«Серікжан Біләшұлын Бейбітшілік саласындағы Нобель сыйлығына ұсынамыз», – дейді «Атажұрт еріктілері» ұйымының өкілі

28.06.2019
Қаралды: 202

Бірқатар белсенді азаматтар құқық қорғаушы Серікжан Біләшұлын Бейбітшілік саласындағы Нобель сыйлығына ұсыну жөнінде бастама көтерді. Бұл жөнінде бүгінде Түркияда тұрып жатқан ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Гүлісхан Домалайқызы әлеуметтік желі арқылы хабарлап, жұртшылықты бастаманы қолдауға шақырды.

 

Осыған орай біз аталған істің басы-қасында жүрген азаматтардың бірі – «Атажұрт еріктілері» ұйымының Нұр-Сұлтан қаласы бойынша үйлес­тірушісі Міллетхан Айтқалиұлымен хабарласқан едік.

 

«Хабарламада айтылғандай, 16-маусым күні  Елордадан 20 шақырым қашықтағы Қоянды ауылында жиналдық. Онда 30 мыңдай тұрғын бар, 7 мыңдайы – Қытайдан, Монғолиядан қоныс аударған қандастарымыз.  Монғолиядан келген Нұрбек деген бауырымыз өз қаржысына алты қанатты киіз үй жалдады.  Басқа да азаматтар ас-суға қажетті шығындарды көтерді. «Сырттан келген», «жергілікті» деп бөлінбей, көптеген азаматтар жиынға қатысып, атсалысты. Бір күнде 1100-ден астам адамның қолын жинадық», – дейді ол кісі.

 

Айтуынша, бұл ұсынысқа Нұр-Сұлтан қаласынан да қол қоямыз деп жатқан жандар баршылық екен. «Астанадан да біраз қол жиналады. Екінші кезекте Алматы облысынан жинаймыз. Қазақстанның басқа аумақтарынан да штаб ашпақ ой бар. Өйткені жұрт Талдықор­ғаннан, Шымкенттен, Өскеменнен, тағы да басқа өңірлерден бізге хабарласып, өздері тұратын аумақтан да дауыс жинауды ұсынуда. Біз алғашында 100 мың адамның қолын жинаймыз деп межелеп едік, жұрттың ықыласына қарап, кемінде миллион адамның қолын жинай аламыз-ау деп отырмыз. Бізге әсіресе Батыс Қазақстан жақтан хабарласушылар өте көп, қол жинауға адам жіберуімізді сұрап жатыр», – дейді Міллетхан Айтқалиұлы.

 

Ол кісі бұл іс-шара кезінде ұсынысқа қол қоюды нақты адамдардың өздері іске асыратынын, яғни «ұсынысты әйелім де қолдайды, соның орнына да қол қоя салайын» дегеннің болмайтынын айтады. «Нақты адамның аты-жөні, телефон нөмірі, тұрғылықты мекені көрсетіледі. Бұл кейін арнайы комиссиядан қол қойғанын нақтылау мақсатында хабарласқан кезде түсінбестіктер болмас үшін жасалады. 100 мың адамның қолын жинағасын Бейбітшілік саласындағы Нобель сыйлығын беретін орталыққа бұл жөнінде хабар жібереміз. Ондағылар ары қарай қандай құжаттар керек екенін түсіндіргесін жұмысымызды жалғастырамыз.

 

Серікжан Біләшұлы – Қытайдағы мұсылман ұлттарына жасалып жатқан қысымды әлемге жеткізген тұлға. Оған дейін мұндай істі ешкім де атқара алған жоқ. Серікжанның арқасында Қытайдың зорлық-зомбылығы әшкере болды, халық­аралық орта Қытайдан ондай саясатты тоқтатуды талап етіп жатыр. Сондықтан бұл сыйлыққа Серікжанды лайық көріп отырмыз. Осы арқылы Қазақстан мемлекетінің, қазақ ұлтының әлемдегі абырой-беделін көтеруді де мақсат етудеміз. Қазақстанда да осындай беделді азаматтардың бар екенін көрсеткіміз келеді», – дейді Міллетхан Айтқалиұлы.

 

Сөз орайы келіп тұрғасын ол кісіден «ұлт араздығын қоздырды», «жиһадқа шақырды» деген күдікпен тұтқындалып, бүгінде «үй қамағында» отырған Серікжан Біләшұлының жағдайы жөнінде сұрадық.

 

«Алғашқыда «үй қамағында» екі ай отырады деп еді, кейін ол үш айға созылды, енді төртінші айға асып отыр. Ендігі сот 7-шілдеге қалдырылған. Оған дейін Шымкенттегі арнайы діни орталықтың сараптамасын алып, Алматыдағы «Амал» дәмханасында Серікжанмен бірге болған адамдардың ғаламтордағы жариялаған пікірлерін жинайды екен», – дейді Міллетхан Айтқалиұлы бұл туралы.

 

...Айта кетейік, Бейбітшілік саласындағы Нобель сыйлығын жыл сайын Осло қаласындағы Нобель комитеті береді. Оған адам бейбітшілік саласындағы, құқық қорғаудағы жетістіктері үшін ұсынылады. Халықаралық сыйлықтың қаржы сомасы нарық бағамына қарай өзгеріп отырады. Бұл сыйлыққа осы уақытқа дейін Еуропа, Азия, Америка, Африка, Аустралия құрлықтарынан 100-ден аса адам ие болған. Олардың қатарында Қазақстанмен көршілес елдерден тек Қытай азаматы ғана бар. Бұл сыйлық 2010 жылы қытайлық құқық қорғаушы Лю Сяобо деген азаматқа берілген. Адам құқын қорғаймын деп билікке жақпай қалған бұл азамат соңғы рет 2009 жылы 11 жылға сотталған екен, 2017 жылы түрмеде ауырып қайтыс болыпты.

 

Р. ҚЫДЫР.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ