Арыстағы жарылыс: Президент шұғыл тапсырма берді

25.06.2019
Қаралды: 198

Мемлекет басшысы тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, жарылыстың себептерін анықтау қажет деп мәлімдеді.

 

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Арыстағы жарылысқа қатысты министрлер мен облыс әкіміне шұғыл шаралар қабылдауды тапсырды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

 

"Қорғаныс, Ішкі істер министрлеріне және Түркістан облысының әкіміне Арыс қаласы әскери бөліміндегі оқ-дәрі қоймасында болған жарылыстың зардаптарын жою жөнінде шұғыл шаралар қабылдауды тапсырдым. Тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, жарылыстың себептерін анықтау қажет", - деп жазды президент әлеуметтік желідегі парақшасында. 

 

Дүйсенбі Түркістан облысы Арыс қаласындағы әскери бөлімнің аумағындағы қоймада жойқын жарылыс болып, артынша алапат өртке ұласты.

 

Қорғаныс министрлігі қазіргі уақытта жарылыс салдарынан қаза тапқандар мен зардап шекендердің жоқ екенін хабарлады. Оқиғаның мән-жайы мен себептері анықталып жатыр. 

 

Жарылыстың салдарын жою жұмыстарын облыстық төтенше жағдайлар департаменті, Түркістан облысы мен Шымкент әкімдіктері жүргізіп жатыр.

 

Арыс тұрғындары шұғыл түрде Шымкент қаласына көшіріле бастады. Қорғаныс министрлігі оқиға орнына арнайы комиссия жіберді. Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев төтенше жағдай орнына шықты.

 

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ