Марғұлан Сейсембай билік өкілдеріне өткір ұсыныстар айтты

24.06.2019
Қаралды: 356

Бүгінгі күні елдегі орын алып отырған жағдайлар көзі ашық азаматтарды бейжай қалдырып жатқан жоқ. Қоғамдық талқылауларға үн қосып, көзқарасын айтып, пікір білдіріп жүргендердің арасында елге танымал кәсіпкер, инвестор Марғұлан Сейсембай да бар. Таяуда ол өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында көпшілік тарапынан өзіне «Не істеу керек?» деген сұрақтың жиі келіп түсіп жатқаны туралы жазды. Ол еліміздің одан әрі дамуы тұ­тас­тай қоғам мен билік арасындағы келісімге байланысты екенін айта келе мынадай қадамдарды дұрыс деп санайтынын жеткізді:

 

«1. Билік пен қоғамның барлық топтарының өкілдері бірлесіп «отты тоқтату режимін» жариялау керек. Бұл – мемлекет тарапынан белсенділерді қудаламау міндеттемесі, ал қоғам тарапынан бұл – барлық қоғам қай­раткерлерінің жағдайды ушықтырмау және митингтерге шықпау міндет­те­месі.

 

2. Мемлекет тарапынан барлық партияларға, ресми және бейресми қоғамдық бірлестіктерге, қауымдастықтар мен қоғамдастықтарға өз талқылауларын, съездерін және Саяси жаңғырту жөніндегі Ұлттық Кеңесте (СЖҰК) жұмыс істеу үшін өз өкіл­дерінің сайлауын өткізуге мүмкіндік беру.

 

3. Саяси жаңғырту жөніндегі Ұлт­тық Кеңеске мүше болу үшін әрбір өкілге кемінде 10 мың адам қолдау көрсетуі тиіс.

 

4. Өкілдер қолдау тауып, мандаттарды алған соң мемлекет Саяси жаң­ғырту жөніндегі Ұлттық Кеңесте жиналысын жариялап, оның жұмысын бастауы керек.

 

5. Саяси жаңғырту жөніндегі Ұлт­тық Кеңес бірінші кезекте екі айдан кешіктірмей «Сайлау туралы» Заңның жаңа редакциясын талқылауы және ұсынуы тиіс.

 

6. «Сайлау туралы» Заңның жаңа редакциясы бекітілгеннен кейін билік ҚР Парламентіне мерзімінен тыс сайлау жариялауы тиіс.

 

7. ҚР Парламенті жаңа «Cайлау туралы» Заңға сәйкес сайланғаннан кейін Саяси жаңғырту жөніндегі Ұлт­тық Кеңес өз жұмысын тоқтатуы тиіс. Әрі қарай елдің саяси жаңғырту мәсе­лелерін қоғамның толық сеніміне ие болып жаңадан сайланған Парламент жалғастыруы тиіс».

 

...Осындай ұсыныстарын әлеуметтік желіде жариялағаннан кейін Марғұлан мырза Президент әкімшілігіне шақырылып, онда Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары Дархан Қалетаевпен және ҚР Президентінің кеңесшісі Ерлан Қаринмен кездесу болды. Кездесу барысында ол билік өкілдеріне өзінің ұсыныстарын жеткі­зіп, өзара талқылаған мәселелерін сөз еткенін айтады.

 

«1. Менің кеше жазған ұсынысым жайлы. Жүзеге асырудың техникасы мен механизмін қалай көріп тұрсың деп сұрады. Мен оларға өз көзқарасымды айтып бердім. Азаматтық қоғамда лидерлер пайда болуы үшін съездер мен жиналыстарды ашық өткізуге және барлық қауымдастықтардың Саяси жаңғырту жөніндегі Ұлттық Кеңеске өз өкілдерін таңдауға мүмкіндік беру қажеттігін айттым. Олар­дың тарапынан партиялардың, президенттікке бұрынғы кандидаттардың және Атамекен өкілдерінің автоматты түрде қатысуы туралы мәселе көтерілді. Мен сол кезде бұл кеңеске деген сенімнің жоғалатынын айттым. Мен әр саяси партиядан бір өкілден шығып, ұсынуына келістім, бірақ Атамекен және президенттікке ұсыныл­ған бұрынғы кандидаттар қайтадан 10 мың қолдан жинап шығуын талап еттім. Менің ойымша, бұл әділ болады. Кейбір кандидаттардың бұл шамадағы қолды жинай алатынына күмәнім бар.

 

2. Қолдарды санау және тексеру жайлы. Менің ұстанымым бойынша, тексеру комиссиясын 50/50 қатынасында билік пен азаматтық қоғам өкілдерінен құру керек. Азаматтық қоғамнан біз өткен сайлауда принципті жағынан өздерін жақсы көрсеткен белсенділерді сол жерге жібере аламыз. Тексеру комиссиясы азаматтық қоғам өкілдерінің қолдары мен мандаттарын растағаннан кейін Президент Саяси жаңғырту жөніндегі Ұлттық комиссияның жұмысы басталатынын жариялайды.

 

3. Ұлттық комиссия жұмысы бо­йынша.  Мен Ұлттық комиссияның ең маңызды және қарастыратын негізгі мәселердің бірі – ол «Сайлау туралы» Заңға өзгерістер мен толықтыруларды енгізуі және ҚР Парламентінің сайлауын ұйымдастыруы екенін айттым.

 

4. ҚР Парламенті бойынша. Мен Парламенттің кем дегенде 50 пайызы мажоритарлық принцип бойынша, ал қалған 50 пайызы пропорционалды принцип бойынша қалыптастырылуы керек деген пікірімді білдірдім. Бірақ бұл жағдайда да сайлауға кем дегенде екі жаңа партияны жіберу мүмкіндігін енгізу керек».

 

...М.Сейсембай аталған кездесу кезінде осындай ұсыныстар білдіріпті. Сондай-ақ ол кездесу барысында әкімшілік істер бойынша рақымшылық жасау және митингілер кезінде ұсталғандарды босату мәселесі де назардан тыс қалмағанын айтады. Мар­ғұлан Сейсембай бұл іске байланысты «заңда әкімшілік істер бо­йынша рақымшылық жасау қарастырылмаған» деген жауап алғанын, мұ­ның сайлау кезіндегі уақытша шара екені, бүгін-ертең барлық ұсталғандардың босатылатыны туралы айтыл­ғанын да жеткізді.

 

«Тағы бірнеше шағын, техникалық мәселелер талқыланды. Жалпы, мен билік тарапынан жағдайды өзгертуге деген ниетті көрдім. Мен бүкіл про­цестердің әділ және ашық өтуін талап еттім. Негізінде билік тарапынан саяси реформалар қажет  және олар пісіп-жетілді деген түсінік бар. Сұрақ тек жылдамдық пен техникада ғана», – дейді Марғұлан мырза.

 

Осыдан соң желі оқырмандары халықтың билікке сенбейтінін айтып, мұны тағы бір саяси ойын деп, тіпті оның өзінің де алданып қалуы мүмкін екендігін айтып, жазбаның астына пікірлер қалдырған.

 

...Еске салар болсақ, Қасым-Жомарт Тоқаев 12-маусым күні билік пен қоғам арасында диалог орнату үшін Қазақстан Президентінің жанынан Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін құру туралы Жарлыққа қол қойған болатын.

 

М. ШУАҚ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ