«Ақмешітте» жиналғандарда есеп жоқ

26.06.2019
Қаралды: 133

24-маусым күнгі Арыстағы жарылыстан соң қала тұрғындарын жан-жаққа эвакуациялап жатты. Біразы Шымкент қаласындағы орталық мешітке жеткізілген болатын. Біз де «Ақмешітке» барып, онда болып жатқан жайларды көріп қайттық.

 

Мешіттің алды ығы-жығы адам. Мұнда тек Арыстың тұрғындары ғана емес, өздерінің туған-туыстарын алып кетуге, көмек қолын созуға келгендер де жетерлік. Кіреберісіне де адамдар жерге жайғасқан. Алдарына ас-су қойылыпты. Бір шетте жәрдем берушілердің үйлерінен әкелген киім-кешектер үйіліп жатыр. Адамдар арасынан өздеріне, бала-шағасына қажеттісін таңдап алуда. Эвакуацияланған тұрғындарға су мен азық-түлік жан-жақтан жеткізілген. Ал балалы келіншектерге біреулер жөргек таратып жүр. Сыртқа үстелдер қойылып, ыстық тамақ та беріліпті.

 

Біразы мешіт ауласындағы көк шөптің үстінде жерде отыр. Арасында бала-шағалы келіншектер, үлкен кісілер, жас жігіттер де бар. Баласын алдына алып отырған келіншекті сөзге тарттық.

 

«Иә, біз Арыстан келдік. Қазір бізді алып кететін туысымызды күтіп отырмыз. Менің бала-шағам түгел. Бірақ әлі келмеген туыстарым бар. Абысыным бала-шағасымен келуі керек. Әлі де есімізді жия алмай отырмыз», – деді ол.

 

Сәл әріректе отырған қасында немересі бар ападан да мән-жайды білуге тырыстық.

 

«Үйден қашып шықтық. Бәрін тастай сала жалаңаяқ жүгірдім. Осы жерден жаңа аяғыма сүйретпе берді. Енді балабақшаға кеткен немеремізді таппай отырмыз. Мына қасымдағы немеремнің анасы бізді басқа жақта іздеп жүр. Тағы бір баламыз бір туысымыздың үйінде. Жан-жаққа шашырап қалдық. Біз орталықта тұратын едік. Жарылыстың күші бізге дейін жетті», – дейді ол кісі. Бұл кісілердің түрлері шаршаңқы, көңілдері әрі-сәрі, қандай да бір сауалға жауап беруге құлықтары жоқ екен. Аты-жөндерін атағысы келмегесін әрі қарай мазасын алмайық дедік.

 

Мешіт алдында микрофон ұстаған адам жоғалғандар мен табылғандардың аты-жөнін үздіксіз оқуда. Бірі баласын, бірі әйелін, енді бірі жолдасын іздеп, шарқ ұрып жүр. Бергі жақта тізім жасайтын топ қаз-қатар отыр. Оларға адамдар жақындап, таба алмай жүрген жақындарының есімдерін жаздыруда. Мешіт қабырғасының сыртына ілінген эвакуациялық пункттерде орналастырылған балалардың тізімін де топырлаған жұрт келіп қарап жатыр. Енді бірі сондағы көрсетілген телефондарға жеделдетіп қоңырау шалып жатты.

 

Көшеде де көлік қозғалысы қиындаған. «Темірлан тас жолы» және Жиделі-Байсын көшелерінің қиылысында бағдаршам өшіріліп, полицейлейлер көлік қозғалысын реттеп тұрды.

 

Қысқасы, Шымкенттің орталық мешітінде сауапты істер молынан атқарылып жатты. Адамдардың жанашырлығына, зардап шеккендерге барынша қол ұшын созып жатқанына сүйсініп қайттық.

 

М. ЫБЫРАЙ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ