Жазықсыз қызды бас салып ұстап, қамап қойған, айыппұл салған

25.06.2019
Қаралды: 234

12-маусымда Алматыда көптеген адамдар ұсталғаны белгілі. Олардың ешқандай да заң бұзбағаны туралы айтып жүргендер бар. Мысалы, алматылық Даная Қалиева есімді желі қолданушысы сол күні қалада наразылық білдіріп, топтанып жүрген адамдарды байқамағанын, полиция қызметкерлері адамдарды ойдан-қырдан жинап әкеткенін айтады. Ол бұл туралы «Youtube» желісіне салған видеосында баяндайды. Онда былай делінген: 

 

«Өз басым ешқандай да наразылық шарасын көрмедім. Маған тек полиция қыз­мет­керлері мен журналистер ғана жиналғандай көрінді. Адамдарды қоғамдық көліктерден, аулалардан, тағы да басқа жерлерден сүйреп әкеліп, көлікке тоғытып жатқанын байқадым. Орталық стадион маңынан ұрандатып жүрген топты көзім шалмады. Бәлкім байқамай қал­ған болуым да мүмкін, бірақ кешегі наразылық оқиғасының ойдан шығарылғаны анық.

 

Мен «Түрксіб» аудандық ішкі істер басқармасына да бардым. Ол жақта бәрі тыныш болды. Ішкі істер департаментіне де бас сұқтым, онда 100 шақты адам қамалып жатқанын білдім. Құрбым Динара Мүбәракты алып кеткен Бостандық ауданының ішкі істер басқармасына барғанымда ұсталғандардың туған-туыстарын кездестірдім. Бірінің туысы жұмыстан шығып, енді бірінікі аялдамаға кетіп бара жатып ұсталған. Осылайша үйлеріне жетпеген.

 

Басқармада Динара туралы қандай да бір ақпарат білу мақсатында түнге дейін отыруыма тура келді. Шыққандардың әрбіріне құрбымның суретін көрсетіп, оны көрген-көрмегендерін сұрап жүрдім. Солардың бірі оны тергеуге әкеткенін айтты. Босатылып шыққан бір жігіттен Динараның өзіне он тәулік бергенін айтып, ағасына хабарласуын сұрағанын естідім. Көңіл-күйім түсіп, үйге қайттым».

 

Ары қарайғы жағдайды Динараның өзі баяндайды. Айтуынша, ол 9-маусым күні де осындай жағдайға түскен екен. Көшедегі орындықта отырған жерінен күндізгі 10.30-дар шамасында алып кетіпті. Бір айыппен екінші рет ұсталуына байланысты он тәулікке қамалатынын айтқанымен, ертеңіне оны 20 АЕК көлемінде айыппұл салып, үйіне қайтарыпты. Ол туралы Динара былай дейді:   

 

«Мені алаңнан, дәлірек айтсақ, Панфилов көшесінің маңынан ұстап алып кетті. Бір әйелді кездестіріп, оған тоқыма бас киімге тапсырыс бермек едім. Онымен бірге мені де қоса әкет­ті. Бізді көліктің темір торы бөлігіне отырғызбақ болғанда мен оған қылмыскерлер отыратынын, өзімнің ешқандай бұзақылық жасамағанымды айтып, мінгім келмеді. Арамызда жүкті әйел де болды. Оны жарты жолда түсіріп кеткілері келді. Бірақ онымен бірге Қызылордадан қыдырып келген қыз да бар еді. Сондықтан оның ары қарай бізбен бірге баруына тура келді. Кейіннен ол әйелді үйіне қайтарса керек, біз отырған жерден көрмедім.

 

Басқармаға әкелген соң бізге мұнда жеке басты анықтау мақсатында небәрі 10-15 минут қана боласыңдар деп бәрімізді мәжіліс залына алып кірді. Ол жерде бір сағаттай отырдық. Содан соң лауазымын білмеймін, Азат есімді ер адам маған туыстарыма хабарласуыма мүмкіндік берді. Мен одан мұндағыларды әлі қанша уақыт ұстайтынын сұрағанымда «шамамен 2-3 сағат» деп жауап берді. Біраздан соң прокурор келіп, адамның көптігіне байланысты таңға дейін отыратынымызды, әрбірімізді тергейтінін айтты.

 

Мен ұялы телефонымды бермей, хабарласуға қажет болады деп киімімнің ішіне жасырып қойған болатынмын. Біздің арамызда жүрген бір әйел телефонымды көріп қойып, оны полиция қызметкерлеріне жеткізгеннен кейін барлық әйелдерді бір кабинетке әкеліп, тексеріп, сөмкелерін ақтара бастады. Ол кезде мен телефонымды туыстарына хабарлама жіберуіне өзім көмектескен бір әйелдің сөмкесіне тығып қойған едім. Телефонды тауып алған соң оның менікі екенін мойындадым. Сол кезде полиция қызметкері маған дөрекі сөйлей бастады.

 

Ертесіне менімен қосқанда төрт адамды сотқа апарып, маған он тәулік беретіндерін айтты. Мен оларға төрт жасар баламның бар екенін жеткізген соң судья әйел менің сөзіме сеніп, маған 20 АЕК, яғни 50 мың 500 теңге көлемінде айыппұл салып, жөніме жіберді».

 

Осылай деген Динара полиция қыз­мет­керлерінің барлығын бірдей жаман деуге келмейтінін, олардың арасында өздеріне жанашырлық танытқандардың да болғанын ай­тады.

 

Құрбысының әңгімесінен соң Даная Қалиева полиция қызметкерлерінің босатылып шыққандардың жеке заттарын қайтарып беру кезінде ақшалары мен темекілерін алып қалатынын, мұның шектен шыққан әрекет екенін айтып ашынды.

 

«Полицей мырзалар, егер сіздер қандай да бір бұйрықты орындап жатқан болсаңыздар сол үшін жауапкершілікті де мойындарыңызға алыңыздар. Өтініш, өз-өздеріңізбен жұмыс істеңіздер немесе орындарыңызды босатыңдар. Себебі қарапайым адамдар­ға олай жасауға болмайды. Қалай ақталасыздар? Форма киюге ұялмайсыздар ма? Енді адамдардың қалтасындағы соңғы тиындарына дейін алып қалатын болғансыздар ма?» – деді ол.

 

Сөз соңында Даная әлі де байланысқа шығатынын, алдағы уақытта адамдар жинал­ған жерде бетперде тағып жүретін белгісіз жандардың кім екендігін, олар туралы ақпарат жинаған соң білгенімен бөлісетінін жеткізді.

 

Жалпы, сол күні наразылық білдірмей-ақ, Динара секілді бекерден-бекер ұсталып, бөлімшеден бірақ шыққандар баршылық деседі. Өткен-кеткеннің бәрін бас-көз демей көлікке тоғытқан полиция қызметкерлерінің бұл тірлігі «шаш ал десе, бас аладының» кері секілді екен.

 

М. ЫБЫРАЙ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ