Тексеруге барғандардың тегін ішіп-жеп, тайраңдауына тиым салынады

24.06.2019
Қаралды: 142

Таяуда ғана құрылған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев барлық қоғам белсенділерін келеңсіз факті­лерге мұқият назар аударып, хабардар етіп отыруға шақырды. Ол кісінің елге жасаған Үндеуінің жалпы мәтіні тө­мен­дегідей:

 

«Достар, өздеріңізге белгілі, Мемлекет басшысы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігін құру туралы шешім қабылдады. Бұл Қасым-Жомарт Тоқаевтың басым бағыттарының бірі – сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейтуді іске асырудың бастауы екендігін куәландырады.

 

Өзімнің жаңа саладағы алғашқы постымда мемлекеттік аппараттағы келеңсіз құбылыстардың бірі – ел ішіндегі іссапарлар барысындағы қызметшілердің теріс қылықтары және отырыс, алым-салық, дастархан жаю және сыйлық жасау қоса жүретін тамыр жайған төмен құрылымдарды жаппай тексерулерге назар аудартқым келеді. Бұл проблеманың өткірлігі әсіресе облыстық, аудандық және ауылдық деңгейдегі мемлекеттік қызметшілердің көптеген шағымдарымен расталады.

 

Аталған теріс тәжірибе өткеннің көзі бола отырып, адамдардың санасында терең тамыр жайған және отандық мемлекеттік қызметтің ұйымдастыру мәдениетін сипаттайтын норма сияқты қабылданады. Ал біз стандарттарына бой түзейтін ЭЫДҰ елдерінде мұндай мәселе жоқ, ешкім ешкімді қабылдамайды, тексерулер қашықтықтан бақылау есебінен жүзеге асырылады.

 

Түсінікті болуы үшін атап өткім келеді: Әрбір іссапар үшін тексерушілерге жол шығыны, жатын жай және тамақтану шығындарын жабатын жеткілікті қаражат бөлінеді. Алайда тексерушілер өңірлерге жол жүргенде бөлінген осы қаражаттан бір тиын да жұмсамауға айла табады. Жақсы қонақ үй нөмірі, күнделікті түскі ас және мас күйіндегі төбелестер түріндегі салдары бар, ең жақсы мейрамханаларда тұздалған қияры бар кешкі ас, қымбат сыйлықтар, монша және аң аулау – осының барлығы тексерілетін әріптестерінің жеке ақшасының есебінен. Бақылаушылардың тәбетін білетін жергілікті басшылар «жоғары деңгейдегі» басшылықты қарсы алу үшін бизнесмендерге көмек сұрап жүгінеді. Мұндай көмек ешқашан тегін болмайды және әрі қарай шенеунік тарапынан ерекше қамқорлыққа айналады. Мұның бәрі қалай аяқталатындығын еске салудың қажеті жоқ деп ойлаймын.

 

Әсіресе аумақтық мемлекеттік органдар Елорда және облыстық орталықтан келген қонақтар үшін қызықты әрі ерекше демалыс ұйымдастыру арқылы осы нәрсені қалыпты түрде қабылдап, тіпті қолдап отырғаны аса ренжітеді. Әдетте бұл министрге немесе облыс әкіміне арналған оң есеп беру, сондай-ақ жұмыста өрескел заң бұзушылықтарды бүркемелеу үшін жасалады. Бұл ретте осындай мінез-құлықты ұлттық дәстүр мен шенге бас ұрушылық, басшылыққа құрмет таныту арқылы ақтауға тырысатын адамдар бар екені таңқалдырады. 

 

Менің ұстанымым – бірегей-кәсіби және инновациялық мемлекеттік аппарат үшін бұл мүлдем ерсі. Бұл әдет мемлекеттік қызметтің негіз қалаушы қағидаларының беделін түсіреді және құнсыздандырады, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық қарқынын жылдамдатады. Осыған байланысты өңірлік іссапарларға, түрлі конференциялар мен семинарларға шығатын барлық мемлекеттік қызметшілерге, құқық қорғау және сот органдарының қызметкерлеріне, мемлекеттік кәсіпорындар мен ұлттық компаниялардың басшыларына айтарым: жоғарыда айтылған жайлар жұмыстан босатудан бастап бас бостандығынан айырудың нақ­ты мерзіміне дейін қатаң санкциялар көзделген өрескел заң бұзушылық болып табылады.

 

Бұл жағдай тексерушілерді қабылдаушы тарапқа да қатысты. Агенттік бұл мәселені жүйелі бақылауға алды.

 

Сонымен қатар, бюджет қаражатын ұтымды пайдалану мақсатында біз Үкіметке қашықтықтан мониторингке көшумен көшпелі тексерулерді оңтайландыру жөнінде ұсыныстар енгіземіз. Бұл жұмысты сапалы жүзеге асыруда азаматтық қоғам институттары маңызды рөл атқарады. Барлық қоғам белсенділері мен немқұрайлы қарамайтын азаматтарды осындай фактілерге мұқият назар аудара отырып, кез-келген ыңғайлы тәсілмен: менің поштама жазбаша түрде жүгіну (alіk.shpekbaev@gmaіl.com), әлеуметтік желілерде хабарлаумен немесе агенттіктің «1424» колл-орталығына қоңырау шалып, бізді хабардар етуге шақырамын». 

 

Т.Тұран.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ