.

 

Амангүл Мәженова:  Дұрыс әңгіме қозғадыңыз. Ризамын сізге! Мен де өз басым бір минут та қалғым келмейді, «көз көрмейтін, құлақ естімейтін жаққа» есейген үйлі-баранды ұлдарымды алып кеткім келеді. Өлсем сол жақтың топырағы бұйырар. Күннен күнге халықтың жағдайы күрделене түсуде.

 

Қазақтар шетелге көшіп жатса тағы да тосқауыл қоятын шығар. Биліктегілерден барлық жағдайды күтуге болады. Таңқалуға болмайтын болды ғой. Етіміз бен құлағымыз әбден үйреніп кеткен. Сондықтан жастардың жолына тұрмау керек.

 

Баршын Ізбасар:  Рас айтасыз, қазіргі қоғамдағы өзекті мәселенің бірі осы болып отыр. Білімді, мықты жастар әділетсіз қоғамнан қашып, шетел асып жатыр. Еліміздің болашағына көз жүгіртудің өзі қорқынышты. Шетелге кетті, кетіп барады деген сөзді естіген са­йын жүрек бірге жұлынып кетіп бара жатқандай. Амалсызбыз...

 

Мұрат Кенжебаев: Иә, шындық. Жастар өздерін Қазақстанға қажетсіз сезінеді.

 

Индира Смағұлова:  Бұл – Жемқорстан. Қазақстаннан басқа жаққа көшіп кетер едім. Тек өздерінің қарақан басын ойлап, ал­ғанның үстіне ала түсіп, жұтқанның үстіне жұта түсіп жатқан жем­қор, сатқын, опасыз, жауыздардан ешқандай үміт-қайыр жоқ.

 

Ахмет Өмірзақ:  Онсыз да көңіл-күйі бұзылып жүргендерге мына әңгімеңіз «Қашайын деп тұрған қоянға тәйт деген соң не сорым?!» дегендей болды-ау. Шындық екені рас, бірақ бұл шындық еліміздің болашағына қатер секілді. Үлкендеріміз жағдайы бар жерде өмір сүру керек деп қақсай беріп, жастарымызды тоғышарға айналдырып алған секілдіміз. Бәріміз қара басымыздың қамын ойлап, жақсы жер іздеп кете берсек, мына елде кім қалады, кім ие болады? Отансыз бақытқа жетеміз бе? Мәңгілік ештеңе жоқ, бұл елді де биікке бастайтын адамдар келер билікке.

 

Нұрбақыт Бейсенұлы: Көптеген жастарымыз сол шетелге жете алмай жүр. Қыста Кореяда он күн болып қайттым. Сонда Корея кеден бекетінен өте алмай, қаншама қаражатын желге ұшырып, топ-тобымен қайтып жатқан жастарды көрдім. Сонда көбісі банктен несие алып келіп едік деп тұрды. Ішім удай ашыды, бірақ қолдан келер қайран жоқ.

 

"Замана".

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ