Аманулла РАМАНҚҰЛ: «Сайлауға атсалысқаныма өкінбеймін»

24.06.2019
Қаралды: 187

Бүгінде жұртшылық арасында кешегі өткен кезектен тыс Президент сайлауында орын алған жайлар туралы әңгіме көп. Ал елдің саяси өміріне белсене араласып жүрген көзі қарақты азаматтар одан не көрді, көңілдеріне нені түйді, оған қандай баға береді? Осы орайда бізге кезінде партиялық қызметтер атқарған, бірнеше мәрте облыстық мәслихаттың депутаты болған, ой-пікірін әрқашанда бүкпесіз айтатын белгілі азамат Аманулла Раманқұловпен сұхбаттас болудың сәті түсті. Сайлау кезінде Шымкент қаласы мен Түркістан облысы көлемінде жүргізілген жұмыстарға белсене атсалысып, бейресми түрде басшылық еткен ол кісіге бірнеше сұрақтар қойдық.

 

– Аманулла Әмірқұлұлы, сіз Президент сайлауына түскен үміткер Әміржан Қосановтың штабында болып, сайлау науқанына белсене араластыңыз. Осы күндері қандай жайларды бастан өткердіңіз? Не байқадыңыз?

 

– Жалпы, біз бұл сайлауда Қосанов үшін күрескен жоқпыз, сайлаудың әділ, таза өтуіне ат­са­лысуды мұрат тұттық, солай бо­луын бақылауға әрекет жасадық. Сол үшін Ордабасыға жиналдық, жеті үміткердің қайсысын сайласақ та жүйені өзгерт­кіміз келді, билікті заңды жолмен халыққа әпергіміз келді. Сол үшін бақылаушыларды даярлап,  қажетті нәрселерді үйрет­тік.

 

Алайда сайлаудың әділ өтуі­не кепілдік беремін деген Президент сөзінде тұрмады. Сайлау таза өткен жоқ, құйтырқы әрекеттер көп болды. Оған мысалды, дәлелді көптеп келтіруге болады. Барлық дерлік сайлау учаскелерінде заң бұзушылықтар орын алды. Біздің бақылаушыларға жұмыс істеуге мүмкіндік бермеді. Кедергі келтірді, қор­қытты, үркітті. Соған қарамастан олар жанын салып, адал жұмыс істеді, тегін жұмыс істеді.

 

Алғашында штабқа жасы 30-дың үстіндегілер келсе, кейін одан кішілер де, үлкендер де келіп жатты. Мысалы, паспортын енді алған 16 жастағы бір бозбала келіп, бақылаушы болуға тілек білдірді. Қытайдан келіп оқып жатқан, ықтиярхатпен жүрген екі студент келіп, көмектерін көрсетті. Жасы 80-нен асқан ата-әжелер де келді. Бәрінің тілегі бір болды. Көп жерлерде қыз-келіншектер атсалысты. Жетісай жақтағы Ынтымақ деген ауылда Айнұр есімді келіншекке біреулер: «Осыны қойсайшы. Олар қанша төлеп жатыр? Біз одан көбірек бере­йік», – деп айтыпты. Сонда ол: «Миллиард берді. Сендер  бере­сіңдер ме?» – депті. Бір келіншек штабтағылар ашықпасын деп бір қазан палау басып әкеліп берді. Жалпы, осындай мысалдарды көп­теп келтіруге болады. Мен бұл азаматтардың барлығына да батыр деген баға берер едім.

 

– Ал өзіңізге ше, қандай да бір қысымдар жасалған жоқ па?

 

– Үй жақты күзетіп жүргендер болды. Өздерімен тілдестім, әрі жүріңдер дедім. Камераға түсіріп, «Ютубқа» салдым. Бір ағаларымыз арқылы тыныш жүр деп қоқан-лоққы жасағандар да болды. Мен бұлардың бәріне де ешқандай заң бұзып, ешкімді митингке шақырып жатпағанымызды, мақсатымыздың тек әділ, таза сайлау өтуіне атсалысу ғана екенін айттым. «Президенттікке кім сайланса да бірде-біреуіне заңсыз дауыс берілмеуі керек, фальсификация болмауы керек. Елдің өз ұстанымын білдіруіне жағдай жасалуы тиіс», – дедім.

 

– Сайлау кезінде орын ал­ған жайларға байланысты көңілде қандай да бір өкініш бар ма?

 

– Қазір жоқ. Негізі әу баста халық арасынан әйтеуір біреу шықса болды, қолдаймыз деген оймен кіріскен едік. Қосановтың телефон нөмірі жарияланғасын оған хабарласып, өзімді таныстырдым, қолдау білдіретінімізді айттым.

 

Негізі көкейде сол кездің өзін­де де күмән болған. Кейін орталық штабтың кей әрекеттерінің, Қосановтың үнемі телефон тұт­қа­сын көтермеуінің, аудандарға шықпақ болғанымда орталықтағы адамдардың телефон шалып, тоқтатып отырғанының се­бебін түсінгендей болдым. Олар сөйтіп белсенді әрекеттен басынан-ақ тартына берді. Бірақ бәрібір де, қандай жолмен болса да көмектесуді шештім. Оған қарамай жұмыс істей бердік. Өйткені мен үшін керегі Қосанов емес, маған керегі елдің оянғаны еді.

 

Негізінен Қосановқа жұрт көп жерде артық дауыс берген, оған дәлелдер бар. Ал олар ауыз жаласып, келісіп, алдағы Парламент сайлауына барамыз де­генді айтып отыр. Енді оларға бір адам да дауыс бермейді.

 

Бұл жайдан соң өзіміз зорға ес жидық. Сайлауға бақылаушы болып, белсенді түрде атсалысқан азаматтар да ес жиып жатыр.

 

Жалпы алғанда, біз Қосановтың да, Тоқаевтың да қандай екенін көрдік, көзіміз жетті. Негізі менің Тоқаев туралы пікірім жақсы еді. Текті жерден шыққан, шетелдерде жұмыс істеген адам ғой, оған қарсылығым жоқ. Бірақ мына жерде, кім біледі... сондай болды. Сеніңкіремей қал­дық. Қоғамдық кеңес құрамын, өйтемін, бүйтемін деп отыр ғой. Дегенмен ол вариантты да біраз келісіп көруге болады. Ақырындап бір-екі қадам алға бассақ та жаман емес.

 

Ең бастысы, ел билікке өзінің күшін көрсетті. Халық жеңді, бі­рақ ол қазір кімге сенерін білмей отыр.

 

Дегенмен саясат бірден тү­зел­мейді, шыдам, төзім керек. Соны көрсек жақсы болар еді. Ұрпаққа дұрыс жүйе қалдыра­йық деп жүрген адамдармыз.

 

– Сайлау науқанында қо­мақты қаржы жұмсалатыны белгілі. Осы орайда сіз­дер­ге материалдық қолдау көр­сеткендер болды ма? Өзі­ңіз қандай демеушілік жасадыңыз?

 

– Ешкім де қаржылай қолдаған жоқ. Әркім қажетті ақ­шаны өз қалтасынан шығарды. Мен бақы­лаушылардың қо­йын кітап­ша­сын жасатып бер­дім.

 

– Жалға алынған ғимарат ақысын кім төледі?

 

– Оған менің қатысым жоқ. Бес-алты жігіт бірігіп, ортадан шығарған болса керек.

 

– Негізі Қосановқа Шымкент қаласы бойынша қанша қол жинап берген едіңіздер?

 

– Бір жарым күнде 4 мыңдай болды.

 

– Қажетті 120 мың қолға жеткізуге билік жәрдемдесіпті деген сөз бар...

 

– Ол жағын білмедім. Барша жұрт айтып жүрген болжам ғой ол. Біз Қосановқа қаладан 4 мың қолды таза өз әрекеті­мізбен жинап бердік.

 

– Ал сайлаудан соң Қосановпен сөйлесе алдыңыз ба?

 

– Жоқ. Науқан кезінде де, одан кейін де бірнеше мәрте телефон шалдым, көтермейді. Бір кластас қызы бар екен, сол арқылы да байланыспақ бол­ғанымнан ештеңе шықпады.

 

Жалпы, не болса да өздері­нің ар-ожданына қалдырдым.

 

Осы орайда мына жайды айта кетейін: Шымкенттің Байтулы баба көшесіндегі №32-ші сайлау учаскесінде өзімнің ұлым Ғани бақылаушы болған, сондағы дауыс беруді әділ өтті деу­ге болады. Алдында өзім барып, сайлау комиссиясындағыларға сайлауды әділ өткізейік деп айтып кеткенмін. Сайлаушылар сол жерде Қосановқа Тоқаевтан көп дауыс берді. Бұл учаскеде 2800 шамасында сайлаушы бар екен, сайлауға соның үштен бірінен сәл ғана асатын адам барып дауыс берді. Осыған қарап-ақ Тоқаев алды деген 77 пайызға күмән келтіруге болады. Ал Шым­кент қаласы мен Түркістан облысы бойынша 1049 сайлау учас­келері жұмыс істеді. Соның бәрі­не сайлаушылар түгел барып, көбі Тоқаевқа дауыс берді дегенге сену қиын.

 

– Жалпы, бұл сайлау нау­қанынан қандай ой түйдіңіз?

 

– Сайлау кезінде халық өкілдері әр жаққа тартпай, бірігіп әрекет еткенде мұндай болмас еді. Әбләзовті қолдайтын радикалдар митингке шақырды, бойкотшылар сайлауға бармауға үндеді, біз сияқтылар күдік-күмән бола тұра сайлауға барайық, дауыс берейік, бақылаушы болайық, сайлаудың әділ, таза өтуіне атсалысайық деді. Өкі­нішке орай, жұмысымыздың ой­да­ғыдай жүруіне мүмкіндік бер­меді. Бәріміз біріккенде, Қосановтың қолынан түсіп бара жат­қан туды өзгелер құлатпай көте­ріп ала кеткенде, сайлаудың әділ өтпегенін дәлелдеуге атса­лыс­қанда мұндай болмас еді. Бә­рі не болса да бірге кө­рейік дегенде басқаша болар еді деп ойлаймын.

 

– Сізді партия құрмақ екен деп естідік...

 

– Біздің жасымызда партия құру деген утопия ғой. Бір өзімде мүмкіншілік жоқ. Мен оны жал­ғыз өзім қалай құрамын? Біреу­лер партия құрамын деп жатса, оның мақсат-мұраты, іс-әре­кеті ойдан шығатын болса, заң шеңберінде жұмыс істейтін прагматик ретінде оны қолдап, кө­мектесуге дайынмын. Партия құрылса, қосыламыз деп айт­қанмын. Сайлауға атсалысқан азаматтар да партия ашылса, көмектесеміз деп отыр.

 

– Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңіз үшін рахмет.

 

Сұхбаттасқан – Д. НҰРПЕЙІС.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ