Арыстағы арпалыс

26.06.2019
Қаралды: 312

Арыстағы жарылыс кезінде жан сауғалап қашқандардың біразы Шымкент қаласының А.Байтұрсынов атындағы №50 мектеп-гимназиясында жиналды. Сондағы адамдардың жай-күйін білмек болып, біз ол жаққа да бас сұққан болатынбыз.

 

«Менің көзімше бірнеше адам өлді», – дейді Дильназ

 

Арыстан келгендер мектептің бірінші және екінші қабатындағы залдарға жерге жағалай салынған төсекке жайғасқан. Ішке кіргенімізде екі жерде кабинет есігінің аузында топырлап тұрған адамдарды көзіміз шалды. Мұнда бір есікте азық-түлік, бір есікте сабын, тіс пастасы секілді гигиеналық заттар таратылып жатыр екен. Көмек қолын созып жатқан халық қарасы да аз емес. Бір адам сұрағандарға түрлі размердегі жап-жаңа тәпішкелерді, енді бірі нәскилер, тағы бірі балмұздақ, келесісі балалар тамағын беріп кетіп жатты. Сырттан киім-кешек, азық-түлік әкеліп жатқандар да табылды. Дәліздің бір жағында «Жедел жәрдем» қызметкерлері, бір жағында келушілердің тізімін тіркейтін еріктілерден құралған топ отыр. Ал мектептің акт залында балаларға арналған қуыршақ театры өнер көрсетіп жатты.

 

Сол маңайда жүрген оқушы қызды сөзге тарттық. Өзін Дильназ Әбдікәрім деп таныстырған жасөспірім қыз болған жағдайды былай деп баяндады:

 

«Біз базарда сауда жүргізіп жатқан болатынбыз. Сол кезде біздің «бутигімізге» бір нәрсе тарс етіп құлады да, төбесі жарылды. Далаға жүгіріп шығып қарасақ, түтін шығып жатыр екен. Одан кейін бәріміз қаша жөнелдік.

 

Жан-жағымызда жарылыстар болып жатты. Солай қашып бара жатқанда үш баласын ерткен әйелдің үстіне бірдеңенің түскенін көрдім. Сондай нәрсе бүтіндей бір отбасы отырған көлікке де түсті. Осылайша менің көзімше бірнеше адам жан тапсырды.

 

Жанымызда аяғы ауыр әйел болған. Ол бізге ілесе алмай, қалып қойды. Біз 41-разъезге қарай қаштық. Бізді ешкім көлігіне алған жоқ. Ақтасқа дейін жаяу бардық. Ақтастан ары қарай жүк көлігімен Сарыағашқа келдік. Сарыағашта барлығын бір кафеде жинап, адамдарды мешітке, мектепке бөлді. Адасқан балаларды сол жердегі бір депутат кісінің үйіне апарды. Мені ата-анам сонда іздеп келді. Ал сіңлімді көршілерімізбен бірге Шымкенттегі «Ақмешітке» апарып тастапты. Оны сол жерден таптық.

 

Тура соғыстағыдай болды. Зу-зу еткен жарылғыш заттар жанымызға келіп түсіп жатты. Қаншама адам өліп кетті. Өзім Сарыағашқа жеткенше қайта-қайта естен танып құла қала бердім. Маған «жедел жәрдем» көмек берді», – дейді ол.

 

Көршісінің үйі көкке ұшқанын көріпті

 

«Әскери бөлімнің тура түбінде тұрамыз» деген Данагүл Смаилова болса, аман қалғандарына шүкіршілік етеді. Ол кісі сол күнгі оқиғаны айтып отырып, көзіне жас  алды.

 

«Әскери бөлімнің территориясы бізге көрініп тұрады. Таңертең сағат 8.00-де жолдасым лап еткен от көргенін айтты. Ол маған «құжаттарды дайында» деген кезде мен онша сенген жоқпын. Қарасам, аздап түтіндеп жатыр екен. Содан соң «қазір-ақ өшетін от қой» деп аса мән бермедім.

 

Бір кезде патырлап патрондар атылды да, лезде өршіп кетті. Снарядтардың даусы шыға бастаған кезде тез-тез балаларымды ояттым да, қолға ілінген құжаттарды ала сала қаша жөнелдік. Біз қашып бара жатқанда снаряд құлады. Мен «біздің үйге түсті» деп ойладым. Артыма бұрылып қарасам, көршімнің үйіне түскен екен. Әлгі үй күлі көкке ұшып, өртеніп кетті. Менің үйімнің де ештеңесі жоқ, есік-терезесі, шатыры – бәрі кетті. Снаряд жарывқшақтары ұшып жатқанда жерге еңбектеп қаштық. Көршілеріме де: «Үйі де, дүниесі де құрысын, жаныңды сауғала, қашыңдар!» – деп айқайладым. Алдағы айда босанайын деп отырған көрші келіншек бар, ол төрт баласымен шырылдап қашты. Бірақ оларды мына адамдардың ішінен әлі көрмедім. Бәлкім бір ағайындарының үйінде жатқан шығар деп қоямын.

 

Жарылғыш заттар сұмдық ұшты. Менің күйеуім көлікпен бері қарай келе жатқан. Бір жарылғыш тура көліктің жанына келіп түсті де, ол бір аударылып кетті. Жолдасымның құлағы бітіп, көзі ашылмай қалды. Рульге қайта отырғанда адамдар жүргізбей, көлікке бізбен бірге бірнеше адам жанталасып мініп алды. Сөйтіп Шымкентке қарай зуылдай бердік. Снарядтар ысқырып қалаға қарай ұшып жатты. Артымызға бұрылып қарауға шама келмеді, жан сауғалау керек, әркім өз басымен қайғы болып кетті. Бар ойымыз Шымкентке жету болды. Әйтеуір тірі қалғанымызға қуанамыз. Көмектесіп жатқан жандарға да рақмет! Адамның күні адаммен ғой. 

 

Осыдан он жыл бұрын да осындай жағдай болған. Өкінішке орай, тағы да қайталанып тұр. Күйеуім де әскери адам. Қазір 47 жасқа толып, запасқа шықты. Алдыңғы жарылыста күйеуімнің бастығы болған командир кісі ерлік жасап, танкімен кіріп, отты өшіріскен еді. Бұл жолы да өз көлігімен отқа кіріп, қайта шықпапты дегенді естіп жатырмын. Соған да жаным ауырып отыр. Әйтеуір аман болғай!» – дейді Данагүл апай.

 

Мерт болғандар аз емес дейді

 

Шолпан Жүнісова да – Арыс қаласының тұрғыны. Ол қайтыс болған адамдардың көптігін сөз етеді. Жеме-жемге келгенде адамдар үрейленіп, басы ауған жаққа қаша бергенін айтады.

 

«Таңертең ұйқыдан тұрғанымыз сол еді, бірнәрсе тарс ете қалды да, жер сілкінгендей болды. Далаға жүгіріп шықсақ, көше қара түтін болып жатыр. Не болғанын түсінбейміз. Жұрт жан-жаққа қашып жатыр. Сол кезде тағы да бір жарылыс болды, көршілерім жүгіріп келді де, біреуі: «Қашыңдар, қатты жарылыс болып жатыр!» – деді. Содан сөмкемізді аламыз дегенше тағы жарылыс болды. Снарядтар жерге түсіп жатыр. Қара түтін жақындап, есік-терезе қайта-қайта сықырлайды. Анам ауруханаға кеткен еді. Ол кісіні тастап кетпеймін ғой. Жұрт бері қарай қашса, мен анамды алып келейін деп ары қарай жүігіріп барамын. Анамды тапқан соң сәл көңілім көншіді.

 

Содан ешбір көлік бізді алмайды. Бір кісілерді зорлықпен тоқтатып, көлігіне жармасып жүріп мініп алдық. Қаншама адам өліп кетті. Біз келе жатқан кезде жолға снаряд түсіпті. Бір атаның денесін сыртқа шығарып тастапты. Өлгендердің бәрі жерде жатыр. Өз көзімізбен көрдік.  Бір кісі қан-жоса болып отыр. Оған қарап жатқан ешкім жоқ.

 

Бүгінде екі адам ғана қайтыс болды деп жатыр ғой. Олай болуы мүмкін емес. Мыңнан аса адам жан тапсырған шығар. Өйткені әскери бөлімнің өзінде қаншама адам жұмыс істейді. Жан-жағында жапсарлас салынған көптеген үйлер бар. Снаряд жарықшақтары кафелерге, дүкендерге түсіп, өртеніп кеткен. Үйлерге түсіп жарылып жатқандарды көрдік. Біз әскери бөлімнен алыстау тұрамыз. Соның өзінде зардабы бізге де келді.

 

Енді үйіміздің жағдайы қандай болып жатқанын білмей уайымдап отырмыз. Ештеңеге қарамай қаштық. Әзірге бес күнге дейін қайтуға мүмкіндік жоқ дейді. Арыс қаласына ешкімді кіргізбей жатқан көрінеді», – дейді ол.

 

Жанашыр жұрттан жәрдем көп  

 

Аталған эвакуациялық пункттің басы-қасында жүрген «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының адами капитал дамыту бөлімінің бірінші категориялы сарапшысы Нұрсұлтан Ба­уыржанұлын да сөзге тарттық.

 

«Мұнда келгендердің барлығын шетінен тіркеуге алып жатырмыз, – дейді ол. – Біздің есебіміз бойынша мұнда 570 адам келді, оның 236-сы – балалар. Бірақ олардың дәл қазіргі таңда 200-ге жуығы ғана осы жерде. Біразы туыстарының үйіне, жатын орны бар жерлерге кетуде. Оқу орындары да адамдарды өз жатақханаларына алып кетеді деп жатыр.

 

Қазіргі таңда тамақ, сусын жеткілікті. Мұның барлығы Шымкент қаласының тұрғындары мен облыстағы, аудандардағы кәсіпкерлер тарапынан әкелінуде. Қалай келеді, солай таратылып кетіп жатыр.  Келген адамдарды тіркеп, орналастырып, жоқ заттарын адам санына қарай беріп жатырмыз. Содан соң дайын тізімді басқармаларға береміз. Туыстарын іздегендер біз берген тізімді қарайтын болады. Енді жоғалған балаларды іздестіру жұмыстарымен айналыссақ деп жатырмыз».

 

...Шымкентте бірнеше эвакуациялық орталықтардың ашылғаны белгілі. Бұл – біздің бір ғана осындай орталықтағылардан естіп-білгеніміз. Көптеген адам өлімі туралы айтқандары қаншалықты рас екенін білмедік. Үрейден, қорқыныштан алған әсерден өсіріп айтып жатса, ол үшін оларды кінәлаудың қажеті жоқ шығар. «Көргеніміз соғыстағыдай болды» деп көзіне жас алған жандардың бүгінгі күйі оңай емес. Барын тастап, бала-шағамен үйлерінен безіп жүрген қарапайым халықтың бұл қайғысы бүкіл елдің көңілін құлазытты.

 

Ел аман, жұрт тыныш болсыншы!

 

М. ҚҰРБАНҚЫЗЫ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ